«AMANAT» партиясының жылда Ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында тапсыратын медиа сыйлықтарының қатарына сол жолы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығы мен Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлықтарын енгізген болатын. Яғни, Ғалекеңнің еншісіне «Сөз зергері» сыйлығының иегері болу бақыты бұйырды. Сыйлықты байқау комиссиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты, белгілі журналист, ақын Жанарбек Әшімжан табыс етті.
Ғалымжан Елшібай журналистикадағы отыз жылдық жолында талай асуларды, талай белестерді бағындырды. Республикаға танымал қаламгер, тынымсыз тіршіліктің қазанына қайнап жүретін азамат, Түркістан өңірі журналистерінің көшбасшысы, ресми түрде айтсақ, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы төрағасы болды, қала берді қоғам белсендісі, облыстық мәслихат депутаты. Облыста жүріп республиканы мойындату да мықтылық. Бүгінде қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, ел газеті «Egemen Qazaqstan-ның» Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалекеңнің бұл марапаты «егемендіктердің», сонымен бірге Оңтүстік журналистерінің мерейі деп есептейміз.
Бұған дейін облыста «Жыл журналисі», «Алтын қауырсын», «Жаңашыл журналист» сияқты бірталай номинация әріптестерінің арасынан озып шыққан Ғалымжан Елшібайдың еншісіне бұйырып келе жатқанын бір емес, бірнеше дүркін естіп-біліп жүргенбіз. Бірақ осы жолғы олжасы – республикалық байқауда Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығын жеңіп алуының жөні бөлек болды. Жалпы, Ғалымжан Елшібайдың тұтас елге танымал журналист болуына «Жас Алаш» газетінде қызмет етуі септігін тигізгені сөзсіз. Оған дейін, яғни республикадағы ең азулы басылымның табалдырығынан аттағанға дейін облыс орталығындағы «Шымкент келбетінде», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», одан да бұрын аудандық «Төлеби туы» газеттерінде шыңдалу мектептерінен өткенінен, былайша айтқанда, журналистік бағыттағы барлық өсу баспалдақтарына біртіндеп көтерілгенінен ептеп хабарым бар. Алайда «Жас Алашта» істеген азаматтардың қайсыбірінің болмасын қаламы қандай өткір екенін елдің бәрі біледі. Әсіресе, Ғалекең «Жас Алашта» жұмыс істеген жылдары екінші тынысы ашылды. Нұртөре Жүсіп ағамыз басқарған кездегі «Жас Алаш» тіптен бөлек еді. Басқа жанрлар бір басқа, біздің айтысты да дәл «Жас Алаш» сияқты ыждаһаттап ашып, терең талдап жазған газет кемде-кем. Әсіресе, 1997-2000-жылдары айтысты халыққа барынша айшықтап жеткізді. Сол «Жас Алаштың» сайдың тасындай іріктелген жігіттерінің бірі – Ғалекең Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып бақандай 15 жыл жұмыс істеді. Жүсіпбек Қорғасбек, Рысбек Сәрсенбай ағалар бас редактор болған басылымда өткір-өткір мақалалар жазды. Сынаса, қанын шығарып сынады. Жақсылық болса, жарқыратып көрсетті. Ғалымжанның қай мақаласы болса да оқылмай қалмайтын.
Ғалымжан Елшібайдың осы тік мінезділігін, туралықтан таймайтын қасиетін, әрдайым әділдікті жақтайтынын Түркістан облыстық мәслихатындағы әріптестері жақсы білеміз, бас бармақпен бағалаймыз. Екеуміз де жетінші және сегізінші шақырылымда «AMANAT» партиясынан Түркістан облыстық мәслихат депутаттығына сайландық. Оған қоса, осы екі шақырылымда да екеуміз бір комиссияның, яғни мәслихаттағы Әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссияның құрамында бірге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Ғалекең – осы әлеуметтік комиссия төрағасының орынбасары ретінде де жемісті еңбек етіп жүр. Жай қатардағы емес, белсенді депутат! Оған Ғалекеңнің кәсіби журналист ретіндегі шеберлігі мәслихаттағы жұмысын табысты жүргізуге көп себі тиіп жүр. Себебі Ғалекең қай мәселеге болсын сыни көзқараспен барынша объективті, ең бастысы, жанашырлықпен қарайды. Осы соңғы екі шақырылымда біз өзіміздің міндетіміз бойынша бірнеше салалардың жұмыстарын қарадық. Елдік мәселелерді шешуге келгенде Ғалекең сырт көзге «турасын айтып туғанына жақпайтын» сұсты, сесті көрінетін шығар, шындығында жүрегі жұмсақ, көңілі дархан, пейілі кеңдігінен көмекке мұқтаж адамдарға қашанда қол ұшын созуға дайын тұратын азамат. Бірінші кезекте мүмкіндігінше мүгедектердің мәселесін шешуге табандылық танытады.
