Бизнес қауымдастық мұны «сауда соғысы» деп бағалады. Араша түскен Сыртқы істер министрлігі Мәскеуге наразылық нотасын жіберді. Бұл ретте ресейлік кеден қызметі барлығын емес, жекелеген жүк түрлерін тәркілеуге көшкені белгілі болды. Бірақ бұдан кәсіпкерлеріміздің ахуалы жеңілдеген жоқ. Солтүстік көрші тарапынан шектеу-тыйым тек көбейіп барады.
Бір түйін тарқатылғанмен...
Сауда және интеграция министрлігі сүйінші сұрады. «Ресей–Беларусь шекарасындағы қазақстандық тасымалдаушылар үшін қойылған тосқауыл алып тасталды! 2024 жылдың 8 қаңтарынан бастап РФ ФҚҚ Шекара қызметі қазақстандық тасымалдаушыларға Ресей–Беларусь шекарасын кесіп өтуге толық тыйым салған-тын. Сәйкесінше, Беларусь аумағы арқылы Еуропадан Қазақстанға және оған қарсы бағыттағы барлық транзиттік жол жабылған еді» деп еске салды ведомство.
Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында жүргізілген жедел келіссөздер нәтижесінде 2024 жылғы 12 қаңтарда қазақстандық тасымалдаушылар үшін «Езерище–Невель» (Лобок) шекара өткелі ашылған. Өзге өтпелер жабық қалды. Содан Астана одақтың жоғарғы органдарына шағымданды. Қазақстан тарапы Еуразиялық экономикалық комиссияға Мәскеудің бұл тірлігін «тосқауыл» деп ресми қарастыру және алғызып тастау туралы үндеу жолдады. Одақ асықпағанға ұқсайды.
– ЕуразЭК алаңында қазақстандық сарапшылар Ресей тарапының әрекеті ЕАЭО туралы шарттың қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ету бөлігіндегі ережелеріне қайшы келетінін дәлелдеді. Бұл ЕуразЭК-тің тосқауыл белгілерінің болуы туралы қорытындысымен де расталды. Консультациялар қорытындысында Мәскеу шектеуін алып тастауға шешім қабылдады, – деп түсіндірді Сауда министрлігі.
Сөйтіп, бүгінде қазақстандық тасымалдаушыларға Ресей–Беларусь шекарасынан өтуі үшін 6 бақылау-өткізу пункті ашық: Юховичи – Долосцы, Езерище – Невель, Лиозно – Кругловка, Редьки – Красная Горка, Звенчатка – Дубовичка, Селище – Новозыбков. Енді қазақстандық бизнес осы 6 бағыт бойынша өткізу пунктерінен емін-еркін өте алады.
Алайда кәсіпкерлердің айтуынша, бұл тек – РФ қойған қаптаған кедергінің біреуінің ғана шешімі. Өзге кедергілер жойылған жоқ.
– Ресейлік шекарашылар мен кеденшілер біздің тауарларды асықпай, ұзақ, жіті қарайтынды шығарды. Себебін сұрасақ түсіндірмейді. Тәркіленген жүгінің соңынан қуынған кәсіпкерлеріміздің бірінің үстінен жаламен іс қозғап, Ресейге кіруіне 5 жылға тыйым салды. Бұл істе одақтан қайыр шамалы болып тұр. Мысалы, Қазақстан жағы шекарадағы «Сырым» және басқа өткізу пункттерін реконструкциялап, 8 қозғалыс жолағын 12-ге дейін көбейтіп жатыр. Алайда автокөлік ағынының өту жылдамдығы бәрібір артпайды, шекарадағы кезек пен дүрбелең сақталады. Себебі РФ Қазақстанмен шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғыртуды 2028 жылдан әріге ысырды, – дейді тасымалдаушы компанияның өкілі, заңгер Мұратбек Сұлтанов.
