Қарағанды облысында мемлекет қаржысына қол салу азаймай тұр. Ақшаны шенеуніктер де, мемлекет қазынасын пайдаланатын кейбір сервистік компаниялар да иемденіп кеткен. Құзырлы органдар қазына қаржысына қол салғандардың мемлекетке келтірген шығыны миллиондап саналатынын алға тартады.
Бюджетке қол салу азаймай тұр
коллаж: Елдар ҚАБА
381
оқылды

Қарағанды облысы бойынша Эконо­микалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ержан Өтебаев «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның Қарағанды филиалы орталық аппаратының мердігері және лауазымды тұлғаларының 450 миллион бюджет қаражатын ұрлағаны туралы айтады. Олар сотталғандарға киім-кешек пен аяқкиім тігуге бөлінген ақшаны жымқыр­ып кеткен.

Былтыр Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жылу желілерін жаңғырту жобасы бойынша республикалық бюджетке 573 миллион теңгені қайтарған. Бұл Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінің арқасында жүзеге асты. 

– 98 мың тонна коммуналдық көмірді шетелге экспорттау фактілері анықталды. Біздің бастамамыз бойынша 8 сатып алушы аймақтық операторлар тізілімінен шығарылды. Бес адам күдікті ретінде танылып, үшеуі қамауға алынды, іс биылғы жылдың бірінші тоқсанында сотқа жолда­нады, – деді Ержан Өтебаев.

Сондай-ақ Қарағанды облысындағы жеті ауданның төртеуіне қызмет көрсететін өңірдегі ірі электр жеткізушісі де Эконо­микалық тергеу департаменті қызметінің назарына іліккен. Монополист соңғы үш жылда желілерді жаңғырту қажеттігін алға тартып, тарифтерді көтеруге тұрақты түрде өтінім беріп отырған. Соның сал­дарынан желілер жөнделмей, қаржы еншілес компаниялар арқылы өтіп кеткен. Бұл ретте монополист инвестициялық бағдарлама бойынша шығындарды 624 миллион теңгеге асыра көрсеткен. Соны­мен қатар әдейі бұрмаланған тарифтік сметаларды ұсыну фактісі де анықталған, сөйтіп кәсіпорын 289 миллион теңге көлемінде артық пайда алған. 

Қа­ра­ғанды облысы бойынша Экономи­ка­­лық даму департаменті мамандарының  айтуынша, қазір қызмет көрсетуші ком­пан­­ия­ға қатысты тергеу жүріп жатыр дейді.

Бүгінде бюджет қаражатының ұрлан­уына қатысты департамент жеті эпизод бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап кеткен екен. Оның ішінде «Агроөнеркә­сіптік кешенді дамыту» республикалық жобасы бойынша субсидия түрінде бөлінген 390 миллион теңгенің ұрлануы жайында сотқа дейінгі тергеулердің бір­ыңғай тізіліміне екі факті тіркелсе, оның Нұра ауданы бойынша қылмыстық іс аяқталып, сотқа жіберілген.

Сонымен қатар Қарағандыдағы ма­ман­дандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығына қатысты 33 жүк көлігін алғашқы тіркеу үшін міндетті төлем төлемей, заңсыз тіркеген қылмыстық істің тергеуі де аяқталды. Салдарынан бюд­жет 750 миллион теңге шығынға ұшы­ра­­ған, енді арнайы ХҚКО-ның бұ­рынғы басшыларына қандай жаза тағай­ындалатынын сот анықтайды.

Көлеңкелі экономика, заңсыз өндіру, криптовалюта айналымы және қаржылық пирамидалармен де күрес жалғасуда.

Қарағанды облысы бойынша Эконо­микалық тергеу департаментінің қызмет­керлері былтыр барлығы 90 қыл­мыстық істі тергеп, оның 64-і аяқталды. Аяқталған істер бойынша анықталған шығын көле­мі – 11 млрд теңге.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы