Біріншіден, осы кезге дейін елімізде талай мәрте идеологиялық саясат жасақтау әрекеттері болғаны белгілі. Олардың барлығын дәл қазір тізіп тізбектеудің қажеті жоқ деп санаймын. Бірақ түптеп келетін болсақ, олардың өмірден ойып орын ала алмауына, шынайы өмірдің өзегіне айнала алмауына бірнеше себеп бар. Олар: постсоветтік, посткоммунистік инерция, қоғамның этнодемографиялық құрамы, Қазақстан қоғамы мен оның аймақтарының әркелкілігі, идеологиялық нарративтердің әркелкілігі, идеология мен шынайы өмір, сөз бен іс арасындағы алшақтық тағысын тағы.
Мысалы, ұзақ жылдар бойы байлықты, бай атаулыны жамандықтың синонимі деп түсінген қоғам ішінде нарық туралы керағар пікірлер қалыптасты. Мұның кейбір қайшылықтары мен сарқыншақтарын әлі күнге дейін көріп келеміз.
Тағы бір мысал. Бүгінде совет заманын бір керемет таза, пәк кезең деген жалған нарратив кең тараған. Ал шын мәнінде, шындығында біздегі қылмыс та, қылмыстық сана да, жемқорлық та, парақорлық та барлығы да советтік кезеңнен басталып, жалғасып, үдеп кеткен құбылыстар. Оларға нарықтық экономиканың немесе демократияның қатысы шамалы.
Тағы бір мысал. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде совет кезеңінде қолдан жасалған «ауыл» мен «қала» арасындағы қақтығыс, аграрлық және қалалық сана арасындағы конфликт әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Ауылды қала дәрежесіне көтеру емес, қаланы ауыл дәржесіне апаруға алып келеді.
Бұл – үлкен идеологиялық қателік. Осындай қателіктер мен олқылықтар объективті түрде сараланып, шынайы сарапталуға тиіс.
Екіншіден, дейтұрғанмен соңғы кездері зиялы ортада, ел ішінде, баспасөз бетінде, әлеуметтік желілерде «Қазақстанға жаңа мемлекеттік иедология қажет» деген сыңайдағы әңгімелер саны күн санап артып келеді. Мұның өзі ойланып көрсек, ел тарихының бір тарихи кезеңі аяқталып, оның жаңа бір сапалы сатыға, жаңа тарихи дәуірге аяқ басқанының нышаны деп білемін. Идеологияға деген сұраныс, жаңа идеологияны талап ету белгілі бір тарихи кезеңнің аяқталғанын білдіреді.
Жалпы алғанда, Қазақстан тарихының жаңа кезеңінің «Біз кімбіз?», «Қайдан шықтық?», «Қайда бара жатырмыз?», «Кім және қандай болуымыз шарт?» деген сұрақтардан басталуын өз басым жақсылыққа жорығым келіп отыр. Осы сұрақтарға шынайы жауап бере алсақ, болашақтағы болмысымызды айқындап, қиын кезеңдерден, тарихи сынақтардан аман шыға аламыз.
Осы себепті көпшіліктің талап тілектерін ескере отырып, Президентіміз соңғы үш жылда айқындаған, үш Құрылтайда талқыланған, уақыт елегі мен қоғам талқысынан өткен идеологемалар мен құндылықтарды топтастырған кемі 2030 жылға дейінгі уақытты қамтитын Ішкі саясат доктринасы не концепциясы қабылдануы шарт.
Үшіншіден, идеология дегеніміз – саясат пен мәдениетті жалғайтын өмірлік өзек, табиғи арна.
Мемлекет басшысының бастауымен біршама жұмыс атқарылып, жасақталып жатыр. Соның бірі – еліміздегі архивтік революция. Президент құрған мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен 700 мыңнан астам НКВД КГБ органдарының құжаттары мен істері құпиясыздандырылды. Соңғы үш жыл шамасында зұлмат жылдардағы Қазақстанның тарихына қатысты мыңдаған құжаттар жарияланып, ғылыми айналымға түсті. Серия-серия, том-том тарихи құжаттық жинақтар жарық көрді.
