Президенттің сөзінше, үш жылда 1 300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет.
Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған 200-ден астам мектеп бой көтереді
177
оқылды

Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Мемлекет басшысы алдымен «Жайлы мектеп» жобасын сынға алды.

«Баршаңызға мәлім, екі жыл бұрын менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталды. Жобаның негізгі мақсаты мектептегі орын тапшылығын жою, сондай-ақ апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу болды. Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады. Аймақта 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды. Басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жұмысты қолға алуы керек. Мен таяу арада тексеремін», – деді Президент.

Сонымен қатар биыл 200-ден астам мектеп салынатынын мәлімдеді.

«Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған 200-ден астам мектеп салынады. Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Үш жылда 1 300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс», – деді еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.