Әрине, төрт жылда ротация арқылы Құрылтай мүшелерінің бірқатары алмасты. Төрт жылда Құрылтайда көтерілген көптеген мәселе мемлекеттің қолдауына ие болып, құқықтық базасы қалыптасты. Ел ішіндегі олқылықтарды жоюға бағытталған қадамдар жасалды. Әлі де талай игі бастама көтерілетіні анық. Осы ретте біз Құрылтай төрағасының орынбасары, сенатор Бибігүл Жексенбаймен сұхбаттасып, ұлт дәстүрімен үндескен институттың атқарған жұмыстары жайлы пікірлескен едік.
– Бибігүл Нұрғалиқызы, міне Ұлттық құрылтайдың кезекті жиыны келіп жетті. Ұлт шежіресінде құрылтайлардың рөлі зор болушы еді. Заманауи Құрылтай ұлт тағдырына әсер ететіндей алаңға айнала алды ма?
– Иә, айналды. Ақтамберді жырау «жақсылар кеңес құрғанда» деп жырлайтын еді ғой, ондағы «жақсы» дегені халықтың ертеңіне елеңдейтін азаматтар болар деп топшылаймын. Қазіргі Ұлттық құрылтай да мемлекет пен ұлт тағдырына бейжай қарай алмайтын азаматтар бас қосатын, ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, шешім іздейтін бірегей алаң. Кезінде хандарымыз бен билеріміз бас қосқан келелі кеңестерде тұтас елдің тағдыры шешілген. Жаңғырып, ХХІ ғасыр талаптарына сай жасақталған біздің қазіргі Құрылтайымыз да ел ертеңіне қатысты салиқалы пікірлер айтылатын, болашақ жайлы ойласатын кеңеске айналды. Ұлттық құрылтай – қоғамдық дамудың заманауи үдерісіне интеграцияланған дала демократиясы дәстүрлерін жалғастырудың бірегей үлгісі. Бұл алаңда елді алаңдатқан пікірлер айтылады, оған мемлекеттік органдар құлақ түреді. Мұнда айтылған сөз тыңдалмай қалмайды. Өйткені Ұлттық құрылтайдың мүшелері – белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, үкіметтік емес сектордың өкілдері. Олар заң жобаларын дайындайтын түрлі сарапшылар тобына, мемлекеттік органдардың жанындағы комиссияларға кіреді, яғни Ұлттық құрылтайдың жұмысының нәтижесі қабылданған заңдардан, стратегиялық құжаттардан, зерттеулерден көрініс табады. Осылайша, олардың жұмысы заңнаманы қалыптастыруға және әлеуметтік инновацияларға тікелей ықпал етеді.
Қазір Қазақстанның Ұлттық құрылтайы қоғамдық бастамаларды талқылайтын және қалыптастыратын маңызды платформа десек, қателеспейміз. Құрылған уақытынан бері ол мемлекеттік басқаруды дамыту және азаматтық қоғамды нығайтуға айтарлықтай үлес қосты. Ұлттық құрылтай қоғамды топтастырып, бұқара мен биліктің диалогіне себепкер бола алатын, сондай-ақ еліміздегі демократиялық үдерістердің дамуына жағымды ықпал ететін маңызды қоғамдық-саяси институтқа айналды. Оның қызметі мемлекеттік құрылыстың және әлеуметтік саясаттың негізгі мәселелерін ашық талқылауға бағытталған.
– Жаңа бір институт ретінде қалыптаса бастаған Құрылтай жұмысына тарихи баға беру болашақтың еншісінде шығар. Дегенмен осынау институттың нақты жетістігін атай аласыз ба?
– Ұлттық құрылтайдың қызметінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер аз болған жоқ. Атап айтқанда, ең алдымен Азаматтық диалогті дамытуға үлес қосты. Нәтижесінде, Құрылтай қоғамның түрлі тобының өкілдеріне өз ой-пікірін білдіруге мүмкіндік беріп, негізгі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді ашық талқылауға жол ашты.
Сонымен қатар Құрылтай аясында маңызды стратегиялық бастамаларды дайындау мүмкіндігі туды. Осылайша, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және экология салаларында реформа жасауға ұсыныстар айтылды.
Құрылтай жұмысы барысында мемлекеттік бағдарламаларға мониторинг жүргізу де көзделді. Сөйтіп, Құрылтай мемлекеттік реформалардың тиімділігін бағалауға және оларды түзетуге көмектеседі.
Тағы бір жетістік ретінде қоғам өкілдерінің мемлекет ісіне қатысуын қамтамасыз етуді кеңейте түскенін атап өтер едім. Құрылтай жұмысының аясында азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қатысу белсенділігі артты. Міне, осы айтылғандардың өзі Ұлттық құрылтайдың маңызды қоғамдық институтқа айнала бастағанын көрсетеді.
– Нақтырақ айтсаңыз...
– Ұлттық құрылтай өз жұмысын бастағаннан бері өткен әрбір алқа отырыстарында белсенді азаматтардан 150-ге жуық ұсыныс пен бастама түседі. Президент Әкімшілігі Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысынан кейін Үкіметпен бірлесіп, Мемлекет басшысының бастамаларын тиімді жүзеге асыру жолдарын айқындады. Нәтижесінде, Президент тапсырмаларын орындауға арналған 40 тармақтан тұратын жоспар қабылданды. Жоспарға сәйкес, 10 заң (есірткі өндіргені үшін жауапкершілікті қатаңдату, лудоманияға қарсы күресу, тарихи нысандарды қорғау, археология саласы, ономастикаға қатысты жұмыс, мемлекеттік наградалар туралы және басқалары) әзірленіп, оның 9-ы қабылданды. Сонымен бірге заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары және басқа да бағдарламалық құжаттар қабылданды. Яғни, Президенттің Атырауда көтерген бастамалары құзырлы мемлекеттік органдардың ұзақ мерзімге арналған жұмысына негіз болып, ауқымды іс-шаралардың жүзеге асуына арқау болып отыр. Қазір Парламент депутаттарының қарауында Ұлттық құрылтай алаңында ұсынылған тағы да бірқатар заң жобасы жатыр.
– Заңдар мен құқықтық нормалардан бөлек, қандай бастамалар жүзеге асты?
– Бұдан бөлек, Ұлттық құрылтай бірқатар бастаманы енгізуге ықпал етті. Атап айтқанда, өңірлерді басқаруда жергілікті қауымдастықтар рөлін күшейту, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігі механизмін дамыту, жастардың бойында цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған жаңа білім беру және балабақша мен мектептерде бала тәрбиесіне ұлттық құндылықтар негізіндегі бағдарламалар енгізу сияқты бастамалар болды.
Алдағы уақытта қоғамның барынша көбірек бөлігін қамту үшін Құрылтай ауқымын кеңейту, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық бағытында да қадамдар жасау, қоғамдық талқылар үшін цифрлық платформаларды да барынша пайдалану артық болмайды. Бұл Құрылтай жұмысын тіптен жандандыра түседі деп ойлаймын.
Жалпы, Қазақстанның Ұлттық құрылтайы ашық және тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыруға көмектесе отырып, азаматтық қоғамды дамыту ісінде басты рөл атқаруын одан әрі жалғастырады. Оның жұмысы демократиялық институттарды ұзақ мерзімге нығайтуға және азаматтарды елді басқаруға жұмылдыруға бағытталып отыр.
Сөз басында нақты заңнамалық құқықтық нәтижелерін атасақ, енді қоғамдық пайдасына тоқталғым келіп отыр. Меніңше, Ұлттық құрылтайдың құрылуы – Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістердің маңызды кезеңі. Оның негізгі мақсаты – халық пен билік арасында ашық диалог орнату, ұлттық бірлікті нығайту және елдің даму бағытын айқындау. Құрылтай аясында бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізілді. Бұл тұрғыдан алдымен халық пен билік арасындағы диалогтің нығайғанын атап өткен болар едік.
Ұлттық құрылтай ең алдымен, әртүрлі өңірден, әлеуметтік топтардан және салалардан жиналған өкілдердің пікір алмасуына мүмкіндік берді. Бұл заң мемлекеттік деңгейде шешім қабылдау процесіне азаматтардың тікелей қатысуын қамтамасыз етіп, қоғамдағы сенімді арттыруға ықпал етті.
Екіншіден, Құрылтай ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға ықпал етті. Құрылтайда ұлттық бірегейлік, мәдени мұраны сақтау және дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, тарихи сананы жаңғырту және ұлттық дәстүрлерді жаңа заманға сай үйлестіру бағытында ұсыныстар жасалды.
Үшіншіден, әлеуметтік және экономикалық реформаларды жетілдіруге бағытталған ұсыныстарға мұрындық болды. Құрылтайда азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жастарды қолдау, ауыл-аймақтарды дамыту, кәсіпкерлікті өркендету сияқты мәселелер қозғалды. Сарапшылар мен қоғам белсенділері нақты ұсыныстар беріп, олардың кейбірі мемлекеттік саясатқа енгізілді.
Төртіншіден, Ұлттық құрылтай этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға үлес қосып келеді.
Қазақстанның көпэтносты қоғам ретіндегі ерекшелігін ескере отырып, Құрылтайда этносаралық татулықты сақтау, толеранттылықты дамыту және азаматтық біртектілікті қалыптастыру бойынша бастамалар көтерілді. Бір ұлт – бір мүддеге қазақстандықтардың жұмылуына негіз болды.
Бесіншіден, Құрылтай мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал жасай бастады.
