Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры құнды жәдігерлермен толықты.
Музей қоры қыштан жасалған дастарқан мен ортағасырлық тышқан аулайтын қақпанмен толықты
444
оқылды

Жалпы музей қорын толықтырған құндылығы жоғары экспонаттар қатарында ежелгі Жанкент қалашығынан табылған жәдігерлерді ерекше атап өтуге болады. Соның ішінде қыштан жасалған дастарқан мен ортағасырлық тышқан аулайтын қақпан жоғары маңызға ие.  

«Қазіргі таңда облыстық музейдің жалпы қорында 67 613 экспонат бар. Соңғы бір жылда қорымыз жаңадан 1 674 жәдігермен толықты. Негізінен музей қоры археологиялық, этнографиялық, ою-өрнек әшекей коллекциялары және сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларға бай. Соңғы жылдары облыстық музейдің археологиялық коллекциясы Аралдың құрғап қалған табанынан табылған  «Кердері» мавзолейінен алынған керамикалық бұйымдарымен толықтырылды. Сонымен қатар кейінгі жылдары жазба мәдениетінің даму тақырыбына, ғылыми-зерттеу өткізерде оқу мен білімді  жабдықтауға баса назар аударып келеміз. Осы орайда, музейдің ғажайып үлгісі ретінде 1729-1920 жылдары ертедегі түрік, парсы, араб тілдеріндегі Санкт-Петербор, Мәскеу, Ташкентте басылып шыққан кітап үлгілерін айтуға  болады. Соның ішінде Қорқыт ата кітаптарының көшірмелері, оғыз  тіліндегі эпикалық поэмасы туралы әңгіме, Ватикан мен Дрездендегі қолжазбалардың түп-нұсқаларынан түрікшеден тәржімасын ерекше атап өткен абзал. Сонымен қатар, Хусамадин-Әл Сығанакидің Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасынан электронды жеткізгіш жолымен алынған кітап үлгілері де бар», – дейді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Жанар Дәуренова. 

Соңғы жылдары Сыр өңірінде ежелгі Жанкент қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының негізінде көптеген құнды экспонат табылған. Оның ішінде жуырда ғана музей қорын толықтырған қыштан жасалған көне бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын туғызып тұр. 

«Көне Жанкент шаһарында жүргізілген көпжылғы археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған бұл құнды жәдігерлер ежелгі оғыз халқының мәдениеті мен дәстүрінен мәлімет беріп отыр. Соның ішінде қыштан жасалған дастарқан мен ортағасырлық тышқан аулайтын қақпан және көне  қыш құмыралар жоғары маңызға ие. Атап айтқанда, қазақ дастарқанының прототипі саналатын ертедегі қыш дастарқан жасалу құрылымымен ерекшеленеді.  Бұл керамикалық бұйым дөңгелек пішінде құйылған. Дастарханның тостаған тәріздес биік тұғыры бар. Үстіңгі беті тегіс әрі жылтыр. Ал ертедегі тышқан аулайтын қыштан жасалған доғал тәріздес бұйымның құрылымы тіпті бөлек. Аталмыш археологиялық олжалар әлі де зерттелу үстінде», – дейді  облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айгерім Беккулиева.

Бүгінде музейдің ғылыми қызметкерлері қыш дастарқанның пайдалану тәсілі төңірегінде екі түрлі болжам жасап отыр. Бірінші нұсқа бойынша қыш бұйымның тегіс беті ас ішуге арналған керамикалық дастарқан ретінде пайдаланылған десе, келесісі көне жәдігер сол заманда оғыз әйелдерінің қамыр жаятын нантақтай рөлін атқарды деген болжам жасауда.

Ал көне Жанкент қаласының Шахристан бөлігіндегі қоймалардың бірінен табылған керамикалық тышқан қақпаны сирек кездесетін археологиялық олжа ретінде саналады.  Бөлім меңгерушісі қыш қақпанды оғыз заманында бай-бағландар қоймадағы азығын сақтау мақсатында пайдаланған деген болжамды алға тартады. 

Археологтер өте сирек кездесетін бұл артефакт Жанкент жеріне өзге аймақтан әкелінуі мүмкін деп топшылайды. Құмыра тәріздес пішіндегі қақпанды сол заманда жерге қойып қана қоймай, қабырғаға іліп қою арқылы пайдаланған деген де дерек айтылады.

Қазіргі таңда әлем бойынша мұндай ерекше үлгідегі ескі қақпанның 3 түрі табылғаны белгілі болып отыр.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы