Астанада тұрғын үйдің пандусынан тюбингпен сырғанаған бала көлік астына түсті. Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 10 наурыз күні сағат 16:45 шамасында Аманжол Бөлекпаев көшесіндегі үйдің ауласында болған.
Бейнебақылау камераларындағы кадрларда баланың биіктіктен үй аулалары арасындағы жолға сырғанап түскенде оны көлік қағып кеткені көрінеді.
"Mitsubishi автокөлігінің жүргізушісі сол сәтте пандустан сырғанап келе жатқан баланы қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 10 жастағы бала жарақат алып, ауруханаға жеткізілді", – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір кәмелетке толмаған баланы қағып кету дерегі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Елорда полициясы жүргізушілерді аула аумақтарында барынша мұқият болуға және жылдамдық режимін сақтауға шақырды. Сонымен қатар ата-аналарға балалардың жүріс-тұрысын бақылап, оларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіруді, аула мен жол бойында ойнаудың қаупін еске салуды сұрады.