Екі ел арасындағы сауда-саттық пен экономикалық қатынастар өркен жаюы үшін, әрине Ресей тарапының да шекаралық сызықтағы инфрақұрылымын жақсартудың қамын жасағаны маңызды. Жыл санап алыс-беріс артқандықтан ескі бекеттер жүк және жеке көліктің ұлғайған ағынын еңсеріп үлгермей жатыр.
Ырғасу емес, ынтымақтасу маңызды
Бизнес қауымдастықтың айтуынша, РФ жағы өз аумағы арқылы шетелге тасымалдауға тыйым салынған тауар түрлерінің ауқым-ассортиментін биыл күрт арттырды. Бұл туралы олар Қазақстанды хабардар етпеген. Біздің жауапты органдар экспорттаушылар арасында РФ территориясымен нені тасымалдауға тыйым салынатынына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген. Соның салдарынан тәркілеу туындады, Ресеймен арадағы сыртқы экономикалық қызмет күрделенді.
«Атамекен» ҰКП-ның БҚО бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Өтешева Ресей тарапы енгізген барлық тыйым-шектеудің тізімін кәсіпкерлер арасында таратуға тырысып жатқандарын жеткізді, әйткенмен, бұл істе мемлекеттің көмегі керек. Оның айтуынша, Қазақстан өзінің өткізу пункттерінде тиісті стенд орнатып, онда ресейлік «жаңашылдықтар», шектеулер мен тыйымдар туралы толыққанды әрі өзекті ақпаратты іліп қоюы қажет.
Онымен танысқан жүк тасушы әрі баспай, ел шетінен кері орала алады. Э.Өтешева онда жеке тұлғалардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың мемлекеттік шекара және РФ аумағы арқылы нені тасымалдай алмайтыны бөлек-бөлек жазылуы керек екеніне екпін түсірді.
Қазір отандық тасымалдаушыларды Ресейде жаппай ұстап алу деректері тіркелмеген. Алайда бизнес қауымдастықтар ресейлік кеденшілер мен құзырлы органдардың қазақстандық жүк көліктерін «кідіртуі», тіпті жүгінен «арылтуы» жалғасатынын ескертті. Өйткені соған негіз болған себептер жойылған жоқ. РФ үкіметінің тиісті қаулылары күшінде қалды. Мұның сыртында ресейлік ақпарат құралдары жазғандай, РФ Федералдық кеден қызметі қазақстандықтарды контрабандалық тауар тасиды деп айыптаған. Нақты дәйек келтірмегендіктен, мұнысы шындықтан гөрі жалаға көбірек ұқсайды. Кез келген елдер арасында кездесе беретін мұндай жекелеген жағдай бір тараптың жаппай шектеу немесе тыйым енгізуіне заңды себеп бола алмайды.
Айта кетер жайт, жуырда отандық кәсіпкерлер ресейлік кеден органдарының негізсіз іс-әрекеттеріне шағымданып, Парламент депутаттарына жүгінген болатын. Олар Ресей үкіметінің 2022 жылғы 9 наурыздағы №311, №312, №313 қаулыларына өзгерістерге сілтеме жасап, Еуропа елдерінен халықаралық транзиттік тасымалдар шеңберінде Қазақстанға келетін жүктерін тексеріп, мүлдем кешіктіріп, кей жағдайда бермей жатқанын баяндады.
– Қазақстандық тасымалдаушылардан алынған ақпарат бойынша мұндай шектеулер Қытайдан Қазақстан мен Ресей арқылы транзитпен Еуроодақ елдеріне тасылатын жүктерге де қатысты болды. Көліктер тоқтатылып, жүктер көптеген тексеруге ұшырайды. Бұл біздің шағын және орта бизнеске айтарлықтай шығын әкелді. Олардың қолындағы онсыз да аз көлік РФ аумағында қаңтарылып тұрып қалды. Жүктерді тексерудің қосымша шығындарын да солар көтереді. Күту кезеңінде тұрған жүргізушілерінің түнеуі мен тамақтануына ақы төлеп, шығынға батты. Жеткізу мерзімдерін бұзғаны үшін шетелдік контрагенттері ірі айыппұл санкцияларын салып жатыр, – деді Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев.
