Кәсібін нәсіп еткен қазақтың қарапайым қыз-келіншектері

8 наурыз – мейірімділік пен жылулықтың және әдемілік пен сұлулықтың мерекесі. Дәл осы күні аруларды құттықтай отырып, оларға деген ықылас-ілтипатымызды білдіреміз.

Бүгінде еліміздің қыз-келіншектері барлық салада белсенді еңбек етіп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді. Мерекеге арнайы ғұмырын жұмысқа арнап, қарапайым қызметте еңбек етіп жүрген нәзік жандар жайында айтамыз.

«Бізге әр минут қымбат»

 Бүгінгі кейіпкеріміз – Түймегүл Мауленова. Ол – Түркістан облысы Шардара қаласындағы Төтенше жағдайлар департаменті құтқару бөлімшесінің құтқарушысы. Осы қызметте жүргеніне 25 жылдың жүзі болған.

Айтуынша, бұған дейін ол медицина саласында, оның ішінде хирургияда, стоматологияда жұмыс істеген. Өзі жастайынан дәрігерлік іске қызыққан.

– Жас кезімнен дәрігер болғым келді. Сол арманның жетегінде медициналық оқуды да бітірдім. Алғашқы жұмыс өтілім Жезқазғанның Никольск қаласындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасынан басталды. Сол кезде 5 жасар қыз қаза тапты. Соның мәйітін көрпешеге орап, мәйітханаға өзім көтеріп апарғаным бар. Сонда мәйітті сүйретіп апаратын арба жетпей қалған еді. Сол бір сәт жадымда да, жүрегімде де мәңгі қалды. Кішкентай қыздың мәйіті емес, тас көтергендей болдым. Зіл қара, ауыр еді. Негізі адамның ақтық демі шығып, жүрегі тоқтаған соң мәйітті екі сағат қойып қояды.

 Өз тәжірибемде не көрмедім, қаншама мәйіттермен де, өлім аузында жатқандармен де жұмыс істедік. Жол апатына түсіп, қан-жоса болған қанша пациенттің жарасын таңып, көмектестік. Ересек адам түгілі, талай нәрестенің өмірін ажал аузынан алып қалуға тырыстық. Құтқарушылық іске келгенімде үрей, қорқыныш болмады, – дейді Түймегүл Мауленова.

Түймегүл Мауленова құтқарушылық қызметке келгенде сүңгуірлер тобына түскен. Басшылықпен қосқанда топта 12-13 адам. «Сүңгуірдің бәрі жігіттер, әйел заты мен ғанамын» деген ол, өзінің алғашқы медициналық көмек көрсететінін айтты.

 – Өзім құтқарушылармен де, жағадағы демалушылармен де, зардап шеккендермен де жұмыс істеймін. Алғашқы кездері ақ халатпен жүретін едік, қазір форма киеміз. Шақырту түссе, бірден 5 адам барамыз. Оның ішінде бірі – медицина маманы. Мысалы көлікке отыра салысымен құтқарушылардың қан қысымын өлшеймін, судан шыққаннан кейін тағы тексеремін. Бір сөзбен айтқанда, олар медицина қызметкерінсіз суға түспейді. Өйткені құтқарушы өзгені құтқармас бұрын, ең алдымен өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – ақиқат. Сүңгуірлер суға кеткенде мен жағада тұруым керек. Кейде құтқарушылардың өздері қаза табады. Бәріне дайын болуымыз тиіс. Алдын ала құрылғыларды спиртпен сүртіп, дезинфекциялап қоямыз. Құтқарушылар ауырса, дәрі-дәрмегін береміз. Адамның суға кеткенін көрген жақындарына да, жағадағыларға да оңай тимейді. Оларға «өз-өзіңізге келіңіз» деп басу айтып, психологиялық көмек береміз, – дейді құтқарушы.

Қыстыгүні ақпараттандыру жұмысын жүргізетін құтқарушылар күннің жылуымен судың жағасынан алыстамайды. Құтқарушының айтуынша, Сырдарияның бойын жағалай демалыс орындары жайлап алған. Олар әрдайым жағадан асып кетпеу шегін белгілеп, соларға рейд жүргізеді. Жаз басталысымен бекет қойылып, демалушыларды жағада қадағалап отырады. Көбіне өзге жақтан келгендер суға кетіп жатады.

