Дидар Мұхамеджанов, паракаратэден спорт шебері: Мен үшін жеңіліс – тоқтау емес, жаңа бастама

Параспорт – қайсар рухтың, темірдей төзімнің және шексіз мүмкіндіктердің көрінісі.

Параспорт елімізде қарқынды дамуда, бүгінде ел намысын қорғап жүрген параспортшылар аз емес. Олар әлемдік ареналарда топ жарып, еліміздің туын биікке көтеруде. Солардың бірі – Дидар Мұхамеджанов. Жиырма тоғыз жастағы Дидар туғанынан БЦС ауруына шалдығып, арбаға таңылған. Тағдырдың тәлкегіне түссе де, ерік-жігерінің арқасында шорт сынбай, қазір қайсар спортшыға айналды. 

Ол бұл жолға қалай келді? Спортшыға қойған алғашқы сауалымыз осыдан басталды.

– Параспорт – қазір қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Бала кезімнен спортқа деген қызығушылығым ерекше болды, әсіресе ережесіз жекпе-жек пен бокс сияқты спорт түрлерін сүйіп қарайтынмын. Бірақ өзіме сай, табиғатыма жақын спорт түрін іздеуге тура келді.

Алғашында тек өзім үшін жаттығу зал­дарына барып, физикалық дайындығымды жетілдіруге тырыстым. Кейін тағдыр мені қазіргі бапкерім Тойжан Таңатарқызымен жолықтырды. Ол менің жаттығу барысын­дағы қарқынымды байқап, каратэге келуге ұсыныс жасады. Қазір күнделікті жаттығу залында 3 сағат дайындық өткіземіз. Осы­лайша, үлкен спорттағы жолым басталып, қазір каратэмен кәсіби түрде айналысып жүргеніме төрт жыл болды.  

– Жарыстарға қатысу қалай басталды? Ең есте қалғаны бар ма?

– Ерекше есте қалған жарыстарымның бірі – Қазақстан чемпионаты. Бұл турнирге дайындалу үшін көп тер төгілді, өйткені ол қарапайым жарыс емес, іріктеу турнирі болатын. Сол себепті үлкен жауапкершілікті сезіндім, жеңіске жетсем, Азия және әлем чемпионаттарына жол ашылатын еді. Өзім­нің ғана емес, жанұямның, жақындарымның сенімін ақтағым келді. Жарыста топ жарып, Қазақстан чемпионы атанған сәтімді еш­қашан ұмытпаймын. Үйдегі ағайын-туысты қуантқаным да есімде, сол кезде олардың мақтанышпен қараған көздері мен үшін ең үлкен марапат болды.

Бұл турнир 2023 жылы сәуір айында Қара­ғандыда өтті. Бұдан бөлек, Қазақ­станның Астана мен Шымкент қалаларында өткен жарыстарда да жүлделі орындар алып жүрдім. Ал 2022 жылы Италияның Бергамо қаласында өткен халықаралық паракаратэ турнирінде топ жарып, өзімді халықаралық деңгейде дәлелдей алғаным ерекше бір белес болды. 

– Осы спортпен айналысу барысында қандай қиындықтар кездесті? Оларды қалай жеңесіз?

– Кез келген спортшы үшін жаттығу бары­сын­да түрлі қиындық кездеседі. Бірақ мен үшін ең үлкен сынақ – психологиялық дайындық. Жаттығудың маңызды бөлігі – ең алдымен өзіңді моральдық тұрғыдан жеңе білу. Себебі физикалық және тактикалық жаттығуларды орындау мүмкін болса да, егер сенімің жетіспесе, нәтиже көрсету қиын. Көптеген спортшы дәл осы психологиялық қысымға төтеп бере алмай, жолдан тайып жатады. 

Халықаралық жарыстарға қатысқан кезде де өзіндік қиындықтар бар. Әсіресе, алыс шетелге сапар кезінде екі арбамен жүру, ұшу кезінде тасымалдау мәселелері біраз қолай­сыздық тудырады. Сондай алыс сапарлардың кезінде бір жерде көп отырып қалғандық­тан, белім ауырып қалады. Кейде басқа елдердің ауа райы да денсаулығыма кесірін тигізіп жатады. 

Қиыншылықтармен бетпе-бет кездес­кен­де, әрине қиын. Бірақ мойнымда елімнің, жерімнің абыройы тұрғанда ауырт­пашылық­тар  сындыра алмайды. 

– Жалпы, осы паракаратэде сүйікті әдіс-тәсілдеріңіз бар ма?

– Каратэде әдіс-тәсілдердің жиынтығы «ката» деп аталады және әр катаның өз ерек­шелігі бар. Мен үшін ерекше мәнге ие әрі жарыстарда жиі қолданатын тәсіл – «Эмпи» әдісі. Бұл жоғары деңгейлі каталардың бірі саналады және оны орындау шапшаңдықты, дәлдікті, үйлесімділікті талап етеді.

Алғаш каратэге келген кезде бап­керімнің нұсқауымен дәл осы әдісті үйрене бастадым. Көп уақыт бойы осы катаны жетілдіріп, оны жарыстардағы негізгі қа­руыма айналдырдым. Бүгінде әр турнирде «Эмпи» әдісімен бас­тауды дәстүрге айнал­дырдым. Әр спортшы­ның өзіне жақын, сүйікті тәсілі болады, ал мен үшін ол – «Эмпи».

