Кеше Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ішкі сая­сат пен идеология тақырыбында жеті мәселе бойынша ұсыныс тастадым.
Адал адам адал қоғамды құра алады
142
оқылды

Біріншіден, осы кезге дейін елімізде талай мәрте идеологиялық саясат жасақтау әрекеттері бол­ғаны белгілі. Олардың барлығын дәл қазір тізіп тізбектеудің қажеті жоқ деп санаймын. Бірақ түптеп келетін болсақ, олардың өмірден ойып орын ала алмауына, шынайы өмірдің өзегіне айнала алмауына бірнеше себеп бар. Олар: пост­совет­тік, посткоммунистік инер­ция, қоғамның этнодемография­лық құрамы, Қазақстан қоғамы мен оның аймақтарының әркел­кілігі, идеологиялық нарратив­тердің әркелкілігі, идеология мен шынайы өмір, сөз бен іс арасын­дағы алшақтық тағысын тағы. 

Мысалы, ұзақ жылдар бойы бай­лықты, бай атаулыны жаман­дық­тың синонимі деп түсінген қоғам ішінде нарық туралы кер­ағар пікірлер қалыптасты. Мұның кейбір қайшылықтары мен сар­қын­шақтарын әлі күнге дейін көріп келеміз. 

Тағы бір мысал. Бүгінде совет заманын бір керемет таза, пәк кезең деген жалған нарратив кең тараған. Ал шын мәнінде, шынды­ғын­да біздегі қылмыс та, қылмыс­тық сана да, жемқорлық та, пара­қор­лық та барлығы да советтік кезеңнен басталып, жалғасып, үдеп кеткен құбылыстар. Оларға нарықтық экономиканың немесе демократияның қатысы шамалы. 

Тағы бір мысал. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде совет кезеңінде қолдан жасалған «ауыл» мен «қала» арасындағы қақтығыс, агр­арлық және қалалық сана ара­сын­дағы конфликт әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Ауылды қала дәрежесіне көтеру емес, қа­ла­ны ауыл дәржесіне апаруға алып келеді. 

Бұл – үлкен идеологиялық қа­телік. Осындай қателіктер мен олқылықтар объективті түрде сара­­ланып, шынайы сарапталуға тиіс.

Екіншіден, дейтұрғанмен соң­ғы кездері зиялы ортада, ел ішінде, баспасөз бетінде, әлеуметтік желі­лерде «Қазақстанға жаңа мемле­кет­тік иедология қажет» деген сың­айдағы әңгімелер саны күн санап артып келеді. Мұның өзі ойланып көрсек, ел тарихының бір тарихи кезеңі аяқталып, оның жаңа бір сапалы сатыға, жаңа тарихи дәуірге аяқ басқанының нышаны деп білемін. Идеологияға деген сұраныс, жаңа идеологияны талап ету белгілі бір тарихи кезең­нің аяқталғанын білдіреді.  

Жалпы алғанда, Қазақстан та­рихының жаңа кезеңінің «Біз кім­біз?», «Қайдан шықтық?», «Қай­да бара жатырмыз?», «Кім және қандай болуымыз шарт?» де­ген сұрақтардан басталуын өз басым жақсылыққа жорығым келіп отыр. Осы сұрақтарға шын­айы жауап бере алсақ, болашақ­тағы болмысымызды айқындап, қиын кезеңдерден, тарихи сынақ­тардан аман шыға аламыз.  

Осы себепті көпшіліктің талап тілектерін ескере отырып, Прези­дентіміз соңғы үш жылда айқын­даған, үш Құрылтайда талқылан­ған, уақыт елегі мен қоғам тал­қы­сынан өткен идеологемалар мен құндылықтарды топтастырған кемі 2030 жылға дейінгі уақытты қам­титын Ішкі саясат доктринасы не концепциясы қабылдануы шарт.

Үшіншіден, идеология дегені­міз – саясат пен мәдениетті жал­ғай­тын өмірлік өзек, табиғи арна. 

Мемлекет басшысының бас­тауы­мен біршама жұмыс атқарыл­ып, жасақталып жатыр. Соның бірі – еліміздегі  архивтік револю­ция. Президент құрған мемлекет­тік комиссияның ұйғарымымен 700 мыңнан астам НКВД КГБ ор­гандарының құжаттары мен істері құпиясыздандырылды. Соңғы үш жыл шамасында зұлмат жылдардағы Қазақстанның тари­хына қатысты мыңдаған құжаттар жарияланып, ғылыми айналымға түсті. Серия-серия, том-том тари­хи құжаттық жинақтар жарық көрді.