Ұлттық құрылтай нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, жергілікті басқаруды күшейту, әкімшілік реформаларды жалғастыру және халықтың билікке деген сенімін арттыру шаралары қарастырылды.
Ұлттық құрылтайдың жұмысы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде маңызды өзгерістер жасауға серпін берді. Оның нәтижесінде қабылданған шешімдер елдің тұрақты дамуына, ұлттық бірегейліктің нығаюына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Құрылтайдың тұрақты түрде өткізілуі Жаңа Қазақстанның демократиялық қағидаттарға негізделгенін көрсетеді және халықтың ел басқару ісіне белсенді қатысуын қамтамасыз етеді.
– Менің білуімше, Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою, баланы қорғау, мемлекеттік марапаттарды реттеу сияқты ойлар айтылды. Кей азамат бұл мәселелерді екінші, үшінші қатардағы дүние деп ойлауы мүмкін. Ал бұл мәселелердің өзектілігі неде?
– Иә, қазіргідей жаһандағы геосаяси жағдай қысқа күнде қырық құбылып тұрғанда бұл айтылған дүниелер отбасы, ошақ қасының әңгімесіне ұқсап кетуі мүмкін. Алайда әйел мен баласыз отбасы болмайды. Ал әр отбасы – Отанның бір-бір кірпіші. Демек, отбасындағы зорлық-зомбылықты жою, балалардың алаңсыз өмірін қамтамасыз ету тұтас елдің тыныштығын, бақуаттылығын сақтау деп білемін. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісіне баса мән беріп келеді. Бұл – прогрессивті мемлекет құрудағы басты фактордың бірі. Тіпті, жуырда 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мейрамында Президент «Аналар алаңсыз қоғамда балалар бақытты өмір сүреді» деген ой айтты. Меніңше, аналар алаңсыз болу үшін олардың құқы қорғалып, отбасында бақытты өмір сүруі керек. Сол себепті Ұлттық құрылтайда дәл осындай мәселелердің көтерілуі дұрыс деп санаймын.
Әрі Ұлттық құрылтай алаңында жан-жақты талқыланғаннан соң әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заң қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Ал қабылданған арнайы заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылады.
Әу баста бұл бағыттағы алғашқы бастамалар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері берген ұсыныстар мен ұсынымдар негізінде әзірленген еді. Кейін заңды даярлауға Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері белсене атсалысты. Жаңа заң – Президенттің қоғамдағы бес кеселмен күресу жөніндегі жалпыұлттық бастамасы аясында қабылданған нақты шараның бірі болатын. Президент Атыраудағы сөзінде қоғамдағы кеселдің бірі ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты, буллинг пен агрессияны да атап өткен еді. Ал бұл келеңсіздіктер сапалы ұлт болып қалыптасуға кесірін тигізеді. Отбасында береке болмаса, қоғамның түзелуі екіталай. Сондықтан Құрылтайда айтылған пікірлер мен ұсыныстардың ұлт болашағына, сапасына тікелей қатысы бар екенін ескеру қажет.
Енді мемлекеттік наградаларға қатысты бастамаларға тоқталайын. Естеріңізде болса, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» орденінің дәрежелеріне ұлт батырларының есімін беруді ұсынды. Сондай-ақ Президент Талдықорғандағы әскери авиабазаға Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің есімін беру туралы мәселе көтерді. Бұл бастамалар биыл 80 жылдығы атап өтілетін ортақ Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан соғыс және еңбек ардагерлеріне жасалған шексіз құрметтің белгісі деуге толық негіз бар. Мемлекеттік наградаларды атақты тұлғалардың атымен атау тәжірибесі көптеген елде бар. Енгізілген түзетулерге сәйкес, «Айбын» орденінің дәрежелеріне аты аңызға айналған батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді. Мұндай қадам халық қаһармандарының есімін ұлықтауға, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға және отаншылдық сезімді оятуға зор үлес қосады деп сенеміз.
Ұлттық құрылтайда талқыланғаннан кейін Парламенттегі әріптестеріміз «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградалар туралы заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын. Кейін заң қабылданды. Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған үшінші заң.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөздерінде еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу қажеттігі туралы үнемі айтып жүр.
Еңбек адамдарына құрмет туралы да Ұлттық құрылтайда ел Президенті айтқан болатын. Ал құрмет іс жүзінде көрінуге тиіс еді. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануын сол құрметтің белгісі деп білемін. Қазір осы саладағы білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Енді мемлекеттік наградалар жүйесіндегі бұрыннан бар 6 құрметті атақ жаңаларымен толығады. Атап айтқанда, ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлерге, сәулетшілерге және құрылысшыларға, кеншілер мен шахтерлерге, геологтарға, өнеркәсіп, көлік, ауыл және су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне берілетін құрметті атақтар қосылды.
