Соңғы жылдары қазақтың ән әлемінде айтарлықтай өзгеріс бар. Заманауи музыка орындаушылары әртүрлі жанрдағы жаңа әндерді өмірге әкелді.
Қазақша әндердің айтары не?
312
оқылды

Қазір қазақша тректердің өз елімізде ғана емес, шетелдерде де тыңдарманы бар. Мәселен, жастарға ерекше ұнаған «Ирина Кайратовна», Ninety One топтары әуезді ән мен мағыналы мәтінді ұштастыра отырып, елдегі өзекті мәселелерді көтере білді. «Ирина Кайратовна» тобының осыдан 5 жыл бұрын жарыққа шыққан «5000» трегінде Алаш қайраткерлері ату жазасына ұшыраған қазақ тарихының қаралы беттерінен бастап елдегі жемқорлық, ысырапшылдық секілді әлеуметтік мәселелер көтерілген. Сол секілді Q-pop жанрының жұлдыздары Ninety One тобының Bari biled әні қоғамның пікіріне қарамастан өз жолыңмен жүруге, өзгелердің ойына тәуелді болмауға үндейді. Трек мәтінінде қоғамдағы стереотиптер мен сындарға қарамастан, өз мақсатына ұмтылу, сенімнен таймау туралы ой қозғалады. Сонымен қатар ән арқылы экология мәселесі де сәтті көтерілген.

Бұл қатарға 2RAR мен Мирас Жүгінісовтің де заманауи әндерін жатқызуға болады. 2RAR поп, R&B жанрындағы әндерімен көпшіліктің көңілінен орын тапса, Мирас Жүгінісов заманауи эстрада мен поп орындаушысы ретінде өз тыңдармандарын қалыптас­тырып үлгерді. Мәселен, 2RAR-дың «Мен ешкімді сүймеймін» әні ажырасу мәселесін сәтті көтеруімен ерекшеленді. Ән арқылы махаббаттан көңілі қалған, сезімге сенуден шаршаған адамның ішкі жан дүние­сін жақсы сипаттаған. Сол секілді «Жалғыздық», «Өкініш» секілді тректерінде қоғамда өз орнын таба алмау, жалғыз сезіну, өткен өмірге көз жүгіртіп, қателіктерге өкіну секілді мәселелерді ән арқылы жүрекке жеткізеді.

Мирас Жүгінісовтің «Уақыт» трегі уақыттың қадірі, өткен шақ, қателіктер мен өкініш секілді тақырыптарды бір әнге сыйдыра алуымен танымал болды. Сонымен қатар бұл әнде өмірдің жылдам өтіп жатқаны, кейде кеш қалып, маңызды сәттерді бағалай алмай қалатынымыз жайлы ой қозғалады. Сондай-ақ тректе уақыттың кері қайтпайтыны, оны бағалау қажеттігі де айтылады.

2RAR секілді ажырасу мәселесін Taspay мен Ninety One тобы да әндеріне арқау етті. Мысалы, Taspay «Оралма қашқын», Ninety One тобы Jur mapelep тректері арқылы ажырасу тақырыбын ғана емес, отбасындағы түсініспеушіліктер мен зорлық-зомбылық мәселесін орынды арқау ете білген.

Taspay әнінде: «Оралма қашқын, Артыңа қарамай қаштың, Тұншықтырды лас сөз тасқыны, мына басыммен толтырдың тура жер астын», – деп ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керіс, ажырасу тақырыбын әнінің өзегіне айналдырды. Тағы бір танымал әнші ARO да тыңдармандарға зорлық-зомбылық құрбандары туралы әнін арнады. Ол «Қызық Times» бағдарламасында берген сұхбатында осы әнінің тарихы жайлы айтып, Ақан Серінің «Балқадиша» әнінен шабыттанып, қазіргі әлеуметтік проблеманы әніне арқау еткенін айтқан болатын.

Елдегі зорлық-зомбылықтан жылына 400 әйел көз жұмады екен. Сондықтан бұл мәселе заманауи әншілердің шығармашылығынан да тыс қалмады. Біздіңше, бүгінгі әншілердің еліміздегі түрлі түйткілді  музыка арқылы жеткізгені бір жағынан дұрыс. Себебі олардың тыңдарманы көп. Бірі болмаса, біріне ой салып, оң әсерін тигізуі ғажап емес. Ал сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман? 

Мерейлім АСҚАРБЕК