Екі күнге созылған сөз додасына еліміздің түкпір-түкпірінен айтыскерлер жиналып, көрерменге тартысты жыр бәйгесін ұсынды
Шығыста өткен аламан айтыс өз мәресіне жетті
687
оқылды

Шығыс Қазақстан облысында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қарасөздің қарагері – Қалихан» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Екі күнге созылған сөз додасына еліміздің түкпір-түкпірінен айтыскерлер жиналып, көрерменге тартысты жыр бәйгесін ұсынды. Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы ұйымдастырды.

Жыр аламанында аузымен құс тістеген ақындар елдік пен ерлікті, тарих пен тағылымды жырға қосты. Қазылар алқасына танымал айтыс жанашырлары Жүрсін Ерман, Жанарбек Әшімжан, Қалқаман Сарин, Әлібек Қаңтарбаев, Дәулет Сметов, Серік Құсанбаев, Серікзат Дүйсенғазы секілді өнер майталмандары төрелік етті.

Бас жүлдені өскемендік Серік Қуанғанұлы қанжығасына байлады. Ал Абай облысының ақыны Рүстем Қайыртайұлы бірінші орынға ие болып, "Алтын домбыра – 2025" айтысына жолдама алды. Екінші орынды астаналық Иран-ғайып Күзенбаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев өзара бөліссе, үшінші орын оралдық Жансая Мусина мен шымкенттік Біржан Байтуовқа бұйырды.

Сонымен қатар Мақсат Ақанов, Ардабек Ақбаба, Қабдолла Бейсхан, Аруна Керімбек, Данияр Адай, Нұрмұхаммед Байсугуров секілді ақындарға арнайы жүлделер табыс етілді.

Айтысқа жан-жақты қолдау көрсеткені үшін ұйымдастырушылар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа алғыс білдірді.

Ұлттық өнерді ұлықтаған дүбірлі дода жеңімпаздарын анықтап, айтыстың жаңа жұлдыздарын танытты.