Тағы бір үлкен жетістік – еліміздің жаңа тарихында қазақ ғалымдары тұңғыш рет өз тарихын түгендеп, өткенін тәуелсіз саралауға мүмкіндік алды. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық тарихын жазуға бүгінде жүздеген отандық және әлемдік ғалымдар тартылып, жұмысын белсенді жүргізіп жатыр. Алдағы жылы көптомдық қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарияланып, болашақта еліміздің мектептен университетке дейінгі барша оқулықтарын жаңартуға мүмкіндік беретін тұғырлы қадам.
Менің ойымша, бүгіннен қалдырмай «Қазақстанның саяси ойы тарихы», «Қазақстанның құқықтық тарихы», «Қазақстандағы экономикалық ой тарихы», «Қазақстанның философиясы» тағы сол сияқты кешенді фундаменталды еңбектер тізбегі жарық көруі керек. Мұндай кешенді жұмыстар қазақтың жаңа замандағы идеологиясын жасақтауға сеп болатын, оның идеялық, тарихи негіздерін, заңдылықтарын айқындайтын нақты қадам болмақ.
Төртіншіден, еліміздің жаңа идеологиясы өмір шындығынан, ұлттың қиын-қыстау тарихынан, саяси мұраты мен экономикалық мүддесінен, жаңа қоғамның әлеуметтік құндылықтарынан туындап табиғи түрде, органикалық түрде өсуі шарт.
Басты мақсат – Қазақ ұлты мен мемлекетінің Тәуелсіздігі. Заң мен тәртіптің баршаға ортақ принципке айналуы. Қазақстан Республикасының бар салада өз-өзін қорғауға, жері мен руханиятын қамтамасыз етуге дайындығы. Еліміздің әр азаматының сөз бен іс жүзіндегі патриотизмі, өзінің және елінің болашағын ойлап, қамқор болуға әзірлігі. Қоғамды қоғам ететін, ұйытып, бірлігін, имандылығын сақтайтын құндылықтардың дәулет құруы. Саясаттың басты міндеті – осы алғышарттарды жүзеге асыру. Кез келген қайшылықты бейбіт түрде шешуге ортақ дайындықты паш ететін мәдениетті қалыптастыру. Осылар іске асып жатса, өзгеден ерекше «қазақ арманын» іздеудің не қажеті бар?
«Бөтен» мен «жақын» дейтінге келсек, алдағы жылдары қазақ ешкімді жау қылмайтын идеологияны ұстануы керек. Идеология біреуді жау қылу немесе біреуден кек алу үшін жасалмайды. Негативтік мотивация ерте ме, кеш пе баршаны тығырыққа тіреп, болашақтағы соғыстарға жол ашады.
Адал азамат адал қоғамды, адал қоғам әділетті мемлекетті құра алатыны белгілі. Бұған кепіл бола алатын екі құрал бар; бірі заң мен тәртіп, екіншісі мәдениет пен ақпарат. Осының барлығын ұйымдастырып ұйыстыратын құрал мен құрылғыны идеология десек қателеспеспіз.
Бесіншіден, жаңа идеологиялық үштаған. Конституционализм. Институционализм. Конвенциализм. Конституция және қоғам.
Осыдан дәл үш жыл бұрын бастау алған президенттік реформалар конституциялық референдум кезінде қоғам тарапынан көпшілік дауысқа ие болып, қолдау тапты. Бұл реформалар саяси айналымға, саяси өмірге мемлекеттің бас құжаты Конституциямызды жаңғыртып, оны тікелей әрекет құжатына айналдыруға мүмкіндік ашты. Конституциялық сот жұмысы қайта жаңғырды. Жаңа мемлекеттік идеология заң мен тәртіп қағидасына бағынуы керек дедік. Өмірге қазақ құқығы, қазақ құқықтық жүйесі деген тіркестер мызғымас заңдылық кепілі ретінде оралуы шарт.
Біз заң өктемдігі қағидатын соттардың сайлануы не тәуелсіздігі дегеннен емес, соттардағы барша процедураларды айқын, анық, бәсекелі етуден, әрбір процедураға илану, сену дәстүрінен бастауымыз қажет. Конституция және құқық негіздері мектеп оқулықтарына енуі шарт. Сонымен қатар конституциялық оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы олимпиадалар, конкурстар саны еселеп артуы керек.
Институттар жұмысы.
