Көктем уақыты еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде үлкен мәнге ие. Мәселен, Мәжіліске өткен 8 сайлаудың 4-еуі осы мезгілге тұспа-тұс келген екен.
Гүлдара Нұрымова, Мәжіліс депутаты: Отбасы институты нығайса, безбүйрек бала болмайды
1,061
оқылды

Ал қазіргі VIII шақырылымға сайлау жаңа жүйемен тура екі жыл бұрын 19 нау­рызда өтіпті. Ондағы 98 депутаттың 18-і – әйел адам. Мерекеге орай осы нәзікжанды халық қалаулыларының ішінен біз «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованы мерекелік сыр-сұхбатқа тартқан едік.

– Гүлдара Алданышқызы, сізді және депутаттар корпусындағы әйел азаматшаларды оқырмандар мен редакция атынан бүгінгі мере­кесімен шын жүректен құттықтай­мыз! Сіздерге барлық жақсылық­тар­ды тілейміз, ел дамуы жол­ын­дағы еңбектеріңіз жемісті болсын! Сөз басында, өзіңіз қызмет ететін Мәжіліске соқпай кетпей болмас, ендеше төменгі палатаның осы 2 жыл­дағы жұмысына қандай баға беруге болады деп ойлайсыз?

– Көп рахмет. Иә, көктем келіп, көк тебіндеп, табиғат ана түрленетіні секілді, еліміздің қо­ғам­дық-саяси өмірінде де жаңа бет­бұрыстар жасалатыны рас. 2023 жылғы наурыздағы науқанда мен Жамбыл облысындағы бір мандат­ты №16 аумақтық округ бойынша Мой­ынқұм, Шу, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Байзақ және Сары­су аудандарынан VIII шақы­р­ылым депутаты болып сайлан­дым. Аталған аудандардың әлеу­меттік-экономикалық жағдай­­лары бойынша туындаған өзекті мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып келемін.

Мәжілістің соңғы екі жылдағы жұмыс қарқыны жоғары. Мәсе­лен, былтырғы жылдың өзін айтар болсақ, 2024 жылы сессия бастал­ғалы 106 заң жобасы қаралды. Оның ішінде, палата 37 заңды қабыл­дады, оның 19-ына Мемлекет басшысы қол қойған болатын.

Мәжіліс қанаты әлеуметтік әділ­дік орнатуға бағытталған заң­дарды қабылдауда еселі еңбек етіп жатыр. Атап айтқанда, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен ұр­лан­ған активтерді қайтару туралы заңды айрықша атап өтуге болады. Былтырғы жылдың басында бала­лардың жинақтаушы есепшот­тарына алғашқы кіріс түсе баста­ды. Бұл бұрын болмаған керемет жоба, балалардың алаңсыз білім алуына жол ашатын жарқын бастама болды. Ал қолды болып, ел­ден заңсыз шығарылған актив­тер қазынаға қайтарылып, оған маңызды әлеуметтік нысандар тұрғызыла бастады. Сондай-ақ былтыр ел жастарын сырт елдерде білім алуына жағдай жасаған нор­малар бекітілді. Бұдан былай халық­аралық олимпиадалар мен ғылыми конкурс жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша шетелде оқуға түсе алады.

– Осы уақытқа дейін депутат ретінде қандай мәселелер көтер­діңіз? Қанша депутаттық сауал жол­дадыңыз? Қанша заң жобасын әзір­леуге атсалыстыңыз? Солардың ішінде жүзеге асып жемісін беріп жатқандары бар ма?

– Әртүрлі әлеуметтік, мәдени­ет пен медицина тақырыбы төңір­егіндегі мәселелерді көтеріп кел­емін. Бүгінге дейін 25 депутат­тық сауал жолдадым. 30-ға жуық жұ­мыс тобының мүшесі болдым. Мәселен, бұған дейін медицина мамандарын даярлау мәселесі көтердім, өйткені кадр жетіспейді. Әсіресе, ауылды жерлерге баратын маман аз. Мәселен, бұрын маман­дар­ды мамандығы бойынша оқы­ту ұзақтығы 7 жыл болса, бүгінде 10-12 жылға созылады. Арнайы маман­дарды (көз дәрігері, ЛОР, хирург, т.б.) жеке мамандықтар бойынша қайта даярлау мерзімі де 4-6 айдан 2 жылға дейін ұзарып кетті.

Мәжілістің әлеуметтік-мә­дени даму комитетіндегі әріптес­тері­міз­бен бірге лудоманияға қарсы жаңа заң жобасын дайын­дап, ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзету­лерді бірінші оқылымда мақұл­данды. Президент қол қойды. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы Мәжілісте қаралды. Заң аясында дәстүрлі от­басылық құндылық­тарды қор­ғау, сақтау, нығайту және ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. Бірнеше бағыттағы заң жобалары Мемлекет басшысының тапсыр­масын іске асыру мақсаты­мен әзірленді. Ал жуырда Парла­мент Мәжілісіне мен бастамашыл болған «Қолөнер туралы» заң жобасы түсетін болады. «Қолөнер­ді қолдау керек!», «Қолөнершілерге қаржы бөлу керек» деп Мәжілісте бірнеше рет депутаттық сауал жол­дадым.

Парламент қабырғасында мә­селе көтергеннен бөлек, аймақ­тар­ды да жиі аралаймыз. Әсіресе, бірмандатты округтен сайланған депутаттар өз өңірлеріне қатысты өзекті проблемаларды көтеріп, аудандарға барады. Менің сайлау­шыларым Жамбыл облысындағы №7 ауданнан болғандықтан сол аудандарда тұратын халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселе­сін көтеру үшін жұмыс сапарымен жиі сапарлаймын. Астын сызып айтатын өзекті проблема бір-екеу ғана емес. Елді алаңдатқан мәсе­ленің барлығы өзекті. Сон­ың ішінде Жамбыл облысында су мәселесі өткір тұр. Менің тікелей араласуыммен, соңына дейін қайта-қайта қозғау салып, ақыры шешімін тауып жатқан жұмыстар көп. Тұрар Рысқұлов ауданы Жар­лысу ауылында, Мойынқұм ауда­ны Қылышбай ауылында ауызсу мәселелері шешіліп келеді. Ал Шу ауданында суармалы су жоқ бол­ғандықтан, дихандар 6 жыл бойы жерге дән себе алмай келеді. Нақты айтқан­да, Дулат ауылдық округі, Қонаев, Бөлтірік және Балуан Шолақ елді мекендерінде 2019 жылы тозып кеткен 15 су арнасында жөндеу жұмысы бас­талған. Бірақ құны 3 жарым млрд теңгеге жуықтайтын жоба тұралап қалған. Мердігер түрік компания­сы жұмысына салғырт қараған­дық­тан шеттетіл­ген. Сондай-ақ Андреевка, Қал­ғұтты, Киров ка­нал­ын жаңғырту жұмысы атүсті жүргізілген. Халықпен кездесуге барып, сол жерге Су ресустары және иррига­ция министрлігі қызметкері, мердігер ирандық компания өкілі, Иррегациялық-дренаждық жүйе­лерді жетілдіру (ПУИД) бағдарла­масының ма­мандарын шақырт­тым. Жиын­нан кейін компания тарапы ма­мыр­ға дейін уақыт сұрады. Көк­темнің соңғы айында сапалы су арнасын саламыз деп сендірді. Бүгінде жұмыс жүріп жатыр. Әрине, соңы­на дейін менің де бақылау­ым­да болады. Одан бөлек, Шу қаласын­да шуға айналған емхана мәселесі, Марат Ос­панов атын­дағы Батыс Қазақстан  медицина университеті­нің даулы мәселесі оң шешілгенін айта кеткім келеді. 