Жасыратыны жоқ, біздің қоғам мүгедектігі бар жандардың жанайқайына әдетте селқос, салқын қарайды. Мұң-зарын тыңдауға аса құлық танытпайды. «Мемлекет онсыз да мүгедектерге зейнетақысын төлеп, әлеуметтік жеңілдіктер жасап отыр ғой» деп өз-өзін ақтап алғысы келеді. Пандустарды орнатып берсе, бір-екі инватакси көлігін жүргізіп қойса, мүгедек жандардың бүкіл мәселесі шешіле кететіндей қарайды. Ал шын мәнінде кемтарлардың күнделікті тіршілігінде қандай қиындықтарға тап болатынын көпшілік жете түсіне бермейді, тіпті түсінгісі де келмейді десек артық айтпас едік. Олардың да өмірлік қызығушылықтары, арман-мұраттары барын ескермейді. Сол себепті шығар, өздеріне жанашырлық танытып, қол ұшын созған азаматтарға мүмкіндігі шектеулілер ерекше ықыласпен қарайды. Көмек көрсету былай тұрсын, жылы сөзін арнаған жандарды өзіне жақын тартады. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облыстық мәслихатында мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын ең жиі қозғап, нақты мәселелердің шешілуіне бірден-бір атсалысатын депутат Ғалымжан Елшібай десек, қателеспейміз. Олай деуімізге бірнеше себеп бар. Халық қалаулысы «АMANAT» партиясы облыстық филиалының жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңеске төрағалық етеді. Мұның алдында Білім беру және денсаулық мәселелері жөніндегі кеңесті басқарған. Оған дейін «Мирас» қоғамдық кеңесінде бірге болдық.
Елімізде соңғы жылдарда ерекше қажеттіліктері бар жандарға деген көзқарастың түбегейлі өзгерісін байқауға болады. Бұрындары паралимпиадалық спорт түрлеріне қоғам тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінбей келсе, соңғы паралимпиада ойындарынан жеңіспен оралған спортшыларға елімізде ерекше құрмет көрсетілді. Бұл – бірінші кезекте мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұстанған саясаты, «АMANAT» партиясының басты ұстанымдарының бірі болуының нәтижесі. «Кедергісіз келешек» атты партиялық жобасының аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауға, қоғамда инклюзивті ортаны қалыптастыруға айрықша назар аударыла бастады.
Міне, осы бағыттағы партиялық мақсат-міндеттердің тиісті деңгейде орындалуын қадағалайтын, «Кедергісіз келешек» жобасының Түркістан өңірі бойынша амбассадоры болып бекітілген Ғалымжан Елшібай әрдайым мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, мүдделерін қорғауға барын салуда. Депутат ретінде де, журналист әрі азамат ретінде де әрқашан ерекше қажеттіліктері бар жандарға қол ұшын созады. Бұған дәлел көп.
Ғалымжан Елшібайдың депутат ретінде өткізетін қоғамдық қабылдауларына келіп, көмек сұрайтындардың арасында мүгедек жандар көп-ақ. Олардың өтініштері мен сұраныстары бойынша халық қалаулысы сол мезетте-ақ қажеті құзырлы мекемелерге байланысып, мәселенің мейлінше тез әрі оңтайлы шешілуіне барын салады. Арыз-шағымның қанағаттандырылуын жеке бақылауына алып, істі соңына дейін жеткізуде ұмтылады. Бұған дейін түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып сандалған, тек депутат Ғ.Елшібайдың қабылдауына барған соң мәселесін шеше алғандар қаншама.
Кеңес төрағасы ретінде облыс аумағындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен шипажайлардың жұмысын саралау мақсатында арнайы жұмыс тобын құрып, аралап шықты. Мекемелер бірдей, оларға қойылатын талап ортақ болғанымен, кейбір орталықтарда масқара жағдайлар анықталды. Бюджеттің әжептеуір қаржысына сатып алынған құрал-жабдықтың, бақылау бейнекамераларының жұмыс істемейтіні, әжетхананың мүгедектер үшін өте қолайсыздығы, азық-түлік қоймасының санитарлық талапқа сай келмеуі секілді кемшіліктер бойынша Салалық басқарма басшылығы тарапына қатаң ескерту жасалды. Ғ.Елшібай көптеген әлеуметтік маңызы бар орындарда қарапайым пандустардың жоқтығы, мүгедектерге аса қажет инватакси көліктерінің тым аздығы секілді өзекті мәселелерге назар аударып, құзырлы органдардан осы түйткілдердің шешімін талап етті.