– Елімізде параспортқа қаржылық немесе демеушілік қолдау жеткілікті деңгейде ме?

– Қолдау мүлде жоқ деп айта алмай­мын, бар. Дегенмен параспортқа бұдан да көп көңіл бөлінсе, қаржылай көмек кө­бейсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені біз залда тек уақыт өткізіп жүрген жоқпыз, елі­міздің намысын қорғап, абыройын асқақтату үшін күнделікті аянбай тер төгудеміз.

Осы жолда бізге қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға, спорттың жанашырларына алғысым шексіз. Бірақ параспортшылар үшін тек жарыстарға қатысу  емес, әлеуметтік жағдайдың да маңызы зор. Әсіресе, баспана мәселесі біз үшін өзекті. Егер мемлекет не­месе демеушілер бастапқы жарнасын төлеп, қалған бөлігін өзіміз өтеу мүмкіндігіне жол ашса, бұл бізге үлкен көмек болар еді. Бұл – көптеген параспортшының арманы.

– Қарапайым халықтың параспортқа деген көзқарасы қандай деп ойлайсыз?

– Жалпы, халықтың бізге деген көзқарасы оң деп ойлаймын. Бірақ бір нәрсені мойындау керек, елімізде көбіне жүлделі орын алып келген спортшылар ғана көптің назарында жүреді. Ал жеңіліс тапқан спортшылар туралы сирек айтылады. Бұл – үлкен мәселе. Себебі кез келген жеңістің артында талай сәтсіздік, қажырлы еңбек пен шыдамдылық жатыр.

Шын мәнінде, қолдау ең алдымен жеңілістен кейін керек. Өйткені спортшының әрі қарай дамып, өзіне сенімділігін қайта қалпына келтіруі үшін мотивация керек. Ұтылған сайын сынға ұшыраса, жігері құм болып, спорттан алыстап кетуі мүмкін. Сон­дықтан спортшыларды тек нәтижесіне қарай бағаламай, олардың еңбегін, төзімділігін және спортқа қосқан үлесін ескеру маңызды деп санаймын.

– Спорт сіздің өміріңізді қалай өзгертті?

– Спорт менің өмірімді 180 градусқа өзгертті деп үлкен сеніммен айта аламын. Өйткені спорт –  физикалық жаттығулар ғана емес, адамның ой-санасын, мінезін, өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертетін үлкен мектеп.

Спортқа келгелі араласатын ортам мүлде өзгерді. Айналамдағы адамдарды бұрынғыдан да жақсы тани бастадым. Көшедегі таныстар мен спорттағы жолдастардың айырмашылығы – жер мен көктей. Бір залда бірге тер төгіп, қиындықтарды еңсерген спортшылар уақыт өте келе нағыз бауырға айналады екен. Жа­рыс­тардағы жеңіс пен жеңілістің дәмін бірге сезіну, бір-біріңді қолдап, демеу – бұл тек командалық рухты ғана емес, нағыз достықты да қалыптастырады.

Спорт тек денсаулықты нығайтып, тәр­тіпке үйретіп қана қоймайды, сонымен бірге өмірлік маңызды шешімдер қабылдауға да ықпал етеді. Осы спорттың арқасында мен өмірлік серігімді жолықтырдым. Жаттығу залында жүргенімізде әңгімеміз жарасып, ортақ қызығушылығымыз бен мақсаттарымыз тоғысып, кейін отбасын құрдық. Бұл да спорттың маған берген үлкен сыйының бірі деп білемін.

– Алда қандай мақсаттарыңыз бар?

– Мақсатым көп. Қазір ең бастысы, алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалып, жоғары нәтиже көрсету. Алдымызда Азия және әлем чемпионаттары тұр, сол жарыс­тарда ел намысын абыроймен қорғауға бар күш-жігерімізді саламыз. Сонымен қатар Олим­пиада секілді әр төрт жылда бір өтетін маңызды дода – Спартакиада да жақындап келеді. Бұл да мен үшін үлкен сынақ әрі мүм­кіндік.

Бірақ спорттағы жетістіктерден бөлек, ұзақмерзімді жоспарларым да бар. Оның бірі – шәкірт тәрбиелеу. Өзім жинаған тәжірибем мен үйренген әдіс-тәсілдерімді болашақ чемпиондарға үйреткім келеді. Өйткені кез келген спортшы үшін өзінің ізбасарларын қалыптастыру – үлкен жауапкершілік әрі абырой. Яғни, менің басты мақсатым – өзімді тек спортшы ретінде ғана емес, болашақта бапкер ретінде де дамыту, Қазақстанда парас­порттың дамуына үлес қосу.

– Келешекте спорттан кейін қандай іспен айналысқыңыз келеді?

– Спорттан кейін өзімді жаңа қырынан сынап көргім келеді. Атап айтқанда, актерлік шеберлікті меңгеріп, шығармашылық салада бақ сынау – менің үлкен қызығушылығым. Қысқаметражды фильмдерде, бейнеролик­терде немесе тіпті толықметражды картина­ларда ойнап көруді армандаймын.

Негізі, камерадан еш қорықпаймын, керісінше, өзімді еркін сезінемін. Әрі шы­ғарма­шылыққа жақын адам болғандықтан, бұл сала маған жат емес деп ойлаймын. Экран арқылы да адамдарға мотивация беріп, спорт­та да, өмірде де мүмкін емес ештеңе жоқ еке­нін көрсеткім келеді.

Сұхбаттасқан Әсет ҚАЛИ