Ұлттық құрылтайдың IV отырысы Бурабайда өтіп жатыр.
Президент: Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны
149
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысына қатысып жатыр. Президент ең алдымен барша қазақстандықты Амал мерекесімен құттықтап, Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны екенін атап өтті,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ең алдымен бүгін Амал күні баршаңызға құтты болсын дегім келеді.

Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – әз-Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр.

Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы кейінгі үш жыл ішінде жасалған ауқымды реформаларға тоқталып өтті.

«Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім.

Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды», – деді Президент.