Ғалымжан Елшібайдың тікелей араласуымен шешілген маңызды мәселелердің бірі – Сауран ауданы Ораңғай ауылында жаңадан ашылғалы жатқан мүгедектерді оңалту орталығының пайдалануға берілуі болды. 2021 жылы қолға алынған нысанның құрылысына бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінгенімен, түрлі сылтаумен құрылыс жұмыстары жылдан-жылға созылды. Бұл орталықтың ашылуын асыға күтіп жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ашу-ызасын тудырды. Шенеуніктер мен мердігердің шалағай тірлігіне ашынған қоғам белсенділері шағымданған соң Ғалымжан Елшібай құрылыс алаңына барып, мән-жаймен танысқанда қыруар кемшіліктер анықталды. Орталықтың жұмысын жүргізу үшін қажетті құрал-жабдықтарға деп бөлінген қаржының бір бөлігін құрылыс жұмыстарына жұмсап жіберген. Оңалту орталығының жобалық-сметалық құжатында мүгедек жандардың көптеген қажеттілігі ескерілмеген. Салдарынан технологиялық жабдықтарға деп бөлінген қаржының қомақты бөлігі жобалық-сметалық құжатта қаралмаған қазаншұңқыр, ішкі әрлеу жұмыстары, сыртқы суғару, кондиционер жүйелерін орнатуға жұмсалып кеткен. Ғалымжан Қамытбекұлы – осы мәселені облыс әкімінің қатысуымен өткен мәслихаттың сессиясында көтерген соң ғана сіреске сең қозғалып, оңалту орталығының құрылысын аяқтауға мүмкіндік туды. Жаңадан ашылған оңалту орталығының жұмысын жүргізуге бюджеттен 646,7 млн теңге бөлінетін болып шешілді.
Партия бастамасымен барлық өңірде қолға алынған «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалінің ұйымдастырылуына ұйытқы болып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Ерекше балалардың қоғамдық белсенділігі мен өздеріне деген сенімін арттыруға бағытталған тамаша жоба аясында, әсіресе дені сау балалар мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндердің бір команда болып, бірлескен түрде жеңіске жетуге деген талпыныстары тебірентті.
Пейілі кең, жаны жомарт Ғалымжан Елшібай – азамат ретінде де әрдайым мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып, түрлі бастамаға демеушілік жасап келеді. Мәселен, төлебилік бір топ мүмкіндігі шектеулі жанның жаңарған, түрленген Түркістанда қонақ болуына мұрындық болды. Бірінші және екінші топтағы мүгедек жандар, олардың күтушілері мен әлеуметтік сала мамандарын қосқанда жалпы саны 20 адам рухани астанаға сапар шегіп, тарихи, көрікті орындарды көріп қайтты. Түлеген Түркістанның кереметтерін теледидардан тамашалап қана тамсанып келген ерекше саяхатшылардың тебіренісі мен шын қуанышында шек жоқ еді.
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жанашыр, қамқор тұлға ретінде танылған азамат ерекше балалар арасында талантты балдырғандарды анықтау және олардың шығармашылығын шыңдауға арналған «Сен талантсың, сен дарынсың» атты байқауына демеушілік жасады. Сурет салу, өлең жазу, ән айту секілді өнер бәйгесінің барысында мүмкіндігі шектеулі балалар бойындағы шығармашылық қабілетін паш етіп, көпшілікті керемет туындыларымен, талантымен сүйсінтті. Ғалымжан Елшібай – дарынды бүлдіршіндерді марапаттап, диплом мен бағалы сыйлықтарын тапсырды.
Елім деген елгезек азамат қатарынан екі жыл 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында Төлеби ауданындағы мүгедектігі бар балаларын Шымкент қаласына саяхаттатып, орталық Циркке, хайуанаттар бағына және өнер ордасы театрға қыдыруына атсалысты. Халықаралық зағиптар күніне орай өткізілген «Бар әлемді жүрегіммен көремін» атты мерекелік іс-шараның өтуіне демеушілік жасады. Ғалымжан Елшібайдың ұсыныс білдіруімен «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрағасының орынбасары, зағиптардың жанайқайын шырылдап жеткізіп жүрген Жандар Жанаев Төлеби ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды. Ғалымжан Елшібайдың өзі де елге сіңірген еселі еңбектері бағаланып туған жері – Төлеби ауданының «Құрметті азаматы» атанғанына бірер жылдың жүзі болды. 2021 жылы мемлекет басшысының Жарлығымен берілетін «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
2 миллионға жуық халқы бар Түркістан облысының өзінде мүгедектікке шалдыққан 100 мыңға жуық адам тұратынын ескерсек, мүмкіндігі шектеулілерге осылайша әрдайым қамқорлығын аямай, мүддесін қорғайтын, қам көңіл жандарға жүрек жылуын сыйлайтын жанашыр депутаттың болуы әбден қажет деген ойдамыз.