Тағы бір үлкен жетістік – елі­міздің жаңа тарихында қазақ ғалымдары тұңғыш рет өз тарихын түгендеп, өткенін тәуелсіз сара­лауға мүмкіндік алды. Қазақстан тари­хының көптомдық академия­лық тарихын жазуға бүгінде жүз­деген отандық және әлемдік ғалым­дар тартылып, жұмысын белсенді жүргізіп жатыр. Алдағы жылы көптомдық қазақ, орыс, ағыл­шын тілінде жарияланып, болашақта еліміздің мектептен университетке дейінгі барша оқулықтарын жаңартуға мүмкін­дік беретін тұғырлы қадам.

Менің ойымша, бүгіннен қал­дырмай «Қазақстанның саяси ойы тарихы», «Қазақстанның құ­қық­тық тарихы», «Қазақстан­дағы эко­но­микалық ой тарихы», «Қа­зақ­станның философиясы» тағы сол сияқты кешенді фунда­ментал­ды еңбектер тізбегі жарық көруі керек. Мұндай кешенді жұмыстар қазақтың жаңа заман­дағы идеоло­гиясын жасақтауға сеп болатын, оның идеялық, тарихи негіздерін, заңдылықтар­ын айқындайтын нақты қадам болмақ. 

Төртіншіден, еліміздің жаңа идеологиясы өмір шындығынан, ұлттың қиын-қыстау тарихынан, саяси мұраты мен экономикалық мүддесінен, жаңа қоғамның әлеу­мет­тік құндылықтарынан туындап табиғи түрде, органикалық түрде өсуі шарт. 

Басты мақсат – Қазақ ұлты мен мемлекетінің Тәуелсіздігі. Заң мен тәртіптің баршаға ортақ прин­ципке айналуы. Қазақстан Республикасының бар салада өз-өзін қорғауға, жері мен рухания­тын қамтамасыз етуге дайындығы. Еліміздің әр азаматының сөз бен іс жүзіндегі патриотизмі, өзінің және елінің болашағын ойлап, қамқор болуға әзірлігі. Қоғамды қоғам ететін, ұйытып, бірлігін, иман­дылығын сақтайтын құнды­лық­тардың дәулет құруы. Саясат­тың басты міндеті – осы алғы­шарт­тарды жүзеге асыру. Кез кел­­ген қайшылықты бейбіт түрде шешуге ортақ дайындықты паш ететін мәдениетті қалыптастыру. Осылар іске асып жатса, өзгеден ерекше «қазақ арманын» іздеудің не қажеті бар?

«Бөтен» мен «жақын» дейтінге кел­сек, алдағы жылдары қазақ ешкімді жау қылмайтын идео­логия­ны ұстануы керек. Идеоло­гия біреуді жау қылу немесе біреу­ден кек алу үшін жасалмайды. Не­га­тивтік мотивация ерте ме, кеш пе баршаны тығырыққа тір­еп, болашақтағы соғыстарға жол ашады. 

Адал азамат адал қоғамды, адал қоғам әділетті мемлекетті құра алатыны белгілі. Бұған кепіл бола алатын екі құрал бар; бірі заң мен тәртіп, екіншісі мәдениет пен ақ­парат. Осының барлығын ұйым­дас­тырып ұйыстыратын құрал мен құрылғыны идеология десек қате­лес­песпіз. 

Бесіншіден, жаңа идеология­лық үштаған. Конституционализм. Институционализм. Конвен­циа­лизм. Конституция және қоғам. 

Осыдан дәл үш жыл бұрын бас­тау алған президенттік рефор­малар конституциялық рефер­ендум кезінде қоғам тарапынан көпшілік дауысқа ие болып, қол­дау тапты. Бұл реформалар саяси айналымға, саяси өмірге мемле­кеттің бас құжаты Конституция­мызды жаңғыртып, оны тікелей әрекет құжатына айналдыруға мүмкіндік ашты. Конституциялық сот жұмысы қайта жаңғырды. Жаңа мемлекеттік идеология заң мен тәртіп қағидасына бағынуы керек дедік. Өмірге қазақ құқығы, қазақ құқықтық жүйесі деген тір­кестер мызғымас заңдылық кепілі ретінде оралуы шарт. 

Біз заң өктемдігі қағидатын соттардың сайлануы не тәуелсіз­дігі дегеннен емес, соттардағы барша процедураларды айқын, анық, бәсекелі етуден, әрбір про­цедураға илану, сену дәстүрінен бастауымыз қажет. Конституция және құқық негіздері мектеп оқу­лық­тарына енуі шарт. Сонымен қатар конституциялық оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы олимпиадалар, конкурстар саны еселеп артуы керек.

Институттар жұмысы.

