Тарихи міндеттер талқысы

Ұлт тұтастығын нығайтып, ортақ мұрат­қа бастайтын құн­ды­лықтарымызды жаң­ғыртатын еліміздің бас­ты қоғамдық алаңы – Ұлттық құрылтай биыл қазақ даласының інжу-маржаны ғана емес, тарихи тағлымға толы, Абылай хан орда тіккен, ел тағдыры шешіліп, маңызды шешімдер қабылданған көрікті Көкше төрінде, қасиетті Бурабайдың баурайында өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрыл­тай­ға қатысушыларды әз-Нау­рыздың бастауы болған Амал күні мерекесімен құттықтай оты­рып, алқалы жиынның Ораза айына орайлас келіп отырғанын атап өтті. Құрылтайдың ұлық ме­­­рекелермен қатар өтіп жат­қаны жақсылықтың нышаны деп ба­ғалаған Президент ел ішіндегі өз­герістерге Ұлттық құрылтай мү­шелері де орасан зор үлес қос­қанын айтты. 

Мемлекет басшысы ең ал­ды­мен қоғамда қызу талқыланып жат­қан салық реформасына қа­тыс­ты пікір білдірді. Салық жүйе­сі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы бол­маса, мемлекет өз міндетін то­лық атқара алмайды, әлеу­мет­тік міндеттемелер де орын­дал­май­ды. Сондай-ақ ол еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңы­зын халыққа егжей-тегжей­лі түсіндіру керектігіне тоқталды. 

«Үкімет салық реформасына қа­тысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұ­рыс. Онда негізгі эконо­ми­ка­лық және әлеуметтік факторлар ес­керілген. Кәсіби мамандар да, жал­пы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қа­райды. Дегенмен ұсынылған ша­раларға, соның ішінде, қо­сым­ша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуал­ға негізделмеген», – деді Пре­зидент. 

Расында түрлі себепке байла­ныс­ты өзіне ауқымды әлеуметтік мін­деттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қар­жысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Сон­дықтан Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру, денсаулық сақ­тау салаларына инвестиция салу­дың жалғасатынын атап өтті. 

«Бұл – біздің конституциялық мін­детіміз. Бірақ шын мұқтаж аза­маттарға ғана көмек көрсе­тілуі керек. Қызметін асыра пай­да­лануға, әсіресе, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан ба­сым­дық берілмеген жобаларға бө­­­­лінетін қаржы азаяды. Бұл қа­жет шара екені айдан анық. Үкі­мет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керегін біржола анықтап алуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар айтулы жиын­да еліміздегі түрлі салық ре­­­­жимі, көптеген жеңілдік пен пре­фе­ренция салық оф­шоры сияқ­ты ахуал қалыптас­тыр­ғаны да назар­дан тыс қалған жоқ. 

«Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуес­теніп кеттік: елімізде екі мил­­­лионнан астам салық тө­леу­ші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заң­ды тұлғалар тіркелген деседі. Бір­ақ олардың қандай кәсі­п­орын­дар екеніне, қалай пайда бол­ғанына, қанша салық төлей­тіні­не, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасал­ма­ған. Бірақ қазір құр кінәлаудан іс оңға баспайды. Енді ахуалды шұ­ғыл түзету қажет. Үкімет пен Пар­ламентке айтарым – заң­на­маға жедел түрде тиісті түзетулер­ді енгізу керек. Әділ әрі тиімді са­лық жүйесін құру еліміздің бо­лашағына, кейінгі ұрпақтың тұр­мысына тікелей әсер ететінін ұғын­ған жөн», – деген Президент би­ліктің әрі қарай да бизнеске қол­дау көрсете беретінін айтты. 

Салық жүйесінен кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы бірың­ғай уақыт белдеуіне көшуге қа­тысты пікірталасқа нүкте қой­ды. Үкімет пен Парламентте бұл мә­селе талқыланып, арнайы зерт­­теулер жүргізілген. Дегенмен ше­шімге күмән келтірген қоғам бел­сенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ.

«Үкіметтің және депутаттардың ба­сым көпшілігінің, сондай-ақ маман­дар­дың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ же­ріміз бар, халқымыздың саны да са­лыс­тырмалы түрде алғанда көп емес. Сон­дықтан елімізде бірыңғай уақыт бел­деуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті бас­қару ісін жеңілдетеді, логистика мен көп­теген бизнес-үдерісті оңтайландыруға сеп­тігін тигізеді. Осымен пікірталасты до­ғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», – деді ол.