Облыстық мәслихатта жан-жақты талқыланған саланың бірі – спорт, денешынықтыру. Оның ішінде біздің футболымыз, «Тұран» командасы, одан да басқа клубтарымыздың жағдайлары, қаржылық мүмкіндіктері және спортттық жетістіктері, нәтижелері бір-біріне сәйкес келе ме, келмей ме деген сұрақпен Ғалекең мәслихатта мәселе көтеріп, саланың мамандарын шақырып, футбол клубтарының жетекшілерінің қатысуымен үлкен жиын өткен болатын. Сол жиындағы ауқымды баяндаманы Ғалекең өзі бастамашы болып, өзі жасады. Спорт саласындағы мәселелерді бүге-шүгесіне дейін түгел ашып көрсетіп, қанша қаржы жұмсалғанын, ақталған-ақталмағанын талдап жеткізді. Соның нәтижесінде біздің де футболға деген көзқарасымыз нақтыланып, оның ішінде «қай командаларды қолдап, қайсысын қоя тұру керек» деген нәрсеге көз жеткізіп, бір шешімге келдік. Яғни, Ғалекеңнің жасаған баяндамасы негізінде айтылған пікірлер осы саладағы жұмыстарды біршама реттеуге, жолға қоюға, жүйеге келтіруге сеп болды.
Таяуда ғана облыстағы Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының есебін тыңдадық. Оның ішінде архивтер, байланыс операторларының қызметтері талқыланды. Оған да қатысты біз арнайы комиссия құрып, аудандардағы архив бөлімшелерін аралап, жұмыстарымен танысқан болатынбыз. Тұрақты комиссияда өзекті мәселені кеңінен талқыладық, ал сессияда да осы мәселені Ғалекең облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің алдына көлденең қойды. Төлеби, Қазығұрт ауданындағы архив бөлімшесі ғимаратының әбден тозып, апатты жағдайда тұрғандығын, егер нысан қирап құласа қаншама тарихи құжаттарымыздың жермен-жексен болатынын шыр-пыр болып облыс әкімінің назарына жеткізді. Сол жерде тиісті басқармаға ғимарат мәселесін шешу мүмкіндіктерін қарастыру бойынша тапсырма берілді.
Жалпы, «Ғалекеңнің қоғамдық қызметінен көзі қарақты азаматтардың барлығы хабардар» деп ойлаймын. Ол үнемі журналистерді ұйымдастырып, басын біріктіріп, қаншама шаруаларды қиюластырып жүреді. Бұл жұмыстарды Ғалекең облыстық деңгейде ғана емес, республикалық дәрежеде де абыроймен атқарды. Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филлиалын бес жылдан аса басқарып өңірдегі әріптестеріне көшбасшы болды. Қазақстан Журналистер одағының атқарушы директоры болып республикалық ауқымда бірқатар оң бастамаларды қолға алды. Мұның барлығы оның басшылық, іскерлік қабілетіне тікелей байланысты. «Осы салада жүрген кез келген азамат Ғалекеңнің ұйымдастырушылық қабілетін, кәсібіне адалдығын жоғары бағалайды» деп ойлаймын. Әрбір салада осындай дарынды, жанашыр, ұйымдастырушылық қабілеті басым менеджер мамандар қаншалықты көп болса, біздің қоғам соншалықты алға жылжитын болады.
Ғалекең қызметтес әріптестерінің қолдаушысы ғана емес. Ең бастысы жас журналистерге де үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық жасап, демеп, арнайы жиындар өкізіп жүреді. Ясауи халықаралық университетінде сондай жиындардың бірнешеуіне куә болдым. «Ақпарат саласының үздігі» Ғалымжан Елшібай – жас журналистерге білгенін айтып, үйретіп, жол көрсетіп қана қоймай, талантты шәкірттерге арнайы стипендия тағайындап ынталандыруды дәстүрге айналдырған азамат. Бұл да өзінің ізінен ерген журналистерге құрмет және кәсібіне адалдық деп есептеймін.
Бекарыс ШОЙБЕКОВ,
айтыскер ақын,
мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты