Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы дәстүрлі жиын бұл жолы Бурабайдың баурайында ұйымдастырылды.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Парламент Мәжілісінің Төрағасы:
Естеріңізде болса, осыдан тура үш жыл бұрын Мемлекет басшысы халыққа тарихи Жолдауын жариялап, елімізде түбегейлі жаңғыру, ауқымды реформалар басталған болатын. Бұл елдің еңсесін, халықтың рухын көтерген ерекше Жолдау болғаны есімізде. Бұл жолғы сөзін Президент осы кезеңде атқарылған іргелі істерді қорытындылаудан бастады. Мемлекет басшысы елдің болашағына қатысты сүбелі ойларын ортаға салып, мемлекетіміз үшін ең өзекті, ең түйткілді мәселелер бойынша көзқарасын білдірді.
Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан ең маңызды мәселенің бірі – салық реформасы. Бұл тақырыптың төңірегінде әртүрлі пікір айтылып жүр. Әсіресе, қосымша құн салығына қатысты сан алуан көзқарас бар екені жасырын емес.
Үкімет салық реформасына қатысты біраз ұсыныс берді. Қазір Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасы қаралуда. Соның аясында 200-ге жуық адамнан құралған жұмыс тобы үлкен шаруа атқарып жатыр деп айта аламын. Оның құрамында кәсіпкерлер, сарапшылар мен қаржыгерлер, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері мен ең білікті депутаттарымыз бар.
Басты міндет – қолға алынып жатқан бастамалардың мән-маңызын халыққа дұрыс жеткізу, түсіндіру. Президент кұрылтайда мұны дөп басып айтты. Салық кодексін қарау кезінде осыған ерекше мән беріледі.
Біз бизнестің бөлшектелуіне, салықтан жалтаруына жол бермеуге тиіспіз. Ол үшін әділ, ашық әрі тиімді салық жүйесін қалыптастырамыз. Мемлекет басшысының бүгінгі берілген тапсырмаларына сәйкес, Үкіметпен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты барынша күшейтетін боламыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне де жеке тоқталды. Үкімет пен Парламент бұл түйткілмен былтырдан бері айналысып келеді. Мәселенің мән-жайын жетік зерделеу үшін арнайы мониторинг жүргізілді. Үш ай бойы Үкімет аймақтардағы ахуалды, уақыт белдеуінің әсерін мұқият зерттеді. Оның қорытындысын осы аптада Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының отырысында таныстырды.
Мамандар бұл жайтқа өте жауапкершілікпен қарады деп айта аламыз. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің пайдасы мен тиімді тұстары туралы дәйекті тұжырымдар келтірді. Әр өңірдегі жағдай жеке-жеке сараланды. Барлық фактор ескерілді. Бүгін Мемлекет басшысы бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің маңыздылығын айтып, мамандардың уәжін қолдады. Осылайша, бұл мәселенің нүктесі қойылып отыр.
Жалпы, Ұлттық құрылтайда қоғамдағы ең өзекті мәселелер көтерілді. Әдепке, діни ахуалға, интернет алаяқтыққа, жалған психологтер мен коучтарға қатысты да түрлі пікір айтылды. Президент осы салалардағы заңнаманы жетілдіру мәселесіне мән берді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық идеологияның пәрменді құралы саналатын отандық кинемотографияның келешегіне арнайы тоқталды. Жасыратыны жоқ, қазір киноның сапасы мен мазмұнына қатысты сыни пікір аз емес. Әрине, олардың денін жеке компаниялар түсіріп жатыр. Былтырдың өзінде 94 картина жарыққа шыққан екен. Президент олардың сапасына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жаппай көрсетілімге шығармас бұрын, алдын ала сүзгіден өткізіп, әр туындының мазмұны мен тәрбиелік мәнін таразылауды тапсырды. Оған қоса, отандық анимацияны дамытуға да ерекше мән берді. Өскелең ұрпақты ұлттық нақышта тәрбиелеу үшін біз осыған ден қоюға тиіспіз.
Тағы бір маңызды мәселе – әйелдер колониясындағы ахуал. Бас бостандығынан айырылған жандардың тағдыры назардан тыс қалмауы керек. Біз әрдайым адамгершілік құндылықтарды, заң мен тәртіп қағидаттарын басшылыққа алуымыз қажет. Әсіресе, осындай жағдайға тап болған кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер заңмен қорғалуға тиіс. Мемлекет басшысы осыны алға тартып, мәселені байыпты зерттеуді тапсырды. Бұл бағытта құқық қорғау органдары мен депутаттар бірлесіп жұмыс істейтін боламыз.
Құрылтайда әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық мәселелермен бірге ел экономикасына қатысты да кесек-кесек ойлар ортаға салынды. Қазір әлемдік ахуал күрделі. Жаһандық экономиканың өзі біраз қиындықты бастан кешіп отыр. Оның салқыны бізге де сезілуде. Осы жағдайда отандық экономиканы дамыту, өңірлерді өркендету – негізгі міндеттің бірі. Президент биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемі екі есеге жуық артып, 8 триллион теңгеге дейін жететінін айтты.
Мемлекет басшысы әрдайым аймақтарды дамытуға ерекше мән беріп келеді. Қуатты өңірлер – қуатты елге айналудың кепілі. Әсіресе, шекара маңындағы аудандар мен ауылдардың қаңырап бос қалмауы маңызды. Керісінше, өсіп-өркендеуі қажет. Мұны мемлекеттік саясаттың басым бір бағыты дер едім.
Бұл орайда «AMANAT» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынған болатын. Президент осы бастаманы қолдап, мәселені Үкімет пен депутаттарға бірлесіп мұқият қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар Қазақстанда экономиканың жаңа салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының бастамасымен, әсіресе IT саласы, жасанды интеллект, цифрландыру бағытында кешенді жұмыс қолға алынуда. Бұл – болашақтың технологиясы, келешектің экономикасы. Сондықтан қайткенде де заман көшінен қалмауымыз керек.
Президент айтқандай, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Ол – цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы.
Қазір Мәжіліс қабырғасында жасанды интеллект туралы заң жобасы қаралып жатыр. Алдағы уақытта жаңа Цифрлық кодекс келіп түседі. Осы заң жобаларымен жұмыс барысында біз Президенттің алға қойған барлық тапсырмасын басшылыққа аламыз.
Экономиканың қарыштап алға басуы ғылымға тікелей байланысты. Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүр. Тіпті, Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесін қайтарды. Былтыр біз Ғылым мен технологиялық саясат туралы заң қабылдадық. Көп шаруа атқарылуда. Бірақ әлі де жұмысты ширатамыз. Ол туралы Президент тағы да айтты.
Келесі мәселе – ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау. Өкінішке қарай, елімізде мұндай балалардың саны азаятын емес. Мемлекет басшысы әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құруды тапсырды. Ал Парламент өз тарапынан жылдың соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлейді.
Бұдан бөлек, құрылтайда ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту мәселелері көтерілді.
Жалпы, биылғы құрылтай мазмұнды өтті. Барлық мәселе жан-жақты қамтылды. Ең бастысы – елдің бірлігі, мемлекеттің тұрақтылығы, экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы. Бүгін осы сұрақтарға Мемлекет басшысы нақты жауап берді.
Былтырғы Атырауда өткен құрылтайдың қорытындысы бойынша Парламент 9 заң қабылдаған еді. Олардың қай-қайсысы да өзекті, елге қажетті, маңызды заңдар. Бұл қарқынды біз биыл да жалғастырамыз.
Ойымды Мемлекет басшысының мына бір сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады». Ендеше осы жолда бәріміз Президентіміздің жанынан табылып, ұлт мүддесіне аянбай қызмет ете берейік!