Оның түсіндіруінше, жоғарыда аталған қаулылар аясында Ресей өз аумағынан тауарлардың жекелеген түрін әкетуге уақытша шектеу қойды. Алайда бұл қаулыларда тыйымның РФ аумағынан тыс жерлерде басталатын және аяқталатын халықаралық транзиттік тасымалдарға қатысты болатыны көрсетілмеген.
– Біздің ойымызша, ресейлік кеден органдарының үшінші елдерден тауарлар транзитіне тосқауыл қоюы тек одақтың емес, тіпті Ресейдің қаулыларына қайшы және қазақстандық импорттаушылар мен экспорттаушыларға залал келтіріп, екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығына теріс әсер етеді. Қалыптасқан жағдай Еуразиялық одақтың мәні мен нормаларына қайшы келеді. Осыған сүйеніп, біздің Үкімет отандық бизнестің мүдделерін қорғауы және бұл мәселені ресейлік әріптестерімен реттеуі қажет, – деп санайды депутат.
Тыйым тізімді зерттеуді талап етеді
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің түсіндіруінше, «одақтасымыз» осы арқылы Қытайдың және басқа елдердің бірқатар өнімінің Еуропа мен Украинаға өтіп кетуіне тосқауыл қойып жатыр. Мәскеу ол тізімге «әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін» деп санайтын өнімдердің бәрін енгізді. Бұл тізім өте үлкен. Мысалы, ағаш, түрлі аспап, компрессорлар, электрлі қозғалтқыштар, жабдық-агрегаттар, электр трансформаторлар, коммуникация құралдары, кейбір метал түрі, уран, әскери техника, жүк көліктері мен дрондарға дейінгіні қамтиды.
– Ресейлік кеден қызметінің қазақстандық тасымалдаушыларды ұстауы – РФ үкіметінің 2022 жылғы 9 наурыздағы №313 қаулысына 2024 жылғы 15 қазанда енгізілген соңғы түзетулердің қолданылуымен тікелей байланысты. Бұл түзетулерге сәйкес, арнайы тізімге кіретін жекелеген тауар түрін Еуропалық Одаққа және басқаларына (ЕО-дан тыс тағы 22 мемлекетке) әкетуге қатысты бұған дейін енгізілген тыйымдар енді қосымша тауарларға да таралатын болды, – деді С.Жұманғарин.
Вице-премьердің түсіндіруінше, осы тыйымды жүзеге асыру үшін ресейлік кеденшілер ресейліктердің ғана емес, сондай-ақ РФ территориясымен, оған тоқтамай транзитпен өтетін қазақстандық компаниялардың жүктерін де жаппай тексеріп, кеңейтілген тізбеге кіретін тауарларды тегіс тәркілеуге кірісті.
– Аталған тауарларды Ресейден әкетуге қатысты тыйым Ресей территориясы арқылы өтетін транзиттік жүктерге де қолданылады. РФ өзіне «қас ел» санатына жатқызған елдермен сыртқы сауда келісімшартын жасасуға кедергі қойып жатыр. Бұл ретте Ресей тарапы осы түзетулер күшіне енгенге дейін қазақстандық тарапты хабардар етпей, осы шектеулерді біржақты тәртіппен енгізді, – деді С.Жұманғарин.
Үкіметтің дерегінше, осы шектеу аясында бұған дейін мысалы, Қытайдан жүк тиеп, Қазақстан мен РФ аумағы арқылы Еуроодақ елдеріне транзитпен бет алған қазақстандық тасымалдаушылардың 20 жүк көлігін ұстау жағдайлары тіркелді. Ол фураларда тыйым салынған әскери немесе қосарланған мақсаттағы тауарлар болмаған. Негізінен, «литий-ионды аккумуляторлар» тиелген. Дегенмен бұл тауарды да Мәскеу енді Ресейден әкетуге тыйым салынған жүктер тізіміне қосыпты.
Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, бұған қарсы Қазақстан Еуразиялық одақтың сотына шағымданбаған екен. Астана бәрін келіссөзбен шешуге тырысып жатыр. Үкімет басшысының орынбасары жүк тасымалдаушылар жүгінен айрылып қана қоймай, олардың үстінен іс қозғалып, қомақты айыппұл төлейтінін ескертті.
– Айта кету керек, РФ аумағынан тауарларды әкетуге қойылған тыйымдар мен шектеулерді сақтамағандардың үстінен Ресейдің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 16.3-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалады. Тауарлары тәркіленіп немесе онсыз 50 мыңнан 300 мың рубльге дейін (шамамен 1,6 миллион теңге) әкімшілік айыппұл салынады. Осы жағдайды шешу мақсатында Қазақстанның Сауда, Сыртқы істер министрліктері Ресейдің уәкілетті органдарымен келіссөздер жүргізді, – деді вице-премьер.
Өз кезегінде еліміздің Сауда және интеграция министрлігі Ресейдің Экономикалық даму министрлігіне қазақстандық жүк көліктерін бұғаттаудан босатып, межелі жеріне шығарып салуды немесе оларды Қазақстанға қайтару мәселелерін шешуді сұрап, хат жолдады. Мәскеу тарапынан әзірге Астана күткендей оң реакция байқалмайды.
Заңгер Мұратбек Сұлтанов Қазақстанның бұл талабының заңды, ал Ресей шектеуі – одақ заңнамасына қайшы екенін айтты. Еуразиялық одақтың Кеден кодексінің 381-бабына сәйкес, оның бір мүшесі қандай да бір тауарды ЕАЭО кедендік аумағынан әкетуге тыйым салуға шешім қабылдаса, онда оның кеден органы ұсталған тауарларды тәркілемейді, декларантқа, меншік иесіне қайтаруы шарт. Алайда Ресей өзі арқылы транзитпен өтетін дрондар, оларға бекітілетін аккумуляторлар, әскери киімдер, жүк көліктері және басқасы соғыс жүргізу үшін керек болған соң, иесіне қайтармай, өзіне алып қойып жатыр.
Осыған байланысты Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі проблемаға назар аудартып, РФ Сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдады. Алайда Ресей тарапы өз әрекетін «заңсыз» санамайды. РФ Үкіметінің Қазақстан Үкіметіне жолдаған хатында «Қазақстан Республикасының аумағынан келіп жеткен жүктерге қатысты аталған тыйым мен шектеу шаралары экспорттық бақылау шараларына сәйкес қолданылып жатқаны» атап өтілген. Мәскеудің байламынша, мұндай тосқауылға одақтың заңы жүрмейді, себебі ол «ұлттық құзыретке жатады».
«Тауарлардың жекелеген түрлерін соның ішінде транзитпен әкетуге қатысты тыйым оларды РФ үшін «қас елдердің» пайдалануына жол бермеу мақсатында енгізілді» делінген Ресейдің түсініктемесінде.
Ал Қазақстан Үкіметі бұл мәселелерді әрі қарай тұрақты бақылауда ұстауға, бұл мәселені екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында да талқылауға ниетті.
Қазір ірі державалар өз одақтастарын отқа да, суға да салатын заман туды. Ондай жағдайда ұлттық мүдделерді сақтап қалу, жеңілмеу, жем болмау үлкен дипломатияны, білікті қимылды, сауатты шешімдерді талап етеді.
Қалай болғанда, тасымал саласында туындаған түйткілді проблема жауырды жаба тоқымай, ашық айтылды. Оның шешімі қандай болатынын алдағы уақыт көрсетеді. Оған дейін кәсіпкерлерге континентіміздің жартысын жалпағынан басып жатқан көршіміз өз аумағынан өткізбейтін тауарлардың тізімін мұқият зерделеп, жүк көліктерінен, контейнерлерінен оларды алып тастау ғана қалады.
Елдос СЕНБАЙ