Сондай-ақ жиында қоғамдық әдеп мә­селесі қозғалды. Мемлекет басшысы да қазір әлеуметтік желіде адамға тіл ти­гізу, ар-намысын аяққа таптау көбейгенін жә­не жалған мәлімет таратушылар бар еке­нін еске салды. «Мұндай келеңсіз үр­діс­терді тыю жолын қарастыру керек», – деген Пре­зидент құрылтай мүшелері көтерген жат діни ағымдардың мәселесіне назар ау­дарып, оның жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын атап өтті. 

«Теріс ағымдарға, қазақтың бол­мы­сына жат идеологияларға тосқауыл қою қа­жет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бос­тандығына кепілдік берілген. Бірақ жү­ген­сіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге бол­май­ды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін рет­тейтін құжаттар осы талапқа сай болу­ға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау ке­рек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағ­дайға бейімдеп отыру өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Құрылтайда ел ішінде жиілеп кеткен түрлі алаяқтық әрекеттер, жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтер мен «коучтар» көбейіп кет­кені, кинотеатрда көрсетілетін фильм­дер­ге қатысты қоғамдық сын-пікірлер де на­зардан тыс қалған жоқ. 

«Тағы бір маңызды мәселе. Маған бел­гілі адвокат Айман Омарова хат жол­да­ды. Ол өз хатында күрделі тақырыпты қоз­ғап, әйелдер колониясындағы ахуалға тоқ­талды. Әсіресе, жүкті әйелдер мен кіш­кентай балалары бар әйелдердің жағ­дайына баса назар аударды. Еліміздегі қыл­мыстық-атқару жүйесінің мақсаты сот­талған азаматтарды жазалау емес, тү­зету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостан­ды­ғынан айырылғандардың бәрі заң ал­дында бірдей. Дегенмен адамгершілік құн­дылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кә­мелетке толмаған баласы бар әйелдерге қа­тысты кейбір заңдық ұстанымдарды қай­та қарауға болады деп ойлаймын. Құ­қық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, ше­шім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі ке­рек», – деген Мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселенің ақ-қарасын ажы­ра­тып берді.

Жоғарыда айтылған жайттардың қа­та­рын кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдай толықтырды. Сарапшылардың айтуынша, біраз жыл­дан соң солтүстіктегі халықтың саны едәуір азайып, оңтүстіктегі тұрғындар әл­де­қайда көбеюі мүмкін. 

«Бұл – өте өзекті мәселе. Себебі ай­мақ­тардың еңбек нарығында теңсіздік одан әрі ушыға түседі деген сөз. Осы мә­се­лемен Үкімет мұқият айналысуы керек. Қостанайдағы колледждің тәжірибесін солтүстік аймақтарда кеңінен қолдану қажет», – деді ол. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев құ­зырлы органдарға құрылтай қарсаңын­дағы жұмыс секцияларында айтылған бар­лық мәселені мұқият қарастыруды тап­сырды. Ал кейбіріне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, биыл мерзімі аяқталатын түр­лі салаға қатысты бағдарламалар мен ке­шенді жоспарлар сөз болды. 

«Мысалы, нашақорлыққа және есірт­кі бизнесіне қарсы күрес туралы жос­пар­дың мерзімі биыл бітеді. Бұл құжат 2023 жы­лы әзірленген. Мұндай жоспар елімізге қа­жет екені анық. Өйткені осы қауіпті ке­селге қарсы күрес – өте маңызды мәселенің бірі. Сондықтан жаңа құжатты дайындауға қа­зірден бастап кірісу керек. Биыл ба­ла­ларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспар­дың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты ша­ралар қабылдадық. Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өз­герістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зом­­былықпен күреске қатысты заң қа­был­дан­ған соң ахуал біршама жақсарды», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күн­ге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйыл­май тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүр­ген адамдар жағдайды тіпті ушық­тыру­да. Жергілікті билік өкілдері мен қоғам бел­сенділері тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр. 

«Осыған орай, «Қазақстан балалары» ат­ты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәр­бие әрдайым қатар жүруі керек. Бұл өте маңыз­ды құжат болмақ. Оны дайындау үшін Үкімет, Парламент депутаттары, ом­буд­с­мен Динара Зәкиева, қоғам қай­раткерлері өз үлесін қосады деп ойлаймын. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұр­пақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным бол­ған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген бі­лім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан бі­лім­мен қатар тәрбиеге айрықша назар ау­дару өте маңызды», – деді ол.

Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағ­дарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қа­былдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құ­жатты еліміздегі барлық мемлекеттік бі­лім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уа­қытта жекеменшік мектептер де бас­шы­лық­қа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы ба­ла­ларды түгел қамтуы қажет. Президент құрыл­тай мүшелерінің алдағы уақытта бұл бағдарламаны «Адал азамат» деп атау жайлы ұсынысына қолдау білдірді.

Сондай-ақ жиында соңғы жылдары мем­лекеттік наградалар мәселесін қайта қа­рап, бір жүйеге түскені айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы енді ведомстволық марапаттарды рет­к­е келтіру қажеттігін атап өтті. Соңғы уа­қытта Президенттің бастамасымен оно­мастика саласын ретке келтіру үшін ау­қым­ды жұмыс басталғанын білеміз.

«Ономастика саласын, мемлекеттік жә­не мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жа­сампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеу­меттік кеселдерді жою, азаматтық қо­ғам­ды дамыту – мұның бәрі ауқымды идео­ло­гиялық жұмыстың ажырамас бөлігі. Сон­дықтан ішкі саясаттағы шаруаның бә­рін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құ­жат керек деген пікірмен келісемін. Ұлт­тық құрылтай мүшелері – Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшім­баев, Марат Шибұтов және басқа да аза­маттар осындай ұсыныс айтты. Олар өз бас­тамасын іске асырып, Ішкі саясат тұжы­рымдамасының жобасын да әзірледі. Мем­лекеттік органдар бұл жобаны жан-жақты зер­делеп, барлық мәселені пысықтауы қажет», – деп тапсырды ол.

Президент Тұжырымдамада хал­қы­мыздың бірегей болмысын, өмір салтын си­паттайтын жалпыұлттық құндылықтар мен негізгі нышандар айқын көрсетілуі ке­рек­тігін айтты. Сонымен қатар ұлттық бі­ре­гейлігімізді нығайту жолында төл мә­де­ниетіміздегі әз-Наурыз мейрамының орны бө­лек екенін жеткізді. Наурыз мерекесі ту­ралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Елі­міз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өте­тін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұрт­шылық бұл бастаманы жақсы қа­был­дады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие бол­ды. Одан бөлек, аймақтарда театрлар са­луға және дамытуға баса назар аудару керектігі сөз болды.

«Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа мін­деттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәс­түрі мен қазіргі инновацияларды өзара үй­лес­тіру арқылы дамудың даңғыл жолына түс­кенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет. Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі ней­ро­жүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүм­кіндік беру керек. Соңғы жылдары біз ұлт­тық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі Құрылтай тағы бір тари­хи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел аста­насын Қызылордаға көшіру туралы тари­хи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр», – деген Президент халқы­мыз­дың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылғанын еске салды. 

«Біздің мемлекеттігіміз мың­жыл­дық­тардан бастау алады, оның тамыры тым те­реңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңыз­ды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» де­ген мақала жазып, арнайы идеологиялық нау­қанды бастап берді. Мұндай маңызды оқи­ғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы рет­те Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы бол­ған Қызылорда қаласында өткізуді ұсы­на­мын», – деді ол.

Әрине, тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ға­сырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дә­ріп­теуіміз қажет. Сөз барысында Мемлекет бас­шысы ғылыми зерттеулер жүргізу, та­рихи ескерткіштерді қалпына келтіру, ар­хеологиялық қазба жұмыстарын жан­дан­дыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зер­делеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жоспарға келтіру керек еке­нін атап өтті. Сондай-ақ ол аймақтардағы эко­номиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңір­лердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі мін­деттің бірі екенін сөз етті. 

«Биыл экономиканың нақты секторына жұм­салатын қаржы көлемін екі есеге жуық кө­бейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жос­парланып отыр. Алдағы жылдары Үкі­мет нақты секторға бөлінетін қаржы көле­мін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұ­рын-соңды болмаған ауқымды шаралары тура­лы айтылып отыр. Сондықтан биліктің, Үкі­меттің бизнеске қысым көрсетіп жат­қа­ны жөніндегі әңгімелер мүлде негізсіз. Биз­нес әрдайым Үкімет назарында болған, ал­дағы уақытта да тыс қалмайды. Қазір бү­кіл елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жү­зеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған ке­ні­шінде газ өңдеу зауытын, сонымен бір­ге, «Тал­дықорған – Үшарал» магистралды газ құ­быры мен «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу көз­делген. 

