Қабылдауға келген тұрғындар әлеуметтік, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларында туындаған түрлі мәселені көтерді.
Шым сити шағын ауданының тұрғыны «Эмирмед» медициналық орталығының қызметкерінен дөрекілік көргенін айтып, наразылық білдірді. Бұл мәселе Денсаулық сақтау басқармасының басшылығына жеткізіліп, дөрекілік танытқан қызметкерге жазбаша ескерту берілді.
Игілік шағын ауданының тұрғыны тұрғын үйге қатысты сұрақ қойып, мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес алды. Депутат оған баспаналы болудың жолдарын түсіндіріп, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етті.
Ақтас шағын ауданының тұрғыны газ мәселесі бойынша көмек сұрады. Азаматтың айтуынша, оның жеке есепшоты екі рет тағайындалған. Бұл мәселе бойынша депутат «ҚазТрансГаз» мекемесіне хабарласып, мәселенің толық шешімін табуға көмектесті. Сонымен қатар депутат Лазиз Сулайманов жеке қаражаты есебінен бірреттік әлеуметтік көмек көрсетті.
Бұл қабылдау шарасы қала тұрғындарының өз мәселелерін тиісті органдарға жеткізуіне мүмкіндік беріп, азаматтарға қажетті көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған болатын. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі мен депутаттың тұрғындармен тығыз жұмыс істеуі олардың күнделікті мәселелерін тиімді шешуге ықпал етеді.
Ә.САМАТҰЛЫ