Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасынан Жайна Шекербекова 1/8 финалға жолдама алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жайна Шекербекованың қарсыласы (бейтарап команда өкілі) жекпе-жектен бас тартқаны белгілі болды. Осылайша, 54 келі салмақ дәрежесіндегі Қазақстан боксшысы әлем чемпионатының 1/8 финалына өтті.
ҚР Бокс федерациясының мәліметінше, келесі айналымда Жайна мексикалық боксшымен (қарсыластың да алғашқы жекпе-жегі өтпеді) 11 наурыз күні кездеседі.
Айта кетейік, 9 наурызда алғашқы жекпе-жегін өткізген Қазақстан боксшылары жеңіске жетті. Алуа Балқыбекова (50 келі) 1/16 финалда кениялық Нзиваны ұтып, келесі кезеңге өтті.
Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) 1/8 финалда Өзбекстан спортшысы Олтин Сотимбаеваны тізе бүктірді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.