Өңір халқы сөз асылын теріп, елі үшін еміреніп өткен біртуар тұлғалардың ғұмыр тарихы мен өскелең ұрпаққа қалдырған асыл қазынасын осы арқылы қайта жаңғыртуға жол ашылар еді деген пікірде.
Бағзыдан Қызылорда – тарихи тұлғалардың, жыр алыптарының тұсауы кесілген құтты мекені саналады. Әдебиет майталмандарының ізі қалған өңірден ғимараттар мен көпқабатты үйлердің алдына орнатылған «Бұл үйде белгілі ақын немесе жазушы тұрған» деген тақтайшаларды көптеп кезіктіруге болады. Осының өзі Ұлт зиялыларының сара жолы қалыптасқан Алаштың алғашқы астанасының тарихи-мәдени мәні зор екенін аңғартса керек.
Дейтұрғанмен, Сыр топырағын басып, көптеген шығарманың өмірге келуіне ұйытқы болған талайлы тағдыр иелерінің өңірде әлі күнге дейін өз деңгейінде ұлықталмай тұрғаны дүйім жұртты толғандырып жүр. Соның ішінде жоғарыда айтып өткеніміздей, Аралдың арда перзенті, ақиық ақын Зейнолла Шүкіров пен ақын, жазушы, сатирик Асқар Тоқмағанбетовтің тасада қалып тұрғаны көпті қынжылтады.
Негізінен, Зейнолла ақынның қилы тағдыры тебіреніске толы болғаны дүйім жұртқа мәлім. Бұл жалғанда ол жарты ғасырдан астам ғұмырын төсекте өткізсе де, тағдырдың ауыр сынағына мойымады. Қандай қиындыққа тап болса да, қолынан қаламы бір сәтке түспеді. Бастауыш сыныптық білімі болғанымен том-том кітаптар жазып, халқының рухани қазынасын молайтуға зор үлесін қосып кетті.
Бүгінде облыс орталығында ақынның атына берілген көше бар. Көзкөргендердің айтуынша, бір кездері сол маңдағы төртқабатты үйдің төменгі қабатында ақынның өзі тұрғаны айтылады. Сол үйдің алдына мәрмәр тастан арнайы ескерткіш тақта орнатылып, ақынның «Бір жұлдыз болып жанамын мен, бір жұлдыз болып қаламын мен» деген өлеңінің екі жолы жазылған.
Бір кездері сол үйді ақын атындағы мұражайға айналдыру жайы көпшілік тарапынан сөз болды. Ел зиялыларының ұсыныс-тілектері баспасөз беттерінде де аз жарық көрмеді. Бірақ өкінішке қарай, бұл үй өзгеге сатылып кеткені кейіннен мәлім болды.
Ал белгілі жазушы, ақын, сатирик Асқар Тоқмағанбетовтің де өмір жолы өзгеше өрнекке толы. Сұлу сырды әсерлі шығармаларымен тербеген тарихи тұлғаның 70-тен астам кітабы жарық көріпті. Сондай-ақ бүгінде ақынның қаламынан туған 100 мыңнан астам өлеңі жас ұрпаққа рухани азық болып жүр. Өз заманында «Комсомол ақыны» атанған оның сатира жанрында да құлаш сермегені белгілі.
Сыр жұрты белгілі тұлғаның есімін өз деңгейінде де ұлықтай алмай жүр деп айтсақ жалған болар. Қазір өңірде ақын атындағы көше, мәдениет үйі, тіпті ауыл да бар. Еңселі ескерткіш те орнатылған. Алайда ақынның өмір тарихынан сыр тартатын сырлы шығармалары, тұтынған бұйымдары мен қолжазбаларын топтастырып, жас ұрпаққа кеңінен дәріптеуге негіз болатын бір мұражай ашу қажеттігі өздігінен сұранып тұрғаны жасырын емес.
«Қос ақынымыз да тамаша туындыларымен кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған мақтаныштарымыз. Екеуі де сөз асылын теріп, елдің көкейіндегі ойын дер кезінде шығармаларына арқау еткен дара тұлғалар. Теңізбен бірге тыныстап, толқыннан қуат алған Зейнолла ақын аралдықтардың мақтанына айналса, Асқар Тоқмағанбетов ағамыздың өміршең шығармалары әлі талай ғасыр өз құндылығын жоймайтыны ақиқат. Осы орайда қос тұлғаға облыс орталығынан арнайы мұражай ашу қажеттігі туындап тұрғаны рас. Талай жылдан бері бұл мәселе аз айтылмаса да, іс жүзінде нақты нәтиже бермей тұрғаны өкінішті. Ғұмырының соңына дейін туған жері, халқы үшін тебіреніп өткен дара тұлғаларды ұлықтауға әлі де кеш емес. Арнайы мұражай ашып, қос ақынның тұтынған бұйымдары мен шығармаларын жас буынның жадында жаңғырту жайы ескерілуге тиіс. Құзырлы орындар тарапынан бұл мәселеге бейжай қарамай, нәтижелі жұмыстар жүргізсе нұр үстіне нұр болар еді», – дейді қоғам белсендісі Сапар Ерімбет.
Негізінен, тарихы тереңнен тамыр тартқан Сыр өңірінде өткеннен сыр шертетін мұражайлар қатары аз емес. Нақты айтқанда, бүгінде облыс бойынша барлығы 14 музей халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде облыстық деңгейде 2 музей болса, қалалық – 1, сондай-ақ 9 аудандық музей филиалы және 2 ауылдық музей жұмыс істейді. Оның ішінде Ыбырай Жақаев, Нартай Бекежанов, Ғани Мұратбаев атындағы музейлер тағылымы мол рухани орындар қатарында десек артық айтпаспыз. Алайда сыр сүлейлерінің өнер ордасына айналған облыс орталығында ақын-жазушыларымыздың өмір жолынан мәлімет беретін арнайы мұражайлардың болмауы көңілге кірбің ұялатады.
Осы мәселе бойынша Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне сауал жолдадық.
«Облыс аумағындағы музейлердің әрбірінде Сыр өңірінің шежіресі, туған жеріміздің тарихынан мағлұмат беретін құнды жәдігерлер көмбесі аз емес. Онда әр аймақтың аузы дуалы ақын-шайырлары мен Қазақ қайраткерлерінің өмір жолынан мол мағұлмат беретін тың деректер қамтылған. Бірақ Зейнолла Шүкіров пен Асқар Тоқмағанбетовке арнайы мұражай ашу ісі әзірге жоспарда жоқ. Мұндай орын ашылады немесе ашылмайды деп нақты айта алмаймыз», – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директорының орынбасары Жаннат Дәуренқызы.
Жалпы, өңірден қос тұлғаның сырлы әлемінен сыр шертетін арнайы мұражай бүгін-ертең ашылмайтын сияқты. Нақты қай уақытта қолға алынатыны да беймәлім күйде қалып тұр.
Ал жергілікті жұртшылық Сырдан шыққан қарымды қаламгерлерді дәріптейтін сәт туды деп отыр. Сондықтан да қос тұлғаға мұражай ашу ісін жедел қолға алса деген тілегін жеткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы