Абай өзінің өлеңдері мен өсиеттерінде қыз баласына ерекше көңіл бөліп, құрметпен қарағанын аңғаруға болады.
Абайдың қыздары
5,359
оқылды

Қыз баласына деген тәлім-тәрбиесі де ерекше назар аударатын тұс дер едік. Өзінің кіндігінен туған қыздарын оқытумен бірге жақын-жуықтарының да қыздарын алға шығарып, оқытып, танымын байытуда үлкен еңбек сіңірген. Абайдың қыз баласына деген көзқарасынан оның әке ретіндегі даналығы, әкелік келбет-кескіні ашылары кәдік.

Абайдың қыздары шеті­нен ақынның ақыл кені­шіне қан­ғаны, көзі тірісінде бай-манап­тың ұрпағы һәм үрім-бұтағы деп қуғын мен қудалауды қатар көр­се де өжеттікпен күрес сал­ғаны үзілмес үлгі-өнеге. Осы бір қайратты жандар білім мен ғылымды, өнер мен мәдениетті әкесі Абайдан сіңіріп қана қоймай, өзі үшін ғана емес өзгенің пайдасы үшін де аянбай тер төккен. Бұл жандар Абайдың қыздары деген аяулы атқа өле-өлгенше лайық болып қазақ ән өнерін, руханияты мен білімін және де өздері жан сала қызмет атқарған салада жанкештілікпен әке Абай сіңірген өсиетті жұ­лын-жүйкесі мен көңіл-жүре­гімен сезінді.

Абай Құнанбайұлының өмір­лік серіктері Ділдә мен Әй­герімнен туған қыздары – үшеу. Бірінші әйелі тектінің сарқыты Ділдәдан Күлбадан, Райхан және екінші әйелі, әнші Әйге­рім­нен туған қызы – Кенже. Абайдың үлкен қызы Күлбадан 1862 жылы туған. Ақынға әкелік сезімді сезіндірген тұңғыштың жалғасы, Абай отбасында шыр етіп өмірге келген екінші сәби осы – Күлбадан. Абай үлкен қызын жастайынан білімге бау­лып, көп білуіне барынша жағ­дай жасайды.

Абай Күлбаданды бауыры Мағауиямен қосып, Семейдегі «приходский школға» оқуға бер­ген. Ескіше сауат ашумен қоса, орыс білімін де сіңірген. Ол гармон аспабында ойнауды да үйренген. Күлбаданның қала­дағы оқуының аяқсыз қалуына екі себеп айтылады. Соның бірі: «Абай еркек балаларымен бірге қызын да шоқындырып жүр» деген өсек тарайды. Оған ақын көңіл бөлмесе де, ұлы Мағауия ауыр қабылдап, оқуға жүргелі тұр­ған шағында әкесіне: «Сабақ­ты жөндеп оқи алмай жүр, өзі ұқпайды, маған бөгет болды» дегенге саяды. Екіншісі, Ма­ғауия­ның өкпесіне суық тиіп қатты ауырып, ауруханаға түседі. Күлбадан: «Мағауия жазылып школға барғанша мен де оқы­маймын», – деп сабаққа бармай қояды. Бір айдан кейін Мағауия тәуір болып шықса да енді Семейде тұрып оқуға жарамай­ды, «өкпесі қарайған» деп дәрі­гер қорытынды шығарады. Сон­дықтан қырдағы үйіне қайтқан Мағауияға қосылып, Күлбадан да елге оралады.

Күлбадан Абайқызы ке­йін ел ішіндегі әкесінің замандасы Дүт­бай Уандықұлы­ның інісі Дүй­­секеге тұрмысқа шыққан. Дүй­секе өлген соң ол әмең­герлік жолмен Дүтбай есі­гін аттайды. Дүйсекеден Хамза деген жалғыз ұлы болса, Дүтбай­дан – Мүкен, Мұхтар, Мүштар, Мәкен, Қади­ша деген балалар тараған. Же­тпіс­ке қараған ша­ғын­да 1932 жылдары ашар­шы­лық кезеңінде бақиға көшкен.