«Достық-Мойынты» темір жол учас­ке­сі­нің және Алматы бекетін айналып өтетін те­мір жол желісінің құрылысы аяқталады. «Қы­зылжар – Мойынты» бағытында жаңа жо­ба басталады. Осы тұста тағы бір маңыз­ды инфрақұрылымдық жоба қолға алы­на­тыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкі­метке Астанадан Арқалық, Торғай және Ыр­ғыз арқылы Транскаспий халықаралық кө­лік дәлізіне тура шығатын автокөлік жо­лының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақ­тар­дың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың сер­пін беретін ауқымды жоба. Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып оты­рады. Осы арқылы біз мемлекеттің жаңа ин­дустриялық қалыбын жасап, көлік-тран­зит әлеуетін нығайта түсеміз», – деп сөзін жал­ғады Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Біздің мемлекетімізге ірі инфра­құры­лым­дық жобалар өте қажет екені даусыз. Өйт­кені ауқымды жобалар аймақтардың эко­номикалық мүмкіндігін арттырады. Мың­даған жаңа жұмыс орнын ашып, аза­маттардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ете­ді. Президент осындай ірі жобаларды жү­зеге асыру – еліміздің осы аймақтағы көш­басшылық рөлін арттыратын бірден-бір жол екенін жеткізді.

«Біз 2022 жылы жаңадан үш облыс құ­рып, осы аймақтардың дамуына күшті сер­пін бердік. Бұл ақыры дұрыс шешім бол­ды. Әлеуметтік-экономикалық көр­сет­кіштер едәуір артты, инвестиция келе бас­та­ды. Соның арқасында жергілікті тұр­ғын­дардың тұрмыс сапасы да жақсара түсті. Де­генмен Үкімет жаңа облыстардың ахуа­лын бақылауда ұстауға тиіс. Оларға кө­мек­тесу қажет. Менің тапсырмаммен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бірнеше аудан қалпына кел­тіріл­ді. Мұны жұрт өте жақсы қабылдады. Жаңа аудандарда тіршілік жанданды, инф­ра­құрылым жақсара бастады. Ауылды да­мыту тұжырымдамасында шекаралық ау­мақ­тарға қатысты жұмыстың негізгі бағ­дары ай­қын­далған. Шеткері жатқан елді ме­кен­дер­дің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңы­зы бар мә­селе. Сондықтан осы бағыт­тағы жұ­мысты белсенді түрде жалғастыру керек. «Amanat» партиясы шекара маңын­дағы аудан­дарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. Үкіметке депу­тат­тармен бірге бұл бастаманы жан-жақты қа­растыруды тапсырамын», – деп сөзін өрбітті Мемлекет басшысы.

Президент аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін нақты стандарттарға сүйене отырып инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру, экологиялық көрсеткіштер және басқа да маңызды өлшемдер бойынша артта қалған өңірлерді анықтау қажеттігін де атап өтті.

«Орталықтың күш-жігерін осындай ал­шақтықты жоюға жұмылдыру керек. Сол үшін қазір Өңірлерді дамыту тұжырым­да­масы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар ара­сындағы теңсіздікті жоюға және меке­ме­лер арасындағы өзара іс-қимылды жақ­сар­туға бағытталған тың тәсілдер қарас­тыры­лады. Өңірлердің іс-қимылы нақты са­лаға жауапты мемлекеттік органдардың рес­публикалық деңгейде атқарып жатқан жұ­мыстарына сәйкес жүргізілуі қажет. Іс-шаралар үйлесімді болуға тиіс. Бұл – бар­лық салаға қатысты мәселе. Мысалы, сол­түс­тікке көктем енді келіп жатыр. Қар еріп, ел­ді мекендерді қарғын су басу қаупі туын­дайды. Былтырғы тасқыннан орталық та, жергілікті билік те қорытынды жаса­ды деген тиісті ақпаратты алып жатырмын. Жаз шыққан соң өрт қаупі күшейеді. Таби­ғат апаттарының алдын алу, сақтану ша­ра­лары үнемі назарда болуы керек», – деді Президент . 

Сонымен қатар ол жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңі­нен енгізу мәселесіне үнемі назар ауда­ра­тынын айтты.

«Құзырлы мемлекеттік органдар сарап­шылармен және ІТ-мамандармен қоян-қол­тық жұмыс істей отырып, артық шы­ғын­дарды азайтуға, барлық саланың ашық­тығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арт­тыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс. Мен бұл мәселені ерекше бақылауда ұс­таймын. Экономиканың барлық сала­сына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуға тиіс», – деді Қ.Тоқаев.