– Енді мереке ғой, әйел заты­ның тақырыбын қозғамай кетпеуге болмас. Жалпы, Қазақстан қоғам­ын­да әйел баласының орны қандай деп баға беруге болады? Саяси өмірде, мәселен Мәжілісте, қоғам­дық өмірде, басқа да салалар­да олар өз мүмкіндіктерін қанша­лық­ты жүзеге асыра алып жатыр деп санайсыз? Әлі де ашылмай жатқан потенциал, айтылмай жатқан проблемалар бар ма?

– Бүгінгі Қазақстан қоғамын­да гендерлік теңдік кең қанат жайып отыр. Президентіміз де әйелдер қоғам өміріне және елдің жан-жақты дамуына зор үлес қоса­ты­нын әрдайым айтып ке­леді. Гендерлік теңдікті қамтама­сыз ету, әйелдер құқығын қорғау – біздің «AMANAT» партиясының негізгі ұстанымдарының бірі. Бұл бағытта партияның Әйелдер қанаты белсенді бастамалар кө­тер­іп, жарқын жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – TOMIRIS жобасы. Оған соңғы үш жылда 120-ға жуық әйел қатысып, олардың 35-і мәслихат депутаты атанды. Басты мақсат – қоғамда әйелдердің саяси белсенділігін арттыру. Әйелдер қанатының бастамасымен әйелдер құқығын қорғауға негізделген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Елі­мізде алғаш рет психологиялық қызмет туралы заң жобасы әзір­ленді. Ал бюджет саясатына ген­дерлік бюджеттендіру ұғымы енгізілді. Айта кетейін, бүгінде Әйелдер қанаты 10 басым бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Оның ішінде нәзікжандылардың саяси көшбасшылығын қолдау, тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу, т.с.с. бар.

– Мереке қарсаңызда оқырман үшін өзіңіз туралы білген де қызық болар. Өмір жолыңызды медицина саласына арнаған жан екеніңізге қанықпыз. Өзіңіз туралы, отба­сыңыз туралы айтып берсеңіз?

– Өзім туралы айтар болсам, өмірбаянымнан бастағаным жөн шығар. Медицина және экономи­ка салалары бойынша ЖОО бітір­генмін. Медицина ғылымдарының кандидатымын. Студенттік ша­ғым Арқа жерінде өтті. 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын терапевт-дәрігер ма­ман­дығы бойынша бітірдім. Ал­ғашқы еңбек жолымды Тараз қалалық ауруханасында дәрігер болып бастадым. 1993-1998 жылдары Теміржол ауруханасы­ның дәрігері, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып, кейін 1999-2020 жылдары «Мейір­ім» медициналық орталығын ашып, жұмысын жолға қойдым.

Былтыр отбасымның тірегі, отағасы Қайрат екеуіміздің отау құрғанымызға 35 жыл толды. Біздің алтын асықтай екі ұлымыз, ибалы, текті келіндеріміз бен құл­дыраңдап өсіп жатқан немерелері­міз бар. Жұбайым екеуіміз үлкен өмірге аяқ басқан алғашқы жыл­дары қиындық пен түрлі сынақтан өттік. Дегенмен бір-бірімізге деген қолдаудың арқасында қуанышымыз көбейіп, жеңісіміз артты.

1988 жылы Қарағанды мемле­кеттік медицина институтын бітіріп, Таразға келген күнім әлі есімде. Қалалық аурухананың Инфаркт бөлімінде жұмыс істеп, интернатураны өтіп жүргем. Сол кезде жақындарының жағдайын сұрай келген сымбатты әрі жай­дары жігітпен таныстым. Сол сәт – жарымды жолықтырған күн екен. Жалынды жігіт пен жас қыз бір жылдай кездесіп жүрдік. Содан бері әзілдеп «Жүрек бөлімінде істеп жүріп, жүрегімнің Иесін жолықтырғанмын!» деп айтамын (күлді). Содан бері қос жүрек қатар соғып келеді, шүкір!

