Қарағанды кәмпитпен қауыша ма?

Қарағандының аты кәмпитімен де шыққан жылдар болды. «Қарағанды кәмпиттері» фабрикасы әлемге белгілі болатын. Тәтті де сырты әдемі оралғандықтан, өнімдері еліміздің ғана емес, дүние-жүзінің 70 елінінің дастарқанына сән берген болатын. Бұл алпауыт компания осыдан 10 жыл бұрын жабылып тынды.

Жақында кондитерлік фабри­каның қайта іске қосылатыны жай­лы Қарағанды облысының әкі­мі Ермағанбет Бөлекпаев өңір­дің журналистерімен кездесуде мәлім етті. Аймақ басшысының ай­туынша, фабрика жаңадан салы­нады. 

–  Біз бүгін акционерлермен сөйлестік. Қазір Пришахтинск ау­данында 20 гектардан астам жерді белгілеуді көздеп отырмыз. Бір ай­­дың ішінде бұл мәселелерді ше­шеміз. Бұл қаланың ірі жоба­лары­ның бірі болмақ. Акционердің жеке қаражаты мен несиелік қара­жат салынады, –  деді облыс әкімі.

Жоба құны шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайды. Фабрика ғимараты қайта салынады. Сондай-ақ өндірісті заманауи технология­лармен жабдықтау жоспарланып отыр. Жобаға Аустрия және Швейцария компаниялары қаты­са­ды деп күтілуде.

Әкімнің айтуынша, акционер­лер экспортқа баса назар аудармақ­шы. Негізінен, өнім Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтіледі деп жос­­­парланған.

–  Акционерлер ішкі нарыққа шығып қана қоймай, экспортқа да баса назар аударуға ниетті. Бұл рет­те экспорт Араб елдеріне бағыт­талады деп жоспарланып отыр. Себебі сұраныс бар. Сондықтан мұның барлығы егжей-тегжейлі пы­сықталатын болады, –  деп қос­ты Ермағанбет Бөлекпаев.

Сонымен, бұрынғы фабриканы қайта жаңғыртпайтыны белгілі болды. Тек сол Қарағанды қала­сының бренді болған «Қарағанды кәмпиттері» деген атаумен ғана шы­ғуы мүмкін.

Айта кетейік, бұдан он жылдай бұрын жабылып қалған облыс орталығындағы Гоголь көшесі  бойында орналасқан «Қарағанды кәмпиттері» фабрикасы жұмыс істеп тұрған кезінде 125 миллиард дана кәмпит шығарған. Ал жұмыс істеген қызметкерлер саны – 50 мың мұғдарында. Демек, білдей бір қала тұрғындарының санымен иық тіреседі. Зауытта орнатылған өнді­ріс­тік желілердің жалпы ұзындығы 800 метрден асады, бұл – 6 футбол алаңының ұзындығы. Сөйтіп, асық­пай аяңдап, жұмысын істеп, қолжетімді бағамен сапалы өнім ұсынған фабрика Кеңес Одағының осы салада жұмыс істейтін кәсіп­орындары арасында алғашқы бо­лып Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 

Осындай жетістікке жеткен, өнім­дері әлемге тарап тұрған фаб­рика  жартығасырлық тарихында 1 миллион тоннаға жуық кәмпит шығарған екен. Бұған дейін қайта ашылады деп бірнеше рет айтылды. 3-4 жыл бұрын фабрика «модерни­зация­ланып, 2024 жылы жұмысы жанданып, жылына 36,5 мың тонна тәтті шығара бастайды» деп халық­ты бір сендірді.

Өткенге оралсақ, жекешелен­діру жүргенде кәмпит фабрикасы­ның 90% акционерлік капиталы 2013 жылы сатылып кетті. Сол кездегі меншік иесі – Норманд арал­дарында (Ұлыбритания) тіркелген Uig Limited оффшорлық компаниясы шешімін қарызымен байланыстырды әрі жығылғанға жұдырық болып, әлемдік эконо­мика­лық дағдарыс та сол кезге дөп келді. Сөйтіп, шетелдіктер қарық қылмаған фабрика отандық инвес­торлардың қолына өтті. Дені қара­ған­дылықтар – Руслан Шаекин мен Оразхан Қарсыбеков білек сыбана кірісіп, баяғы «Маймақ аю» мен «Қызыл телпектің» байырғы сапасы мен рецебін қалпына кел­тіреміз дегенімен, тағы істің қиыны қашты. 2019 жылы фабриканың жағдайының қиындығы туралы тағы айтыла бастады. Ал ғимараты жалға берілді. Фабриканың сол кездегі баспасөз қызметінің өкілі Қайрат Нұғманов: «Кәсіпорынның тоқтап тұрған кезінде жалға алушы­лардың пайда болуы – стандартты шешім. Фабрика табыс тауып отырған жоқ, ал ай сайынғы ком­му­­налдық төлем, күзет қызметі тә­різді қызметтерге ақы төлеу ке­рек. Сондықтан шығынның шағын бөлігін жабу үшін бос тұрған үй-жайды жалға беруге шешім қа­былданды» деген болатын.                    

Әрине, «дайын тұрған фабри­каны қайта жаңғыртуға қаражат құрт­қанша жаңадан салайық» де­ген шығар. Дегенмен «Айта айта Ал­тайды Жамал апай қартайды» дегеннің кері болмаса дейміз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы