Мемлекет басшысы Атырау қаласындағы «Ақ Жайық-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кран машинисі Бақытгүл Саңқыбаеваны құттықтады.
Президент атыраулық краншы әйелді марапаттады
589
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада Атырау қаласындағы «Ақ Жайық-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кран машинисі Бақытгүл Саңқыбаеваны құттықтап,  «Еңбек Даңқы» орденін тапсырды. 

«Мұндай марапатқа жеткен де, жетпегендер де көп қой. Ал мен үшін мұның бәрі көріп жатқан түс сияқты. Әрине, мойындаймын, мен атқарып келе жатқан жұмыс оңай емес. Бұл – өте ауыр, әрі жауапкершілігі зор қызмет. Мен кран тізгінін ұстаған кезде, ауыр техниканың астында жүрген адамдардың қауіпсіздігіне алаңдап отырамын. Осының бәрі қырандай қырағылық пен асқан ұқыптылықты талап етеді. Бірақ жұмыстың жеңілі жоқ қой. Қандай қызметтің де өз қиындығы мен қызығы болады. Ең бастысы, мамандық таңдарда қателеспес үшін асықпай жүз ойланып, мың толғанып барып шешім қабылдаған дұрыс. Сонда өмірде жолыңыз ашық болады. Қалай болғанда да, адам өмірінің көп бөлігін жұмыс үстінде өткізеді ғой», – дейді краншы әйел Бақытгүл Саңқыбаева.

Айта кетейік, марапатталғандар арасында 4 еңбек ардагері, 19 жұмысшы маман мен кәсіпорын еңбеккері, 14 денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және мәдениет саласының қызметкері, 6 кәсіпорын басшысы, 3 қоғамдық ұйым өкілі, 7 мемлекеттік қызметкер, 6 құқық қорғау, арнаулы және бақылаушы органдарда, әскер қатарында еңбек ететін қызметкерлер бар.  Президент салтанатты шарада бүгінде елімізде тұратын қыз-келіншектердің саны 10 млн 300 мыңнан асатынын және биыл елімізде  Жұмысшы мамандықтары жылының  жариялануына байланысты білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Баян Жанұзақова