Жаңа идеология, ең алдымен, мемлекеттік конституциялық институттардың белсенді, шынайы жұмысына негізделуі керек. Бізге әрбір мемлекеттік институттарға жан бітіріп, пәрмен беру керек. Бұл, ең алдымен, аймақтар мен өңірлердегі мәслихаттар жұмысына қатысты болмақ. Бұл туралы Президентіміз өңір мәслихаттары депуттарының форумында кешенді баяндама жасаған болатын.
Президентіміз мемлекеттік органдар мен шенеуніктерге, ең алдымен, Конституцияға, конституциялық институттарға пәрмен беру керек екені туралы айтып жүр. Мысалы, әлеуметтік желілер қоғамдық институт болып табылады. Олардың ешқандай конституциялық күші жоқ. Қоғамдық не әлеуметтік белсенділік тек желідегі желпіну болып қалмауы шарт. Шынайы азаматтық белсенділік айтып қалу емес, дәстүрлі конституциялық институттар мен механизмдерге арқа сүйей отырып, нәтижеге қол жеткізу, соларға жан бітіру, соларды пәрменді күшке айналдыра білу, кәдеге жарату. Мемлекет өз тарапынан көптеген тетіктерді іске қосты. Ал оларға жан бітіріп, қоғамның жоғын жоқтап, барын түгендейтін институтқа айналдыру баршаның ортақ жұмысы.
Конвенциализм.
Идеология дегеніміз – қоғамдық қайшылықтардың санын кеміту немесе жоқ қылу деген сөз емес. Керісінше, кез келген қоғам қайшылықтар арқылы дамып отырады. Осы қайшылықтардың мәдени һәм рухани саладағы, саясат пен экономикадағы текетіресі, басқа мәдениеттер мен өркениеттер мен позитивті не негативті қарым-қатынасы, кейде қақтығысы белгілі бір қуат пен энергия өрісін қалыптастырады. Алайда идеологиялық тартыстар, саяси айтыстар елде мүлдем мәміле, азаматтық не саяси келісім болмауы керек деген сөз емес.
Қазақ тарихына көз жүгіртсек, қазақтың ғасырлар бойы іздеп көксегені, армандап аңсағаны бірлік пен ауызбіршілік екен. Оның талай мысалын тарихтан да, әдебиеттен де жақсы білеміз. Ортақ мүддеге бағыну, сөзге тоқтау, мәмілеге келе білу қай заманда да қазақ қоғамының арманы мен идеалы болды.
Осыны ескерер болсақ, бүгінгі қазаққа, әсіресе саяси тап пен зиялы қауымға кейбір «дәстүрлі» дерттен арылу қажет. Мысалы, идеологиялық дуализмнен арылу.
Ұлттық интеллигенция бойында онжылдықтар, тіпті ғасырлар бойы дуализм қалыптасты. Оның шарттары: мемлекетті жау санау, мемлекеттік саясатты қазаққа қарсы саясат санау, тарихи пессимизм, болашаққа қатысты негативизм мен бүгінге қатысты нигилизм мен цинизм. Бұл дуализмді тіпті Тәуелсіздік кезеңі әлі де толыққанды емдеп біткен жоқ. Алайда жаңа идеологиялық саясат осы бір дертке дауа болуы шарт.
Жаңа кезеңдегі қазақ мемлекетінің идеологиясы, ең алдымен, қазақ руханияты мен тарихынан сусындап, ұлт пен мемлекеттің түбегейлі құндылықтарына негізделетін идеология болмақ. Демек, осы тарихи платформада еліміздің зиялы қауымы мемлекет жанына топтасып, мемлекеттік құндылықтарды шын ниетпен насихаттауға, одан қашқақтамай, шынайы сенуіне мүмкіндік алуға тиіс. Билік айналасына емес, мемлекет айналасына. Себебі билік келеді, кетеді, билік ауыса береді: ал мемлекет, мемлекеттік құндылықтар мызғымай сақталып, жалғасып жатуы тиіс болмақ. Бұл да бір модернизациялық жоба аясында жасалатын қоғамдық келісімнің бірі болмақ.
Осындай және осыған ұқсас жұмыстарды еліміздегі саяси күштер, оның ішінде Парламенттегі саяси партиялар белсенді жүргізе бастауы қажет.
Айдос САРЫМ,
Мәжіліс депутаты,
Ұлттық құрылтай мүшесі