– Біз өзіміздің аймаққа қана жауап береміз, өзге жаққа барып үлгермейміз. Ол жақтың өз құтқарушылары бар.  Біздікі – Шардара су қоймасы.  Бірде жағалауда тұрғанымызда 2-3 қыздың суға батып бара жатқанын көрдік. Әлгі жерде көмекке екі құтқарушы жүгіріп, біреуін судан алып шығып, маған берді. Денесі мұздай болып кеткен, бірақ демі бар. Сондай сәтте есіл-дертің оны қалай құтқарып алсам дейсің де, автоматты түрде алғашқы көмекті көрсетіп кетесің. Әрең дегенде суды құстыртып, есін жинатып алдық. Сөйтіп, уақытында барғанның арқасында үш қыз аман қалды. Біз үшін әрбір минут маңызды. Құтқарушы шешініп-киінемін дегенше адам өліп кетеді. Бес минутта үлгеруіміз тиіс. Одан кешіксек, адамнан айырылып қаламыз. Су мұрынға кіреді, ары қарай жұтылып, адам су түбіне батып кетеді. Біреудің мәйіті бір-екі күннен кейін судың бетіне шықса, енді бірі шықпауы мүмкін. Сол себепті біздің балалар әрдайым сақадай сай тұрады, – дейді ол.

Түймегүл Мауленованың айтуынша, былтыр жазда суға кеткен бір жігітті құтқарып қалып, жергілікті әкімдіктен марапатқа ие болған. «Түркістанда оқитын жігіт, өзі – мұғалім. Біздің жаққа демалуға келіпті-мыс. Күндіз екі жігіттің дәл судың ортасындағы тасқа шығып алып, балық аулап отырғанын көріп, «тасқа шықпаңдар, құлап кетесіңдер» деп ескерткенбіз. Түс кезінде сол жігіттердің бірінің «құтқарыңдар» деген айқайы жетті. Құтқарушылар бірден суға сүңгіп кетті. Сөйтсе ол суда балықты көріп қап, жүзіп, ұстап алмақ болып, суға секірген. Аман алып қалдық», деді ол.

Негізі құтқарушының қай-қайсысы әлсіз, әлжуаз болмауы тиіс. Сондықтан олардың күні жаттығумен басталады.

– Өз жұмысымды жақсы көремін. Соның арқасында өз-өзімді бір қалыпта ұстаймын, дене шынықтырумен айналысамын. Жасым – 58-де, күнделікті 1 шақырым жүгіріп, 1 сағаттай жаттығу жасап, жерден көтерілу (отжимание) әдісін меңгеріп алғанмын. Жігіттеріміз турникке тартылады. Бәріміз уақытылы дене шынықтыруға байланысты сынағын тапсырып отырамыз. Осындай жұмысымның барына қуанамын, ең алдымен физикалық тұрғыда шыныққанмын – Түймегүл Мауленова.

 «Еш өкінбеймін, қайта таңдау түссе осы жұмысым таңдар едім»

 «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы-Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Молодежная» шахтасында 20 жылдан бері істейтін Әсем Байсеркешова өз жұмысынан жалықпағанын айтады. Бүгінде ол – жүк көтеру машинасының операторы.

 – «Жастар» шахтасында істегеніме биыл тамыз айында 20 жыл толады. Ал көліктің операторы болғаныма 10 жылға таяды. Шахтаға жұмысқа келгеніме еш өкінбеймін, жұмысым, жұмыс істейтін жерім, өз ортам, ұжымым қатты ұнайды. Ауызбіршілігіміз жарасқан, кімнің не істейтінін, қалай істейтінін беске білеміз. Бәріміз бір үйдің баласындай болып кеттік, – дейді Әсем Байсеркешова.

Айтуынша, шахтада жұмыс үзілмейді. Өздері бірнеше ауысыммен жұмыс істейді. Машинистер ұжымы негізі қыздардан құралған.

– Менің міндетім – адамдарды ауысымына қарай шахтаға түсіру. Бір тордың сыйымдылығы – 36 адам. Алдымен маған дабыл беріледі. Ал оны реттеп, жұмысшылардың торға кіруін қадағалайтын өзгелер. Маған белгі берілген соң қажетті аумаққа, яғни тереңдікке түсіріп, көтеріп аламын. Дыбыс соғылған сайын келесі көлікке ауыстырылады. Себебі мен бір ғана емес, үш бірдей көлікте істеймін, – деген жүк көтеру машинасының операторы қосымша өндірісте де жұмыс істейтінін жеткізді.

Әсем Байсеркешованың айтуынша, жұмысқа бойы үйреніп кеткені соншалық істеп жүрген ісін қиын көрмейді.

– Әуелде ауысыммен істегенге үйренісуім қиын еді. Қазір жұмысқа бойымыз үйреніп кетті, ауырсынбаймыз. Шахтаға алғаш келгенімде кәдімгідей қорықтым. Үлкен цехтың ішінде қызу қайнап жатқан жұмыс, жан-жақтан гүр-гүр еткен дыбыс, тыныштық деген мүлдем жоқ. Жұмыстың дұрыс-бұрыстығын көрсетіп, айтып отыратын тәлімгер көп болды. Солардың әрқайсысынан көп нәрсе үйрендім, білдім. Ол кісілердің көбісі зейнетке шығып кетті. Десе де, оларға деген алғысым шексіз. Мысалы, қазіргі серігім Гүлшат Досымбетовамен апалы-сіңлідей болып кеткенбіз, – дейді Әсем Байсеркешова.

Жүк көтеру машинасының операторы өмірін қайта басынан бастаса да осы жолды таңдайтынын айтты. «Шындығында осындай бірқалыпты өмірге үйреніп алдым. Ештеңені өзгертпес едім. Бәрі бірқалыпты, тұрақты, реті-ретімен жүріп жатқаны ұнайды», деді ол.

Айтуынша, өзі шахтерлер әулетінен екен. Өйткені өзінен басқа әкесі мен інісі де шахтада еңбек етеді.

– Оларға еріп мен де осында келдім. Негізі анам – дәрігер, бала кезден біздің сол жолды таңдауымызды қалады. Бірақ жүрегім оны қаламады, ол менің ісім емес екенін сездім. Сондықтан таңдауым осыған түсті, – дейді Әсем Байсеркешова.

  

«Елімізде сырқат бала болмаса екен деп тілеймін»

 Өмірінің тең жартысын жұмысына арнаған адам өте көп. Бірақ медбикеліктен таймаған, 33 жылы балалар күтіміне арнаған жан кемде-кем. Сондай жанның бірі – Мереке Жұманова. Сонау Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы медициналық училищені бітіріп, еңбек жолын 1991 жылы Шу аудандық балалар ауруханасында бастаған.

 – Мектепте оқып жүргенімде санитар болатынмын. Анам ақ дорба тігіп беріп, соны мойынға асып алып, балалардың тазалығын тексеретін едім. Яғни, олардың киген киімнен бастап, тырнағының тазалығына дейін қатты қадағаладым. Міне, балалық жауапкершілік менің медицина саласын таңдауыма себепкер болды, –  дейді Мереке Жұманова.

Шу аудандық балалар ауруханасында ол 15 жыл еңбек еткен. Кейін отбасылық жағдаймен Астанаға қоныс аударған. Елордада ерекше балаларға арналған орталықтың барын естіп, Ұлттық балаларды оңалту орталығына келген.

Айтуынша, бас медбикемен сөйлескеннен кейін оны психо-неврологиялық бөлімге жіберген. Міне, сол бөлімде 18 жылдан бері тапжылмай еңбек етіп келеді. 

– Шынын айтқанда, ерекше балаларды арагідік көріп қалғанымыз болмаса, айналамызда көп кездестіре бермейміз ғой. Ал мына жерде кілең сондай бала. Ерекше балалардың көптігін көргенде жүрегім қатты ауырды.  Алайда сол сәттен осында істейтінімді сездім. Өзім көпбалалы отбасынан шыққан соң балаларды жақсы көремін. Оның үстіне бұл балалардың ата-аналары да ерекше, оларға да көмек керегін түсіндім, – дейді ол.

Негізі «Балбұлақ» бөлімінде 11-ден 18 жасқа дейінгі балалар емделеді. Олардың саны 60-70-ке жетеді.

«Біздің бөлімде үш пост бар. 60 шақты баланы әр постқа бөлгенде 20-дан шығады. Әрқайсысымыз өз палатамызды бақылауда ұстаймыз. Аурудың бәрі түн ортасында қозады емес пе. Кейбірінің ыстығы көтеріледі, бірінің мазасы кетеді. Соларды бақылап, дәрігерді шақырып, тыныштандыруға тырысамыз. Бала емес пе, кейбірі түнде ойнап, тұрып кетеді. Енді бірі сөзге келіп, төбелеседі. Ым-жымын білдірпей, бәрін реттейміз»,  – Мереке Ибрашқызы.

Оның айтуынша, бұл бөлімде көбіне церебральді сал ауру, өздігінен жүруден қалып, арбаға таңылған және анық сөйлей алмайтын балалар емделеді.

– Дені сау баланың өзі мазаны алып жібереді. Ал сырқаты бар баламен жұмыс істеу, онымен тіл табысу екі есе қиын. Біз тек медбике ғана емес, тәрбиеші де, психолог та болуымыз тиіс.  Ұзақ жатып, көп уақытын бізбен өткізгендіктен, көбіне бауыр басып кетеміз. Арасында кей балалар ата-анасынан гөрі, бізді тыңдап, айтқанымызға құлақ асып жататыны тағы бар. Әйтпесе олар ашушаң, мазасы болыңқырай бермейді. Балаларды жақсы көргендіктен шығар, бұл ауыртпалықтың бәрін ұмытып кетемін. Ұзақ уақыт бойы емделіп жүргендердің 6 айда, бір жылда бір ем-домға кететіні бар. Сондай кезде балалармен сағынысып көрісеміз, – дейді медбике.

