Ақмола облысында бұрынғы әскери қызметші сот арқылы тұрғын үйге қатысты құқығын қалпына келтірді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жоғарғы сот баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола облысы Аршалы ауданының тұрғыны құқық қорғау органдарында 2003 жылдың қыркүйегінен бері қызмет еткен.
2013 жылдан бері ол әйелімен және кәмелетке толмаған үш баласымен «мемлекеттік қызметкер» санаты бойынша баспана алу кезегінде тұрған.
2021 жылы еңбек өтілі бойынша (17 жыл 8 ай) зейнеткерлікке шығуына байланысты ішкі істер органдарынан (ІІО) босатылған.
2024 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мемлекеттік мекемемен еңбек қатынастарын тоқтатқанын, расталған «мемлекеттік қызметші» мәртебесінің жоқтығын және жылжымайтын мүлікке иелігін айтып, оны кезектен алып тастаған.
ІІО-ның бұрынғы қызметкері бұл шешімге апелляциялық шағым түсіріп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің 11 жыл бойы оған қатысты ешқандай түсініктеме бермегенін атап өткен.
Әкімшілік істі қарай отырып, сот мыналарды көрсетті: - 1996 жылғы жекешелендіру шарты бойынша талап қоюшы Аршалы ауданы Түрген ауылындағы ауданы 87 шаршы метр тұрғын үйдің 1/5 үлесіне, ал оның әйелі 43 шаршы метр пәтердің 1/2 ш.м. үлесіне меншік иесі ретінде тіркелген, некеге дейін сатып алынған (1993 ж.).
- Талап қоюшы құқық қорғау органдарының 25 жылдан астам еңбек өтілі бар, отставкадағы қызметкері ретінде «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді басымдықпен беруге, сондай-ақ әскери қызметшілерге көзделген жеңілдіктер мен артықшылықтарға құқығы бар.
- Талап қоюшы мен оның отбасының жеке баспанасы жоқ және мұқтаждар санатына жатады.
- Талап қоюшы 11 жылдан астам уақыт тұрғын үй кезегінде тұрған, осы уақыт ішінде ол мемлекеттік органның қызметкері болған, бірақ мемлекет оны баспанамен қамтамасыз етпеген.
Бұл оны кезектен шығару үшін негіз бола алмайды.
Жоғарыда аталғандарға байланысты сот талап қоюды қанағаттандырып, ТКШ бөлімінің талап қоюшыны кезектен шығару туралы әкімшілік актісін заңсыз деп танып, оның күшін жойды.
Сот тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне талап қоюшының мемлекеттік тұрғын үй қорынан «мемлекеттік қызметшілер» санаты бойынша тұрғын үй алу кезегін қалпына келтіруді міндеттеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.