Алқалы жиында айтылған тағы бір мә­селе аймақтардың дамуына серпін беретін са­ла туризмді ілгерілету болды. Оның ай­туын­ша, жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің ту­р­истік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Таразда өтетін «Достастық жәр­мең­кесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәр­меңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақы­рыл­ды. Бұл іс-шара серіктес елдермен эко­но­ми­калық байланысымызды одан әрі кү­шей­теді. Сонымен қатар ең көне сауда және мә­дениет орталығының бірі – Тараз қала­сы­ның беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді.

«Біз Балқаш көлінің айналасында Тұран жол­­барысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Бұл – шаруашылық қыз­мет­ке байланысты шешуге тура келетін көп­теген мәселемен қатар жүретін күрделі мін­дет. Келесі кезекте ілбістерді сақтап, оның санын көбейтуіміз керек. Адамзаттың бүл­діргі іс-әрекетінің кесірінен Каспий ит­балығы, қызғылт қоқиқаз және басқа да ерек­ше жан-жануарлар мен өсімдіктер әле­міне қатер төніп тұр. Ащы да болса шындық осы. Біз табиғаттың осы бір сыйына барын­ша назар аударып, оны сақтай білуіміз қа­жет. Сондықтан Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру керек деп санаймын. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл ауқымды жұмыстың маңызы орасан зор екенін көрсету үшін осы қоғамдық ұйымға өзім жетекшілік етуге дайынмын», – деп Пре­зидент бұл істің тікелей өз назарында бо­ла­тынын мәлім етті.

Сонымен бірге тазалық мәселесі әр­дайым назарда болуға тиіс. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жа­тыр. Бастамаға азаматтар жаппай қолдау біл­дірді. Акция жалпыұлттық сипатқа ие бол­ды.

«Мен бұған дейін де айттым, «Таза Қа­зақ­стан» – жай науқан емес. Бұл әр адам­ның және барша халықтың күнделікті дағ­дысы, өмір салты болуы қажет. Бар­шаңыз­ға мәлім, екі жыл бұрын менің тап­сыр­маммен «Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сы басталды. Жобаның негізгі мақсаты мек­тептегі орын тапшылығын жою, сон­дай-ақ апатты және үш ауысымды мек­теп­тер мәселесін шешу болды. Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқта­ды. Аймақта 12 мыңнан астам оқушыға ар­налған жаңа білім ошақтары ашылды. Бас­қа облыстарда құрылыс барысы мәз емес. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жұмысты қолға алуы керек. Мен таяу ара­да тексеремін. Биыл елімізде 500 мың оқу­шыға арналған екі жүзден астам мектеп са­лынады», – деп атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы барлық жер­де тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мек­теп салу міндетті емес екенін, сапалы са­лынған қарапайым мектептерге де сұра­ныс жоғары екенін жеткізді. 

«Өйткені «Жайлы мектептер» айтар­лық­тай қымбат, оны әр облысқа сала беру­дің қажеті де шамалы. Үш жылда 1300, со­ның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаң­ғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мем­лекеттік және жекеменшік мектептің бар­лығы балалардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ететін арнайы құралдармен жабдық­талу­ға тиіс. Тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспа­на­ның қолжетімді болуы – тұрмыс сапа­сы­ның жақсарғанын білдіретін негізгі көр­сет­кіш. Былтыр мемлекет осы санаттағы адам­дар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алды. Соңғы екі жылда бірқатар қалада (Се­мей, Тараз, Кентау, Орал) ерекше қажет­ті­лі­гі бар адамдарға арналған заманауи оңал­ту орталықтары бой көтерді», – деді Пре­зидент.

Сонымен қатар ол медицина инф­ра­құры­лымын дамыту жұмыстарына тоқтал­ды. Осы жылдың соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жо­басы аясында 188 медицина нысаны са­лынады. Бұдан бөлек, әрбір облыс орта­лы­ғында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек.

«Енді Ақмола облысындағы кейбір бас­та­малар мен жобаларға назар аударғым ке­леді. Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жыл­ды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Бұл – кәсіптік және техника­лық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттыруға арналған маңызды шешім. Жас­тардың заман талабына сай білім алуын қам­тамасыз ету үшін Үкімет пен облыс әкім­дігі Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашуы керек», – дей келе, Қ.Тоқаев облыстағы ерекше табиғи-кли­маттық жағдай заманауи сауықтыру кешендерін ашуға зор мүмкіндік беретінін де атап өтті.

