«Көрісу күні» қазақтың жыл басы ма?

«Көрісу күні» қазақтың жыл басы ма?
Қазір ұлттық сана-сезімнің жаңғыруымен бірге Жыл басы да жалпыұлттық деңгейде атап өтіле бастады.

Қазақ халқының дәстүрінде 14 наурызға ілтипат жоғары. Мұны Маңғыстау өңірінде «Амал мерекесі» деп, ал жалпы еліміздің батыс өңірінде «Көрісу күні» деп ерекше қарсы алады. Өйткені бұл күн – табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келетін, жыл басы ретінде қабылданған ұлық мейрам. Ғасырлар бойы қазақ халқы осы күнді Жаңа жылдың бастауы ретінде тойлап, үлкен-кіші бір-бірімен көрісіп, жаңа жылға аман-есен жеткеніне шүкіршілік еткен. Қазір ұлттық сана-сезімнің жаңғыруымен бірге Жыл басы да жалпыұлттық деңгейде атап өтіле бастады.

2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, мерекенің жаңа логотипі бекітілді. Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектіне арналған. 

Наурыздың алғышарты

Мәдениеттанушы Серік Ерғали бұл күні қазақ халқының ежелгі астрономиялық танымына сай келетінін жиі айтады. Бірақ ол бүгінгі «Амал мерекесі» немесе «Көрісу күні» деген атаумен еш келіспейді. Оның айтуынша, бұл күн – күнтізбелік жыл басы, шын мәніндегі Жаңа жыл.

«14 наурыз – қазақтың Жаңа жылының басы. Себебі бұл кезде Күн Тоқты шоқжұлдызына кіріп, жыл басталады. Бұл – табиғаттың жаңаруы, тіршіліктің оянуы. Дегенмен бұл дәстүр кеңестік идеологияның ықпалымен көмескіленіп, 22 наурызға ығыстырылды. Көрісу деген тек ғұрып қана, сол үшін құттықтайды. Ай жаңарғанда да, жыл жаңарғанда да адамдар бір-бірін құттықтайды, көрісе береген. Бүгін көрісу күні де емес, Амал деген мереке де емес, айдың аты. Бүгін жылдың басы, жаңа жыл. Бүгін Жылан жылы кірді. Яғни түркілік мүшелдік күнтізбе бойынша, жыл кірді. Сондықтан бірін-бірі құттықтайды. Сол үшін көріседі, ай жаңарғанда да көріскен екен», дейді мәдениеттанушы Серік Ерғали.

AMP

Шоқан Уәлихановтың қазақ күнтізбесіне қатысты зерттеулері де сарапшы айтып отырған тұжырымды қуаттайды. Онда Күннің Тоқты шоқжұлдызына кіруі Наурыз мейрамының нақты астрономиялық уақыты ретінде белгіленген. Этнолог Серік Ерғали бұл деректерді алға тарта отырып, 14 наурызда  қазақ халқының астрономиялық дәстүрімен сабақтас екенін көрсетеді.

«Көрісу күнінің» маңызы

Сондықтан болар, мәдениеттанушы Жыл басының «Көрісу күні» деп аталуын оның мәнін толық ашпайтын шектеулі ұғым деп есептейді. Әрі бұл күн тек көрісудің тасасында қалмай, Жыл басы ретінде саналуын қалайды.

«Амал келді, жыл келді деген тәмсіл Амал мерекесі келді деген сөз емес. Амал айы келді деген сөз. Бұрын Наурыз айын Амал деп жұлдыздың атына байланысты атаған. Парсыда хамал, гамал деп, арабтарда хамале деп жазылады. Біз оны 5-6 жылдың о жақ бұ жағында өзімізше бұрып алдық. Оған дейін ол жоқ. Шәкәрімде 14 наурыз Ұлыстың ұлы күні, бүгін қазақша Жаңа жыл деп жазады. Бірақ көрісіп, бірін-бірі құтттықтайды қазақ. Тек Маңғыстау я Батыс өңірі емес», – дейді ол.

Ал белгілі ақын Светқали Нұржан бұл күнді Ұлыстың ұлы күні  түгел түркінің түркінің Жаңа жылы деп бағалайды. 

Дегенмен «Амал мерекесі» деп тойланып жүрген бұл күн – тек адамдардың бір-бірімен көрісуі ғана емес, сондай-ақ көптен көріспегендердің табысатын, араздасқандардың татуласатын, үлкендердің батасын алатын күн. Бұл дәстүрдің осындай тәрбиелік мәні болғандықтан, қазақ мәдениетіндегі орны ерекше. Қазақ халқы үшін осы күн – көктемнің келуімен қатар, жаңа жылға қадам басу кезеңі.

Наурыз мейрамының тарихи тамыры

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Барсай Наурыз мейрамының маңызына тоқталып, оның ежелгі мейрам екенін айтады.