Ақынның екінші қызы Рай­хан 1871 жылы, яғни Абайдың 26 жа­сын­да дүние есігін ашқан. Апайы Күлбадан секілді қалаға ба­рып хат танымаса да, әкесі айтқан ақылдан, терең тағылымнан қағыс қалмаған. Аға сұлтан Құнан­бай дәс­түрімен Өскенбай тұқымы ауыл басына бір молда ұстап, еркек ба­лаларын ескі­ше оқытуды салт қылған. Алайда Абай жаңадан жол көрсетіп, өзінің қыздары Райхан, Күлбадан, бауыры Ысқақтың қызы Рахима, Ызғұт­тының қызы Хади­ша, Мүрсейіттің қарындасы, Мыр­за­ханның қызы, тағы бірнеше көр­шілерінің қыз­дарын Кішкене молдаға оқыттыр­ған. Ескіше сауат ашқан Райхан 1889 жылы Серікбай баласы Құдай­бергенге ұзатылады. «Бәрі жолаушы кеткенде әкеммен екеуіміз ғана үйде қалдық. Бұл жылы әкемнің белсеніп қалам жо­лына кіріскен жылы екен» деп ес­телік қалдыратын Турағұл сөзі осы тұсқа келеді.

Ел ішінде Райхан Абай­қызының әкесіне қатысты естеліктері мен сөздері қалған. Абай құдасының жұртына жиі барып тұрған. Найман еліне арнайы қонаққа барып ақын тоғызқұмалақ ойнаған. Өзі ұтса «ми ұтады ғой», қарсы жағы ұтса «тақ­тай баққан, ойын аңдыған қу ұтады ғой» деп елді ду күлдіріп отырады екен. Абайға 1892 жылы бауыры Оспан­ның, 1895 жылы бауыр еті баласы Әбдірахманның өлімі ауыр тигені белгілі. Қызы Райхан да Абай­дың көңіліне дық салып, жү­ре­гіне сал­мақ түсірген, жеке басы­ның қай­ғысын арттырып, 1896 жылы дүние өткерген.

Абайдың тағы бір қызы, он ба­ла­ның кенжесі – 1901 жылы өмірге келген Кенже Абайқызы. Шешесі – ақынның екінші жары, өнерпаз Әйгерім. Кенже де жастайынан алдыңғы әпкелері сияқты ақынның ақыл дариясынан кенде қалмай, бір жағы анасына тартып, өнердің қыр-сырын ерте жастан ұққан. То­бықты ішіндегі алтыбақан, ойын-сауық кештерінде Абай әндерін орындап көпшілік құрметіне бө­лен­се, тағы бір жағынан әкесі Абай­дың ән мұрасының кең етек жаюына, оның халық арасына тара­уына көп үлес қосқан. Абайдың ел арасына тараған әндерін нәшіне келтіре орындаған.

Оның әншілік қасиеті жайын­да Ахмет Әуезов: «Ал­тыбақан көбінесе Әйгерім апам­ның ауылында құры­лушы еді. Сондағы алтыбақанның иесі Абайдың қызы Кенже болатын. Өзі де әнді сызылтып, әдемі салу­шы еді. Кенже әнін естіген Мұхтар­дың жаны тағат таппайтын, сол алты­бақан ойыны ғана емес, ән әуе­ні жанымызды тербеп, билеп алатын» деп еске алады.

Кенже 1914 жылы Мұсабайдың інісі Әубәкірге ұзатылып, үш-төрт айдың ішінде күйеуі қайтыс болып жесір қалады. Артынша атақты Ға­бит­хан молданың шөбересі Сләм­ғазымен отау көтереді. Бес-алты жыл ішінде екі баласы өмірге ке­леді. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қожа-молданы қудалаған апалаң-топалаң тұсында қуғынға ұшырап, кедейшіліктің зардабын шегіп, Қырғызстан жақта Фрунзеде жүрген ағасы Турағұлды пана тұ­тып, сонда барады. Бар дүние-мүлкі тәркіленіп, Кеңес одағының озбырлығын көрген ағасының да осы кезде маңдайы шылқып жүр­ме­гені анық. Десе де, Кенже Абай­қызы 1931 жылы Семейдің Түйе­мойнақ аралында оққа ұшқан ағасы Мекайылдың балалары Құзайыр, Қалышермен бірге Тоқпақ деген жерде тұрған. Тұрмыстың тауқы­метін көтере алмай, ашаршылық шағында 1932 жылы көз жұмған. Кенжені соңғы сапарға ағасы Тура­ғұлмен бірге сол жаққа қуғындалып барған тағы бірнеше Абай ұрпақ­тары шығарып салған.

Абай өзінің қыздарын ғана емес, немерелері мен келін­дерін де ерекше қамқорлыққа алып, атасы әмбе әкесі ретінде аялы алақанына салып алған. Осын­дай жандардың бірі – ақын­ның қырық жасында 1885 жылы өмірге келген немересі Бәкизат Ақылбайқызы. Бәкизат жастайы­нан ағасы Әубәкір екеуі Оспанның бауырында, Ерке­жанның қолында тәрбие көрген. Оспан дүние салған­нан кейін Бә­ки­заттың тәрбиесі Абайға көшкен. Абайдың Бәки­затқа пейілі ерек болған. Жасынан жазу-сызуға зе­рек қызына «Бәки­затым шұбарсың» деп өлең арнаған. Ол өлең ақынның кейіннен та­былған өлеңдерінде 1961 жылы Абай Құнанбайұлының толық шығармалар жинағында ба­сылған. Бәкизат Абай жазған өлең­дерді қызыға оқып, құмарта тың­дайтын болған. Біз сөз етіп отырған өлеңде кішкене қыздың ерке қы­лы­ғына қуанған әке мейірі мен­мұндалайды.

Бәкизат 1902 жылы Шаған бо­лысының адамы Сыпатай Молда­байұлына күйеуге шыққан. Өзіне жасау ретінде берілген Абай үйінің, Ұлжан, Еркежанның біраз дүние-мүлкін соңғы сағаты соққан­ша ая­­лап өткен. Бәкизаттың қызы Бәзила 1948 жылы жаңадан ашыл­ған Абайдың Жидебайдағы музей-үйіне осы аталған жәдігерлерді табыс еткен. Абайдың тұңғышы Ақылбайдың Бәкизаттан басқа Рухия мен Сағадат есімді қыздары болған. Абайдың немересі Сағадат Ақылбайқызы 1908 жылы 24 жа­сында және Рухия Ақылбайқызы 1920 жылы 23 жасында жастай қай­тыс болып кеткен.

Осы тұста жөн-жоралғы бойын­ша Абайдың немере келіні, Әубәкірдің әйелі Кәмәш (Кәмәлия) туралы да айтқан жөн болар. Ол Абай шаңырағына небәрі 17 жаста келін болып түскен. Кәмә­лияға Абайдың көрсеткен әкелік құрметі тіптен бөлек. Естелік қал­дыр­ған ол Абайдың кішіге деген ізетін ерекше егіліп еске алады. Бұған қоса, Абай айналасына қа­тыс­ты және ақын­ның мінез-ма­шықтары туралы сөз қалдырған. Қайынатасы болса да Абайды өмір бойына «Әке» деп өт­кен.

Жас күнінен Абай өсиетін ұғын­ған жан Рахила Әбдірахман­қызы 1894 жылы туған. Абайдың ғана емес, бар Алаштың аяулы Әбішіне айналған Әбдірахманның қызы. Рахила Абай әндерін наси­хаттаушы, ел арасына таратушы­лардың бірі екеніне талас жоқ. Әкесі Әбіш пен шешесі Мағрипа (Мағыш) жыл аралатып дүние салғанда Рахила тұл жетім қалады. Әжесі Ділдә мен ағасы Мағауияның бәйбішесі Дәмөгейдің тәрбиесінде бой жетеді. Ұзатылар мезетінде ойшыл ақынның өлеңдері жазыл­ған қолжазба дәптерді өзімен бірге ала кеткен. Дәл сол дәптерді Абай­дың өмірі мен өлеңдерін зерделеуде Мұхтар Әуезов кәдесіне жаратқан.

Рахиланың күйеуі Бәстами Мұ­сабайұлы – Абай ауылының мол­дасы Махмұттың шөбересі. 1917 жылы Ойқұдықта көрерменін ой­ландырған Мұхтар Әуезовтің «Ең­лік-Кебегінде» өнер көрсеткен. Ра­хи­ланың қос ұлы Инғам мен Иһсан екінші дүниежүлік соғысқа қатысқан.

Абайдың немересі Уәсила Ма­ғауия­қызы – 1890 жылы туған, бір жасынан бастап ақынның өз қолында өскен немересі. Ол да өзге немерелері сияқты Абайды әкесін­дей көрген. Уәсила жас­тайы­нан алғыр болып, Абай өлеңдерін бір естігеннен кейін қайталауды қажет етпей жатқа соғатын болып­ты. Уәсила әкесі Абайдай өлең шы­ғар­ған ақын, он саусағынан өнер тамған ісмер кісі болыпты.

Абай туралы жазылған жоқтау жыры 1990 жылы «Боздағым» атты жинаққа енген. Ол Алматыдағы опера және балет театрында ұзақ жылдар бойы тігінші болып, ұлттық киім үлгілерін тігіп, театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Әкесі өлгенде он үш жасында жетім қалған Уәсила Абайдың мінез-ма­шығы хақындағы әңгімелері абай­тану саласының аясын кеңейтіп, ақынның шығармашылығы мен өмір жолы жайындағы сырларды жалпақ жұртқа жарияға шығарды. 

1900 жылы туған Кәмила Ма­ғауияқызы – молдадан ескіше сауат ашқан ақын немерелерінің бірі. Әйгілі М.Әуезовтің аяулы жары. Зұлмат жылдарында ерлі-зайып­тылар ажырасуға мәжбүр болған. Кәмила да Абай әндерін орындау­шылардың бірі. Мұхтармен екі айырылған тағдырын арқау етіп жазған арнауларынан ақындық қасиетін, жанының тазалығын әйгілейді. 1932 жылы Уба-Форпост деген жерде ағасы Жағыпардың қолында қайтыс болған. Сүйегі Шульба ГЭС-сы салынатын тұста қазып алынып, Ақшоқыдағы Құ­нанбай әулетінің қорымына қо­йылған.

Ақылия (Ақыш) Турағұлқызы (Оразбаева) – 1901 жылы туған. «Еңлік-Кебек» пьесасының алғаш­қы қойылымы осы Ақылия мен Оразбайдың Медеу деген бала­сынан туған Санияз екеуінің неке­қиярында Ойқұдықта сахналанған. Ақылия Алматыдағы Қазақстан Республикасының опера және балет театрында ұзақ жылдар бойы апалы-сіңлілі Уәсила екеуі Абай ауы­лы, Абай заманы, Тобықты елінің киім үлгілерін тігетін шебер болған.

Ақылия – Хакім Абай ха­қында құнды дерек қалдыр­ған асылдың сынығы. Қалибек Қуанышбаевқа Абайдың театр сах­насындағы образын сомдау үшін көп ақыл-кеңес берген. Турағұлдың қызы, Абайдың өз қолында өскен неме­ресі. Ақылияның шілде­ханасында Оразбай құтты болсын айта келіп, Абайға немерелер татулықтың ұйыт­қысына айналсын деген тілек­пен бесік құда болуға өтініш біл­діреді. Абайдың өсиеті бойынша Ақылия бойжеткен соң, Ораз­бай­дың Медеу деген баласы­нан туған Санияз есімді немересіне тұрмысқа шыққан. 1917 жылы 7 маусым күні Ойқұдықта өткен не­ке­лесу тойында Мұхтар Әуезов­тің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойы­лады. Абай төңіре­гіндегі Әуез, Әйгерім, Омархан, Шәкәрім, Көк­бай сияқты кісілерді жақын біліп өскен Ақылия кезінде М.Әуезовке мол құнды деректер берген.

Бергісі Санияз, арғысы Медеу мен Оразбай шаңырағына Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы қатарындағы Алаш ерлері әрдайым келіп, Ақы­лия қолынан дәм татқаны тарихи деректерден мәлім. 1918 жылдың қысында Шұнайдың бауырындағы Садыр қыстағында отырған Санияз бен Ақылияның үйінде денсаулығы нашарлаған Сұлтанмахмұт Торай­ғыров бір қыс жатып, қымызбен емделіп қайтады. Сұлтанмахмұттың бірқатар жырлары осы кезеңде жазылған. Ақылия ұзақ өмір сүріп, тоқсан жасқа қараған шағында 1990 жылы қайтыс болған.

Ақылияның Абай жайындағы естелік әңгімелері аты мәшһүр актер Қалибек Қуанышбаевтың ақын бейнесін сомдауына көп әсе­рін тигізді. Ақылияның Абай мен Оразбай ауылдарында орын алған оқиғалар туралы естеліктері бар.

Абайдың көзін көрмесе де ұлы­лығы мен ұлағатын ұғын­ған ұрпақ­тарының бірегейі Мәкен Тура­ғұлқызы (Мұхамет­жанова) 1912 жылы туған. Мәкен жастайынан өнерге жақын болған­дығынан әкесі Турағұлдан Абай жайында есті сөздерді көп ұққан. Абай әндерін үйреніп, көп ішіне таратқан. Мәке­ннің орын­дауын­дағы Абай әндері 1930 жылы А.Жұба­новтың бастама­сымен нотаға түсірілген. 1986 жылы «Өнер» баспасында басылған «Айттым сәлем қаламқас» әндер жи­нағына Абайдың Мәкен орын­дап жаздыр­ған 19 әні енген. Абай ұрпақтары ретінде көп қуғынға ұшырап, өмірлік жары сот болып қызмет атқарған Ұлықбек Мұха­мет­жанов­пен бірге талай құқайды бастарынан кешкен. Ұлықбек пен Мәкен шаңырағы қуғынға түскен Құнан­бай ұрпағына сая болып қо­лынан келгенше мәуелі бәйте­ректей ыс­тық ұя болғаны шындық. 

1928 жылы Ұлықбекке тұр­мыс­қа шыққан кездерде әкесі Тұрағұл оңтүстік өңірге қарай жер ауда­рылады. Туған әкесі Турағұл Шым­кент қаласында осы Мәкеннің қолында соңғы демі үзіледі. Мәкен Тура­ғұлқызының өмір сапары жайлы «Мен Абайды Әке деймін» тақырыбындағы дерек пен дәйекке құрылған кинофильм бар. Мәкен апаның Абайға және оның ақын­дық әрі туыстық айналасына қатысты айтылған әңгімелері же­тер­лік. Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Абайдың соңғы немерелері» деген эссесінде Мәкен Турағұлқызының бар өмірі тасқа басылып, шежіредей шындық шіл­тері ашылады. Мәкен Турағұлқызы 2000 жылы қайтыс болған.

Бұдан өзге де Абайдың не­мере-шөберелері және ақынның тәлімін жалғаған жандар есебінде тізімді Зәбилә Әлімқұл­қызы (1907-1984), Қауаш Әлім­құлқызы (1910-1988), Нәзипа Исрайыл­қызы (1922-1996), Күлзи­па Исрайылқызы (1925-2014), Кәсира Исрайылқызы (1944-2018), жастай қайтқан Рәпила Жа­ғып­арқызы (1919-1938) сияқты жан­дар­ды атауға болады. Бұлардың кез келгені Абайға қатысты тың дерек ұсынып, әулеті пайдаланған жә­дігерлерді Абай музейінің қоры­на тапсыруымен ерекше­ленеді.

