Шынымен, нуы мен суы жарасқан өңір қоршаған ортаның сыйына бай. Демек, облыстағы туризмнің қанат жаюына ешкандай кедергі болмауы тиіс. Алайда дәл қазіргі аймақтағы ахуалға қарап олай деп айту қиын. Өкінішке қарай, Жетісудағы туризмнің жоғы әлі түгелденбей отыр.
Жетісу облысының туристік әлеуеті туралы айтқанда, өңірдің мүмкіндігін бірнеше бағытқа бөліп қарастырған жөн. Оның ішінде табиғи туризмнің алатын орны ерекше. Аймақтағы Алакөл мен Балқаш жағалауының даңқы дүниежүзіне аян десе болады. Әсіресе, Алакөлдің шипалы суына шомылуға асыққан жұрттың қарасы жаз маусымында тіптен артады. Дәл осы жағажай туризмнің негізгі ошағы деп Алакөлді айтамыз. Балқаш көлінің жартылай тұщы, жартылай тұзды жағалауы да турист тартатын мекенге айналған. Су спортының дамуы мен балық аулауға қолайлы орта да осы екі айдынның аумағына тән болып отыр. Мұнан бөлек, «Алтын Емел» ұлттық қорығындағы «Әнші құм» мен Бесшатыр қорғаны туристер жиі таңдайтын аумаққа айналса, «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің таңғажайып табиғаты тау туризмін дамытуға таптырмайтын мысал болып отыр. Сондай-ақ Жетісудағы табиғи, тарихи орындарға деген қызығушылық артып келеді екен. Әрине, қуануға тұрарлық. Алайда бұл бағыттағы істе ілгерлеушілік болғанымен, ілкімділік болмай тұрғанын да жасырмауымыз керек.
Дерекке жүгінсек, 2024 жылы Жетісу облысына 2 миллионнан астам адам келген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға артық. Ал өңірдің туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі шамамен 12 млрд теңгеге жеткен көрінеді. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені аймақтың туристік әлеуетінің жоғары екенін айттық. Демек, табиғаттың өзі сыйлаған таңғажайып өңірдегі туризмді дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбей отырғаны қынжылтады. Жалпы, туризмнің дамуына ықпал ететін фактор ретінде табиғи орындардың ерекшелігіне ғана назар аудару аз, оның сыртында инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасының деңгейі бөлек әңгіме. Дәл осы екі себеп облыста ақсап тұрғандай. Мұның сыртында өңірдің туристік әлеуетін саралап, демалушылармен тікелей жұмыс істеу де маңызды. Бұл жұмыспен барлық облыстарда арнайы басқармалар айналысып отырғаны белгілі. Ең қызығы, Жетісу облысында Туризм басқармасы жабылып қалған. Рас, былтыр өңірдің Туризм басқармасы таратылып, тұтас жұмысқа жауапты мамандар түгелге жуық қысқарған екен. Қазір жер жәннатындағы туризмді дамытуға Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қарайтын «Жетісу» туристік ақпараттық орталығы жауапты. Ал Visit Zhetysu деп ат қойып, айдар таққан бұл мекемеде маман жетіспейді екен. Өйткені мамандар 100 мың теңгенің айналасында жалақы алады, тіпті орталық басшысының өзі 165 мың теңге айлықты қанағат тұтып отыр-мыс.
– Туристік әлеуеті үлкен облысқа Туризм басқармасы ауадай қажет. Себебі басқарма біздің жұмысты істей алады, ал біз басқарманың жұмысын істей алмаймыз. Мәселен, басқарма 5-10 жылдық жоспар құрып арнайы бағытпен жұмыс істейді. Алакөлді дамыту үшін «жол, жағажай, электр энергия жетіспейді» деп өзекті мәселелердің шешу жолдарын дайындайды. Екінші, жалақы мәселесі. Орталықта маман тұрақтамайды. Төмен жалақымен білікті маман ұстау өте қиын. Бізде туризмге жаны ашитын мамандар ғана жұмыс істеп жүр. Орталыққа жастарды да шақырып көрдік. Оларға туризм саласын үйретіп боламын дегенше, жұмыстан шығып кетеді. Мамандардың жалақысы көтерілсе жақсы болар еді, – дейді Visit Zhetysu орталығының басшысы Жандос Нуриев.
Соған қарамастан, Жетісу жеріндегі туризмді дамытуда ілгерлеу бар. Қазір аймақтағы туристік бағыт су, экология және тау туризмдеріне арқа сүйейді, яғни 5 дестинацияға негізделген. Атап айтқанда, Алакөл, Балқаш көлдері, «Жоңғар Алатауы» мен «Алтынемел» ұлттық парктері және тау туризмі дамып келеді. Инфрақұрылымды дамыту бағытында қабылданған шаралардың арқасында былтыр өңірдің туристік нысандарына Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірде туризмді дамыту мақсатында туристік объектілерге апаратын жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, бірінші кезекте Алакөл көліне көлікпен жетуге қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, «Талдықорған – Үшарал» және «Үшарал – Достық» автомобиль жолдары, сондай-ақ әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңартылды. Осы орайда пойыздар саны он екіге дейін ұлғайтылды. Осылайша, көлге Астана, Алматы, Өскемен, Семей және Қызылорда қалаларының пойыздары, сондай-ақ «Астана – Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы қатынайды. 2025-2027-жылдары жоғары вольтты электр беру желілерін, кәріз тазарту құрылыстарын салу және жағалауды нығайту арқылы Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Сонымен қатар электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесі де шешілуде. Осы орайда Алакөл курорттық аймағындағы туризм нысандары санының 1,5 есеге жуық өскенін де атап өткен жөн. Шағын авиация мен су көлігінің қызметін реттеу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Алакөл мен Балқаш көлдерінде су көлігін тұраққа қою мен пайдаланудың, сондай-ақ ұшу аппараттарын қолданудың қағидаларын белгілейтін нормативтік акт әзірленді.
Өңірде туризмді дамытуда Балқаш көлінің маңызы зор. Көлге апаратын жолды жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, мамыр айында, яғни шомылу маусымы басталғанға дейін аяқталады. Сонымен қатар былтырғы жылдан бастап Лепсі стансасынан Балқашқа дейін электр беру және сумен жабдықтау желілері тартылуда, биыл аяқтау жоспарланған. Ал мұнан кейін көл жағасында 16 шақырымдық рекреациялық аймақты жайғастыру жұмыстары басталады деп межеленіп отыр. Сондай-ақ «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктерінің және Жоңғар Алатауы тау алабының әлеуетін ескере отырып, өңірде экологиялық туризм белсенді дамытылуда.
Жалпы, Жетісу облысының аумағында 442 туристік нысан орналасқан. Былтырғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңірде ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 6,6 млрд теңгеге жетті.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Жетісу облысы