- Наурыз – өте ертеден тойланып келе жатқан көне мейрамдардың бірі. Біздің қазақ бұл күнді Ұлыстың Ұлы күні деп ерекше әспеттеп тойлайды. Ерекшелігі сол, жастар ауылдың үлкендеріне арнайы құрмет көрсетіп, үйлеріне барып, қол алысып көріседі. Сондықтан да кейде бұл күнді «Көрісу күні» деп те атап кеткендер кездеседі. Дегенмен бала кезімізден көріп келе жатқан танымымызға сүйенсек, бұл 14 наурыз жаңа жыл ретінде қабылданып, халқымыз үшін ерекше күн ретінде тойланып келеді», – дейді педагог Бақыт Барсай.

Көрісу – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Десе де, бұл ғұрыптың нақты қай кезеңнен бастау алғаны туралы ғылыми тұрғыдан жүйеленген тұжырым әлі қалыптаспаған. Сондай-ақ оның алғаш қай аймақта кеңінен таралғаны әрі қашан дәстүрлі түрде тойлана бастағаны жайлы да нақты деректер аз. Белгілі этнограф, жазушы Асылбек Байтан да Наурыз мейрамының қалыптасу тарихына тоқталып, оның географиялық, тарихи, мәдени ерекшеліктерін былай атап өтті.

«Әлемдегі көптеген халықтың жыл басын белгілеп қарсы алудың өзіне тән дәстүр-жосығы бар. Қазақ және басқа халықтар үшін жыл басы межесі – Наурыздың қалыптасу тарихы тереңде. Көптеген зерттеушінің пікірінше, бұл мереке кемінде 5 мың жылдан бері тойланып келеді. Мұның маңызын оның «Ұлыстың Ұлы күні» деп аталуынан-ақ аңғаруға болады», – дейді жазушы Асылбек Байтан.

Табиғат жаңарған күн

Оған қоса, Асылбек Байтан Наурыз мейрамының аспан денелеріне негізделген дәстүр екенін де жоққа шығармайды.

«21-22 наурыз – күн мен түннің теңелген, күннің түннен ілгері озған астрономиялық межесі. Жаңа жыл, жаңа күн, жаңарудың нышаны. Бұл – Еуразия кіндігіндегі халықтардың сан мың жылдық бақылауынан туындаған тұжырым. «Осы күні күллі табиғат толықтай жаңарады» деп білген халқымыз барлығын да жаңаша бастауды орай көрген. «Жаңа күн, жаңа жас құтты болсын!», «Жаңа жыл жаңалығымен, жақсылығымен келсін!» деген тілек білдірісіп, бір-бірін құттықтасады, – дейді этнограф Асылбек Байтанұлы.

Ал «Амал мерекесі» мен 14 наурыздың ерекше мәні туралы этнограф былай дейді:

- Әр халықтың Наурызды қарсы алуының өзіндік ерекшелігі бар дедік қой. Осыған орай қазақтардың жыл басын қарсы алу межесі – 14 наурыз. Бұл күнді халқымыз «Наурыз» демей, «Амал» деген. Күні кешеге дейін батыс аймақтарда ғана қарсы алынып, қазіргі күні жалпыұлттық сипат ала бастаған Көрісу амалы – жыл басын қарсы алудағы өзімізге тән межеміз, – дейді ол.

Сақ пен ғұн заманында болуы мүмкін

Тарихи деректерге сәйкес, түркі-моңғол халықтары ежелден көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандықтан, дастарқанға ақ тағамдар мен мал өнімдерін қойып, оларды қасиетті деп санаған. Көшпенді жұрттың өмір салтында жаңа жылды қарсы алудың өзіндік рәсімдері қалыптасқан. Міне, соның бірі – көрісу дәстүрі. Бұл күні адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасу арқылы амандасқан, бір-біріне ақ тілектерін арнаған. Жастар үлкендерге арнайы барып, сәлем берген. Бұл ғұрып ескі жылдың жамандықтарын артқа тастап, жаңа жылмен бірге бақыт пен жақсылыққа қадам басуды білдірген. Мерекенің ажырамас бөлігі ретінде ұлттық ойындар ойналып, түрлі сауық-думан ұйымдастырылған. Көрісу күнінде адамдар ең сәнді киімдерін киіп, бұрынғы өкпе-реніштерін кешіріп, татуласқан. Бірақ жаңа сөз арасында айтқанымыздай, бүгінгі күннің тарихи мәнін терең зерттеу – маңызды міндет. Өйткені бұл дәстүр сақ, ғұн дәуірінен бастау алған күнтізбелік мерекелердің бірі болуы әбден мүмкін. Сол себепті оның тарихи тамырын айқындап, түркі әлемінде кеңінен атап өтуге негіз жасау қажет.

Әрине, қазақ халқы үшін бүгінгі күн – Ұлыстың Ұлы күніне бастар жол, Жаңа жылдың алғашқы мерекесі. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы осы күнді ерекше дәстүрмен қарсы алып, бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасқан. Бүгінде бұл дәстүр тек батыс өңірлерде ғана емес, жалпыұлттық сипатқа ие болып, халқымыздың рухани тұтастығын арттырып келеді. Демек, 14 наурызды нағыз жыл басы ретінде мойындап, оның тарихи және мәдени мәнін терең түсіну – ұлттық сана-сезіміміздің жаңғыруының жарқын көрінісі болмақ.