«Спорттың түрлі саласынан, әсіресе, қыс­қы спорттан ұлттық құрамаларды даяр­лау үшін өңірдегі спорт базаларын дамыта беру керек. Ақмола облысының өкілдері қыс­қы спорт түрлері бойынша әлемдік жә­не құрлықтық бәсекелерден ел қоржынына жүлде салуға үнемі мол үлес қосып жүр. Елі­м­ізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Демеушілер қаржысы есе­бінен облыстық стадиондардың көп­ші­лігін жаңғырту қажет немесе жаңа фут­бол стадиондарын салуды қолға алған жөн. Бұл мәселені бақылауда ұстаймын. Әр­бір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жыл­дың мін­деті», – деп қадап айтқан Мем­ле­кет бас­шы­сы барлық тапсырмалардың орын­далуы жіті назарда болатынын жеткізді. 

«Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұста­ны­мы – Президенттің саяси бағдарындағы мыз­ғымас қағиданың бірі. «Үкімет осы қа­ғиданы негізге ала отырып, облыс­тар­дың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақ­тап қалу туралы шешім қабылдады. Алай­да облыс әкімдері бюджет қаржысын үнем­деп, тиімді пайдалануы керек», – де­ген Қ.Тоқаев елге пайдасы тиетін әлеу­мет­тік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажеттігін еске салды.

Осыған дейін жүзеге асырылған ре­фор­малар елдің дамуына зор серпін бер­гені анық. Соның нәтижесінде қоғамның өзге­рістерге деген үмітін оятып, әділдікке деген сенімін қалпына келтірді. 

Президент өз сөзінде 2019 жылдан бе­рі Қазақстан экономикасының нақты өсімі 15,6 пайыз болғанына ерекше назар ау­дарды. Сонымен қатар еліміздің ішкі жал­пы өнімі 288 миллиард долларға жет­кенін, ал жан басына шаққандағы ішкі жал­пы өнім 46 пайызға дейін артып, 14 мың дол­лардан асқанын мәлімдеді.

«Сыртқы сауда айналымы 45 пайызға жуық өсіп, 140 миллиард доллар болды. Не­гізгі капиталға салынатын инвестиция бір жарым есеге ұлғайды. Былтыр оның кө­лемі 19 триллион теңгеден асты. Инвес­ти­ция білім-ғылым саласына 5 еседен астам, көлік саласына 3 есеге жуық, ден­саулық сақтау және әлеуметтік қызмет көр­сету саласына 3,5 есе көп салынды. Осы уақытта 500-ден астам мектеп бой көтерді. 

Көптеген денсаулық сақтау, спорт жә­не басқа да әлеуметтік нысандар ашылды. 4 400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынды және жөнделді. Жаңа темір жол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өн­діріс орны іске қосылды. Мемлекет ауыл еңбеккерлерін қолдауды барынша кү­шейтті. Былтыр күзде 27 миллион тон­на астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Кәсіпкерлікті дамытуға әр­дайым баса назар аударылады. 

Тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жетістік. 2019 жылдан бері елімізде 250-ден астам жа­тақ­хана салынды. Соның нәтижесінде орын тапшылығы 6 есе қысқарды. Сту­денттер саны ұдайы көбейіп, жоғары оқу орындарында 624 мың азамат білім алып жатқанына қарамастан, осыған қол жет­кізе алдық. Бұл – жоғары көрсеткіш. Елі­­­міздің 90 мыңнан астам азаматы ше-т­елде оқиды. Бұл біздің қоғамның ашық­тығын көрсетеді. Біздің көк төлқұжатымыз әлем­дегі 92 мемлекеттің аумағына виза­сыз емін-еркін кіруге мүмкіндік береді», – деген Мемлекет басшысы еліміздің жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.

Сондай-ақ ол еліміздің халықаралық аре­нада зор құрметке ие мемлекет екенін және елімізді «орта держава» деп атайты­нын сөз етті. 

«Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ас­самблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ау­ғанстан үшін Орнықты даму мақ­сат­тары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның аймақтық орталығын ашу туралы қа­рар қабылдады. Осы шешім еліміздің әлем­дегі ықпалы мен беделі зор екенін аң­ғартады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде Тәуел­сізді­гі­міз­­дің 40 жылдығы жақындап келе жат­қанын жә­не осы маңызды белеске қан­дай жетіс­тік­пен жетерімізді, оған дейін қандай та­ри­хи міндеттерді орындауға тиіс екені­міз­ді нақты білу маңызды еке­нін айтты.

Дайындаған 

Кәмила ДҮЙСЕН