Қардың күрт еруі Талдықорған қаласындағы бірнеше көшені су басуына себеп болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаланың шеткері аудандарында қар суының деңгейі көтеріліп, тұрғындарға қолайсыздық туғызған. Абубакиров көшесіндегі бірнеше үйдің маңында жүріп өтетін жолдар су астында қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, балалар мектепке барарда су кешіп өтуге мәжбүр.
“Екі-үш күнде су кеуіп кетуі мүмкін. Бірақ қазір ары-бері жүргенде аяқкиіміміз су болып, қиындық туып отыр. Біз бұл мәселені жауапты мекемелерге ескерткенбіз. Былтыр да дәл осындай жағдай болды, өз күшімізбен қарағай төсеп, үйден шықтық. Техника дамыған заманда алдын алуға болар еді. Енді балалар мектепке барарда қиналады”, – дейді қала тұрғыны Айсұлу Бектемірова.
Жауапты мекемелер әрекетке кірісті
Қарғын судың алдын алу үшін "Талдықорған көркейту" ЖШС-ның 4 жұмысшысы мен мотопомпа, арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда су басу қаупі сейілген, – деп мәлімдеді Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі.
Қаладағы басқа да қауіпті аймақтарға арнайы техникалар жіберіліп, жағдай қатаң бақылауға алынған. Жауын-шашынның көбеюіне байланысты мамандар тұрғындарды абай болуға және қажетті жағдайда жедел қызметке хабарласуға шақырды.