Оқиға куәгерлерінің айтуынша, бортта электр қуаты сөніп, салонда жанған иіс пайда болған.
Ақтаудан Алматыға ұшқан ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін кері қайтты
1,401
оқылды

Ақтаудан Алматыға бағыт алған ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін 20 минуттан соң қозғалтқыштарының бірі істен шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, бортта электр қуаты сөніп, салонда жанған иіс пайда болған. Жолаушылардың бірі әлеуметтік желіде оқиға жайлы былай деп жазды:

"Алматыға ұштық. Кәдімгі рейс, 20 минуттан кейін бір қозғалтқыш істен шықты. Салонда электр қуаты сөне бастады, қорқынышты шу естіліп, жанған иіс пайда болды. Стюардессалар қатты қобалжып, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бірақ жолаушылар не болып жатқанын түсінбей, бір-біріне қараумен отырды."

Борттағы ахуал ушығып, ұшақтың Ақтауға шұғыл кері қайтатыны туралы хабарланған.

"Ұшақ күрт төмендеп, дірілдей бастады. 700 метр... жылдамдық пен биіктік төмендеді, ал әуежай әлі көрінбеді. Адамдар дұға жасап, шулап кетті. Ұшақ жерге қонғанда салонда жылағандар болды." – деп сипаттады жолаушылардың бірі.

Абырой болғанда, ұшақ Ақтау әуежайына сәтті қонды. Әзірге әуекемесінің қай әуекомпанияға тиесілі екені және техникалық ақаудың себебі туралы ресми ақпарат берілген жоқ. Оқиғаның мән-жайын тиісті органдар анықтап жатыр.