Қауаш Әлімқұлқызы Абайдың ертекшісі Баймағамбеттің немересі Мүхлиспен отау көтерген. Қауаш Абай, Ақылбай, Шәкәрім мен Әубәкірдің жырларын жатқа соқ­қан сөз иесі. Оның ақын ай­на­­ласы­на қатысты деректі-са­рын­ды әңгімелері мен естеліктері ел жа­дында сақтаулы. 

Мағауияның немересі Иша­ғы Жағыпарқызы – 1922 жылы туған, соғыс ардагері. Абай жайын зерт­теушілерге көптеген мағлұматтар қалдырған. Ишағы Жағыпарқызы Ұлы Отан соғысы жылдарында авиация технигі болып Харбин маңында майда­н­ға қатысқан. Иша­ғы соғысқа қатысқан Абай ұрпақ­тарының ішіндегі аман оралған екеуінің бірі. Мели­орация және су шаруа­шылығы министрлігінде қырық жылға жуық кадр бөлі­мінде қыз­мет істеген. 1988 жылы зейнет­кер­лікке шығып, көзі тірі­сінде Абай ұрпақтарына қатысты дерек­­тердің басылуына күш сал­ды. 2014 жылың 12 маусым күні қа­зақ­тың ұлы ақыны Абай Құ­нан­­байұлының шөбересі, асыл­дың сынығы Ишағы Жағы­пар­қызы 92 жасында дүниеден озды.

Ғазел Жағыпарқызы 1927 жылы туып, 2011 жылы қайтыс болған. Кино саласына мамандар даярлайтын училищені бітірген­нен кейін Қазақ мемле­кеттік университетіне қабыл­данып, қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген. Ол алғаш­қыда мұғалім, кейіннен «Қазақ­фильм» кино­студиясында қазақ киносы та­рихы музейінің бөлім меңгеру­шісі сияқты қызметтер атқарған. Бүгінде Абай музейінің қорында майдан даласынан жет­кен ағасы Жошыханның Ғазел мен Иша­ғыға арнап жазған үшбу хаттары сақтаулы.

Абай өзінен туған немесе балаларының баласын бауырына салып қана қоймай көңілі жақын жандардың қыз баласына да қам­қоршы болған. Ел ішінің қазағы Алдоңғардың қызы Мең­кені асырап алған көрінеді. Сол бала­сына Абай оңашада: «Мен қонақ­тарға сөйлеп-сөйлеп келіп, «со­лай ма, Меңке» дермін, сонда сен «солай» де» деп үйретіп қоя­ды екен. Кешке сөз ұғар ма де­ген­дей, адамдар келіп қонақ бол­ғанда қазақтың ойында жоқ, ғылымның үлгілі сөздерін сөй­леп-сөйлеп келіп: «Солай ма, Меңке?» десе, Меңке: «Солай», – дейді екен, сонда әлгі қонақтар: «Япырай, мына баланың ұғып отырғанын қарашы», – деп таңырқап қа­лысатыны естелік­тер­ден белгілі. Бір жағы ойын түрі болғанымен, баласы етіп отырған Меңкенің осылай да әке Абай абыройын асырып, мейма­насын тасыт­қа­нын көрсетеді.

Хакім Абайдың әкелік әл­пеш­теуін көріп, адамдық аялы алақанын сезінген, ұлы ақын ру­­хынан қуат алып, алып Абай­дың атына кір шалдырмай өткен қыздарын санамалап шық­саңыз, ұзын саны жиырмадан асып жы­ғылады. Мұның ішінде қыздары мен немерелері, тіпті Абайдың шөберелері мен туыстас ағайын­дарынан тараған аяулы жандарға тоқталған да дұрыс. Абай өмір сүрген заманда тасқа басылып, хатқа түскен архив ма­териал­дарын қарасақ, кейбір ішін­ара деректерде Абайдың көпбалалы әке ретінде айтыла­тыны шын­дық. Бұл дүдәмал дүние емес, Абайдай ақынның әкелік мейір-махаббатына қан­ған қыздардың қабағат қалың еке­нін танытады.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

музей-қорығының бөлім меңгерушісі