Сол өткен жолдар мен өтпелі жылдарға қарап отбасын құру мен сақтауда сыйластық, түсіністік пен төзімділік маңызды екенін түсінесің. Мені қашанда қолдап, түсіністік танытқан, сүйікті ісім­мен айналысуға мүмкіндік берген жарыма алғыс. Қайрат мені биз­несте, саясатта, қоғамдық өмір­­де жеке тұлға болып дамуым үшін дем берді. Отбасымыздың аман­ды­ғы, ошағымыздың бүтін­дігі бізді бақытты етеді.

– «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деп жатамыз. Жалпы, еліміздегі ұрпақ тәрбиесі мәселесін Мәжіліс депу­т­аттары аз көтеріп жүрген жоқ. Жаһанданудың салдары бар, озық технологиялық процестердің әсері бар, бүгін мен болашақтың сабақ­тас­тығы хақына бір сындарлы шақ туып тұрған сияқты. Ендеше ең бірін­ші кезекте ана ретінде жас ұр­пақтың тәрбиесіне қатысты не айтар едіңіз?

– Бүгінгі жаһандану дәуірінде барлық бағытта қарқынды даму, көш ілгері кетудің көріністері анық байқалады. Осындай заман­да өмір сүріп жатып ұрпақ тәрбие­сін ұмыт қалдыруға болмайды. Жаңаша өмір сүрудің формуласын іздеп, сан-саққа жүгіріп, айрандап ұйып отырған отбасылардың шырқы бұзылып жатқаны да жа-

с­ыр­ын емес. Білімсіз коучтардың, парықсыз психологтардың «пәт­уа­сына» арбалып, санасы уланып жатқандарды да көріп жүрміз. Ықылым заманнан қазақ отбасын ене мен келіннің жарасымдығы мен сыйластығы сақтап келеді. Ал дәстүрден жаңылмай, сыйласып өмір сүріп жатқан шаңырақтарды кей жағдайда сөзі сатулы коучтар келіп берекесін бұзып жатыр. Бар­лығына бірдей топырақ шашудан аулақпын, бірақ олардың біразы бүгінгі буынды қазақы менталитет қабылдай бермейтін қалыпқа салғысы келеді. Мысалы, «Сен ата-анаңа қарайласуға, көмек­тесуге міндетті емессің, таста да кет!» деген пайымдағы посттар желіде жиі кездеседі. Бұл отбасын бұзуға, ошағыңды шайқалтуға шақ­ыра­тын «үгіт-үндеу» дер едім. Жастар осындай ойлардың жете­гінде кетіп, адаспаса деймін. От­басы институты нығайған кезде ғана тасбауыр әке, көкек ана, без­бүйрек бала болмайды. Ал көк­темнің гүліндей жайқалып өсіп келе жатқан жастарымыз – ертеңгі ел тұтқалары, сондықтан оларға айтарым өнегең жақсы болсын, сонда ертеңге айтар өсиетің де терең болады. Жастар білімге ұмытылу керек. Оқығанның аты оқыған. Сауық-сайранмен жүре беретін уақыт өтті.

– Сөз соңында әріптестеріңізге, бүгінгі мереке иелері – әйелдер қауымына не тілек айтар едіңіз?

– Аяулы аналарды, ардақты аруларымызды, қыз-келіншектер қауымын бүгінгі 8 наурыз – Халық­аралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйел-Ана – тіршіліктің тамыры, өмірдің өзегі. Сіздермен әлем жарық, айналамыз шуақты. Бүгін­де әйел азаматтар қоғамдық және мемлекеттік жұмыстардың барлық сатысында белсенді. Қыз-келін­шектер қауымының еселі еңбегі мен қажырлы қайратының арқа­сын­да еліміз гүлденіп, демогра­фия­мыз дамып келеді. Сондықтан аруларға айтар алғысым шексіз. Көктеммен бірге келген осынау шуақты мерекеде жүздеріңіз нұр­ға, жүректеріңізді жырға бөленсін! Отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау болсын! Мерекеден мерекеге жете берейік!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Нұрлан ҚОСАЙ