«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушыларына 8 миллионнан аса доллар аударды. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 8 миллионнан аса АҚШ долларын 75 329 өтініш берушіге аударған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 4,65 млн астам АҚШ долларына 43 781 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 3,35 млн АҚШ долларына 31 548 өтініш орындалды.
Айта кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қала береді.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына сай Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған, Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балалар арасында бөлінеді.