Бір кездері арбаға таңылған жасөспірімнің аяғына тұрғанын көріп, медбике балаша қуанғанын айтты.

«14 жастағы бала, өзі - тараздық. Диагнозы – церебралді паралич. Толыққанды ем жүргізіп, дәрігерлердің бірлесе жұмыс істеуінің арқасында ол арбадан тұрып, аяндап жүре бастады. Бөлімімізде оған арнап тұсаукесер жасадық. Бала мен ата-ананың қуанышын көріп, еңбегіміздің зая кетпегенін түсіндік. Сондықтан елімізде сырқат балалардың болмауын, олардың тез сауығып кетуін тілеймін», – деді Мереке Ибрашқызы.

 «Жұмысым – менің екінші үйім»

Тағы бір кейіпкеріміздің «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Молодежная» шахтасында қызмет еткеніне 25 жыл болған. Есімі – Динара Сармулдина.  Әуелде шахтерлердің шамы мен шамшырағына жауап берсе, соңғы он жыл сигнал беруші қызметін қатар алып жүр.

Айтуынша, марқұм жолдасы Дәурен Оспанов та шахтада жұмыс істеген. Алайда 2002 жылы ол жол апатынан қаза тауып, асыраушысынан айырылғандықтан өзі жұмысқа тұрған.

«Екі қызым бар. Біреуі – тұрмыста, екіншісі студент. Марқұм жолдасым дүниеден өткеннен кейін мені жұмысқа алды. Бұрын еден жуып жүргенде «шамды қадағалайтындар секілді болсам ғой» деп армандайтынмын. Армандаса, армандар орындалады екен. Бірде басшылық мені осы қызметке ауыстырды.  Қазір жұмысым – менің екінші үйім. Өз жұмысымды жақсы көремін», дейді Динара Сармулдина.

Шамға жауап беретін әр қызметкердің жауапкершілігінде 4-5 учаскесі бар. Соның бәрін қадағалап, тексеріп, ақауы болса, бірден хабарлап отырады.

– Таңғы сағат 7-ден басталған жұмыс шахтерлардың шамдарын тексеріп, жарықтың бар-жоғын қадағалаймыз. Тіпті әр шамды токқа қойып, толыққанды толғанын бақылауды ұстаймыз. Шахтаға түскенде шахтердің шамы істемей қалып, тогы бітіп қалмауы тиіс. Әр шахтердің өз нөмері болады, шамшырағы да соған қарай беріледі. Шамның бір-біріне ауысып кетуі немесе өзгенікін алып кету деген жоқ. Алда-жалда шам істемей қалса, бірден хабар беріліп, сол арада жөндеуге әкетеді. Шамның өзі үш-төрт қатардан тұрады. Әрқайсысының өз атауы, пайдаланатын маманы бар. Мысалы, таңғы ауысымда шахтаға 150 адам кіреді, солардың шамы сақадай сай тұруы керек, – деді  Динара Сармулдина.

Осы шам арқылы шахтерлардың шахтадан шыққанын да біліп отырады. «Бірде бір слесарь еңбек демалысынан кейін жұмысқа шығып, артынан оны орнынан таппай қалдық. Яғни, шамы өткізілмеген. Сасқанымнан іздей бастадым. Диспетчерге оның жоқтығын хабарладым. Одан учаске басшысына байланыстық. «Динара, уайымдама, табамыз» деп басу айтты. Сөйтсе, ол тамағын жеп, үйінде отыр екен. Формасын шешіп, кірге тастағанда шамды да сол жаққа ұмытып кетіпті» деп жұмыста бір кезеңде осылай әуреге түскенін еске алды.

Айтуынша, сигнал берудің өзі жауапты іс. Шахтерларды шахтаға түсірерде, жоғарыға көтерерде белгіленген белгіні беріп отырады.

– Мысалы, бір торға 36 адам сыяды. Біз есігін жауып, оның дұрыс-бұрыстығын қадағалаймыз, содан кейін ғана сигнал береміз. Сонда ғана оларды шахтаға түсіреді. Онда да әр горизонтқа, белгіленген жерге тоқтайды. Бір сигнал тоқтатуды, екі сигнал жоғары көтеруді, үш сигнал төмен түсіруді білдіреді. Оған қоса, әр жердің өз сигналы бар. Мәселен 215 горизонт 6 сигнал, соған қарай шахтерларды түсіреді. Арасында шахтаға қажетті материалды да түсіреміз, – деді ол.