8 наурыз қарсаңында осындай екі марапат алғаш рет тапсырылды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы еңбек ардагері Ольга Шелудькоға берілсе, ал өндіріс озаты Майра Ерманова «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» атанды.
«Осындай нағыз еңбек адамдарына бүкіл ел болып құрмет көрсетіп, оларды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Жұмысшы мамандықтары жылының түпкі мәні де – осы» деді салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы.
Елімізде жұмысшы мамандықтарының мәртебесі біртіндеп артып келеді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп жатыр. Өндіріс озаттары мен еңбек династияларының өкілдеріне тұрақты түрде мемлекеттік наградалар беріледі. Кәсіби мерекелер кеңінен аталып өтілетін болды.
Қажырлы еңбектің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді және еңбек адамының беделін одан әрі көтеруге септігін тигізеді.
– Ол түсінікті, Ұлттық құрылтайда тіпті құмар ойындары мәселесі де көтерілді ғой. Ол да маңызды ма еді?
– Неге маңызды емес? Лудомания біздің елде ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін деңгейге жетіп қалды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жетекшілігімен Қауіпсіздік кеңесінің бір отырысы осы мәселеге арналған еді. Құмар ойындары отбасын ойрандап, азаматтарды кедейлікке түсіреді, психологиясын бұзады, қылмыстың өршуіне әсер етеді. Орасан зор көлемдегі ақша букмекерлерге, соның ішінде шетелдіктерге кетеді. 2023 жылдың күзінде Денсаулық сақтау министрлігі лудомания бойынша тіркелген 36 мың адам бар екенін мәлімдеді. Олар психологиялық тұрғыда құмар ойындарына тәуелді болып қалған, медицина мамандары сырқат ретінде бағалап отырғандары ғана. Әйтпесе, есепке алынбағандары өте көп. Тіпті, мемлекеттік қызметшілердің жүздеген миллион теңгені казиноларда ұтқызып жібергені жайлы ақпараттар да шыққан. Нақты мысал айтайын, 305 адам 507 млн теңге ұтқызған. Құмар ойнағандардың арасында мемлекеттік қызметшілер де аз болмапты. Сондықтан құмар ойындарына тәуелділікті қоғам талқылап, тосқауыл қоюымыз керек. Сол себепті Ұлттық құрылтайда бұл мәселенің көтерілгенін орынды санаймын. Құрылтай бастамаларының бірі болған әрі Парламент депутаттары әзірлеген заңға Президент былтыр шілдеде қол қойды. Ол заң жобасы екі жылға жуық талқыланды. Сөйтіп, құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қалыптасты. Осы құжатта борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі азаматтарға қатысты шектеу шаралары енгізілді. Бұл – 3,5 миллионнан астам адамды құрайды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына, букмекер конторалары мен тотализаторлардың барлық жердегі сыртқы жарнамасына тыйым салынады. Бұдан былай байланыс операторлары ұялы телефонға жарнамасы бар мәтіндік хабарламаны жібере алмайды.
Сонымен қатар лицензиясы жоқ шетелдің букмекерлік контораларының, тотализаторларының интернет ресурстарына және онлайн-казиноларға толық тосқауыл қойылды.
Лудоманияға шалдыққан азаматтарды сауықтыруға қатысты бірқатар шара қарастырылды. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленді. Мұндай адамдарды, құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді.
Қысқасы, бәс тігіп, құмар ойындарын ойнауға бүйрегі бұрып тұратындардың санын азайтуға барымызды салып жатырмыз. Өйткені ұлтты құрдымға сүйреуі мүмкін қатерлердің арасында осы құмарпаздық та бар. Демек, осындай өзекті мәселе Құрылтайда талқылануға тиіс еді. Солай болды да.
– Жалпы, Ұлттық құрылтайдың нақты рөлі қандай, мазмұны ше?
– Ұлттық құрылтайдың рөлі – қоғамдық үнқатысудың жаңа моделін қалыптастыру, әртүрлі саяси көзқарастағы азаматтардың басын қосып, елдің тәуелсіздігін сақтап қалуда бірігуге ықпал ету. Сонымен қатар Құрылтай әлеуметтік әділетсіздік сияқты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарды талқылайтын институт. Атауының өзі айтып тұрғандай, бұл институт – диалог пен кеңесу орны. Әрі ұлт жадындағы саяси дәстүр мен заманауи амалдардың үйлесім тапқан алаңы.
Ұлттық құрылтайдың жұмысы елдің тарихи жадын жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға бағытталған. Бұл құрылтайдың отырыстары Ұлытау, Түркістан, Атырау сияқты тарихи маңызы бар қалаларда өткізіліп, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға және шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Осылайша, Ұлттық құрылтай Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарып, ұлтты біріктіру және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолында қызмет етеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Амангелді ҚҰРМЕТ