Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Алматы әуежайындағы оқиға: ІІМ бірден үш қылмыстық іс қозғады
www.istockphoto.com
1,616
оқылды

Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алып, рюкзагында «бомба» бар деп жолаушыларды қорқытқан оқиға бойынша үш қылмыстық іс қозғалды.

Біріншісі, кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) – мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

Екіншісі, қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) – 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Үшіншісі, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) – 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Егер де үш іс бойынша жауапқа тартылса, қоқан-лоқы көрсеткен азамат кемі 10-15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ведомствода хабарлағандай, оқиғаның мән-жайын тексеру үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Қазір сот шешімімен күдіктіге қатысты екі айға қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Қазір Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасымен елдегі әуежайлар мен вокзалдардағы қауіпсіздік жүйесі тексеріліп жатыр. Басты назарға осал тұстарды анықтау, қауіптің алдын алу, бақылауды күшейту, әрекет ету алгоритмін жетілдіру, күзет қызметкерлерін оқыту, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды нығайту алынды. 

Айта кетелік Алматы әуежайында кепілге алынған қызметкерді құтқарып қалған Мұса Әбдірайым Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) бейбітшілік елшісі болып тағайындалды. Және Алматы әкімі оған «Ерлігі үшін» медалін табыстаған еді.