Жаңа идеология, ең алдымен, мем­лекеттік конституциялық институттардың белсенді, шын­айы жұмысына негізделуі керек. Бізге әрбір мемлекеттік институт­тарға жан бітіріп, пәрмен беру керек. Бұл, ең алдымен, аймақтар мен өңірлердегі мәслихаттар жұ­мысына қатысты болмақ. Бұл тура­лы Президентіміз өңір мәсли­хаттары депуттарының фору­мында кешенді баяндама жасаған болатын. 

Президентіміз мемлекеттік органдар мен шенеуніктерге, ең алдымен, Конституцияға, консти­ту­циялық институттарға пәрмен беру керек екені туралы айтып жүр. Мысалы, әлеуметтік желілер қоғамдық институт болып табыла­ды. Олардың ешқандай консти­туция­лық күші жоқ. Қоғамдық не әлеуметтік белсенділік тек желі­дегі желпіну болып қалмауы шарт. Шынайы азаматтық белсенділік айтып қалу емес, дәстүрлі консти­ту­циялық институттар мен ме­ханиз­мдерге арқа сүйей отырып, нәтижеге қол жеткізу, соларға жан бітіру, соларды пәрменді күшке айнал­дыра білу, кәдеге жарату. Мем­лекет өз тарапынан көптеген тетіктерді іске қосты. Ал оларға жан бітіріп, қоғамның жоғын жоқ­тап, барын түгендейтін инс­титутқа айналдыру баршаның ортақ жұмысы.  

Конвенциализм.

Идеология дегеніміз – қоғам­дық қайшылықтардың санын кеміту немесе жоқ қылу деген сөз емес. Керісінше, кез келген қоғам қайшылықтар арқылы дамып отыра­ды. Осы қайшылықтардың мәдени һәм рухани саладағы, сая­сат пен экономикадағы текетіресі, басқа мәдениеттер мен өркениет­тер мен позитивті не негативті қарым-қатынасы, кейде қақты­ғысы белгілі бір қуат пен энергия өрісін қалыптастырады. Алайда идеологиялық тартыстар, саяси айтыстар елде мүлдем мәміле, азаматтық не саяси келісім бол­мауы керек деген сөз емес. 

Қазақ тарихына көз жүгіртсек, қазақтың ғасырлар бойы іздеп көксегені, армандап аңсағаны бірлік пен ауызбіршілік екен. Оның талай мысалын тарихтан да, әдебиеттен де жақсы білеміз. Ортақ мүддеге бағыну, сөзге тоқ­тау, мәмілеге келе білу қай заманда да қазақ қоғамының арманы мен идеалы болды. 

Осыны ескерер болсақ, бүгінгі қазаққа, әсіресе саяси тап пен зия­лы қауымға кейбір «дәстүрлі» дерт­тен арылу қажет. Мысалы, идеологиялық дуализмнен арылу. 

Ұлттық интеллигенция бой­ын­да онжылдықтар, тіпті ғасыр­лар бойы дуализм қалыптасты. Оның шарттары: мемлекетті жау санау, мемлекеттік саясатты қа­зақ­қа қарсы саясат санау, тарихи пессимизм, болашаққа қатысты негативизм мен бүгінге қатысты нигилизм мен цинизм. Бұл дуа­лизм­ді тіпті Тәуелсіздік кезеңі әлі де толыққанды емдеп біткен жоқ. Алайда жаңа идеологиялық саясат осы бір дертке дауа болуы шарт. 

Жаңа кезеңдегі қазақ мемле­кеті­нің идеологиясы, ең алдымен, қазақ руханияты мен тарихынан сусындап, ұлт пен мемлекеттің тү­бе­гейлі құндылықтарына негіз­делетін идеология болмақ. Демек, осы тарихи платформада еліміздің зиялы қауымы мемлекет жанына топтасып, мемлекеттік құндылық­тарды шын ниетпен насихаттауға, одан қашқақтамай, шынайы сенуіне мүмкіндік алуға тиіс. Би­лік айналасына емес, мемлекет айналасына. Себебі билік келеді, кетеді, билік ауыса береді: ал мем­лекет, мемлекеттік құндылықтар мызғымай сақталып, жалғасып жатуы тиіс болмақ. Бұл да бір модер­низациялық жоба аясында жасалатын қоғамдық келісімнің бірі болмақ. 

Осындай және осыған ұқсас жұмыстарды еліміздегі саяси күштер, оның ішінде Парламент­тегі саяси партиялар белсенді жүр­гі­зе бастауы қажет. 

Айдос САРЫМ,

Мәжіліс депутаты, 

Ұлттық құрылтай мүшесі