Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы, Қоғамдық даму басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы, Еңбек мобильділігі орталығы және «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтарға жаңа мүмкіндік» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға арнайы қатысқан Қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов пен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов жұмыс берушілерге ризашылық білдіріп, жұмыс іздеушілерге сәттілік тіледі.
Аталған шараға ҚР Қорғаныс министрлігінің Қызылорда облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменті, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, «Отбасы Банкі» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы, облыстық «Жастар денсаулық орталығы» КММ-сі, Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандары қатысып, жастарға өз салалары бойынша бағыт-бағдар, түрлі кеңес берді.
Жәрмеңке өткізудің мақсаты – жұмыссыз жастарға жұмыс беруші мекемелермен сұхбаттасуға мүмкіндік беру. Оқу бітіруші түлектерге өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға жағдай жасау және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру.
Іс-шара барысында жұмыссыз жастарға арнайы 33 мекемеден 150-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды.
«Мемлекет басшысы осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп белгіледі. Мұндағы мақсат – еңбек адамдарына құрмет көрсету мен олардың еңбегін дәріптеу. Шыны керек, технология дамығанымен әр мамандықтың өз сұранысы болады. Бүгінгі жәрмеңкенің «Жұмысшы мамандықтарға жаңа мүмкіндік» деп аталуының сыры осында. Мұнан бөлек, «AMANAT» партиясының қолдауымен түсірілген «Еңбек адамы» деректі фильмі көрсетіліп жатыр. Атап өту керек, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бүгін Қызылорда қаласының бірнеше шағын аудандарында да ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасатын болады», – деді жәрмеңкеге қатысып, жұмыс берушілермен тілдескен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.