Қазақ жерінің көркем табиғатын, кемел жануарлар әлемін қорғап, сақтауда ерен еңбек сіңіріп жүрген бұл мамандық иелерінің өзі қорғауға зәру. Олардың жағдайы биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылында» жақсарады деген үміт бар. Сонымен бірге жауапты министрлік қорықшыларды көп көлемде даярлауды жолға қоймақ. Жаңа реформа бұл іске тікелей аңшылардың қоғамдық бірлестіктерін жұмылдыруды көздейді.
Қорықшыны аңшының әзірлегені қалай?
Enbek.kz, НН, OLX, Gorodrabot, Zarplata басқа да жұмыс іздеу сервистері және әлеуметтік желі қорықшыларды іздеген хабарландыруға толы. Тіпті, кейбірі мүгедектігі бар адамдарды алуды қарастыруға даяр. Тек ішімдікке құмарлығы болмаса болды («без вредных привычек»). Саладағы өткір кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі тосын қадамға баруға ниетті.
Ведомство «Кейбір заңнамалық актілерге аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірледі. Онда Аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерін біріктіретін республикалық қауымдастықтарға қорықшыларды арнайы даярлау құқығын беру ұсынылған.
Бұл жерде қорықшылар – өзіне бекітілген алқаптарында жануарлар дүниесін қорғауды жүзеге асырады. Ал аңшылардың діттегені – қайткенде де сол жануарларды атып алу. Олай болса бұлар негізінен, бір-біріне қарсылас. Қорықшылар аңшылардың үстінен қадағалайды, браконьерге айналып кетпеуін бақылайды, жаза басса, жазасын береді. Ендеше мұндай қадамға мемлекет неге барып отыр?
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Абдрахмановтың айтуынша, ұсынылып отырған реттеу тетігі қорықшыларды даярлауды қамтамасыз етуге бағытталған. Қорықшы болу үшін арнайы университет бітірудің қажеті жоқ. Қорықшыларға қойылатын басты бір талап – табиғатты шын, шексіз сүю. Өйткені сол үшін басын бәйгеге тігуіне, суыққа төзіп, ыстыққа шыдауына тура келеді.
Сондай-ақ қарудан тура ата білгені маңызды. Аңшылардың қауымдастығы бұған үйрете алады. Сондай-ақ қорықшы табиғат қорғауға және аңшылық ісіне қатысты заңнаманы білгені жөн. Бұл оған өз міндеттерін дұрыс орындап, заңгерлік шиеленістерге соқтырар проблемалардан аулақ болуы үшін қажет. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерді қорғау заңнамасын білуі де күрделі жағдайларға дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі.
– Қауымдастықтар арқылы жүзеге асыру ұсынылып отырған қорықшылардың арнайы дайындығы оларға жануарлар әлемін сапалы қорғауға, сондай-ақ аңшылық жерлерді тиімді басқару үшін қажетті дағдылар мен білімдерді үйретуге мүмкіндік береді. Бұл қорықшылардың құзыреттілік деңгейін көтеруге ықпал етеді, – деді басқарма басшысы.
Даярлау барысында қауымдастықтар тек қарудан атуға үйретумен шектелмейді, сонымен бірге биология, экология, заңнамалық база және қорғау әдістері туралы білім беруі қажет.
Сауатсыз қорғаушы табиғатқа кесір
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің түсіндіруінше, қазір мамандардың жетіспеушілігіне байланысты қорықшы ретінде жоғарғы білімі жоқ, тіпті бұл салада жұмыс тәжірибесі жоқ адамдарды ала береді.
«Дайындығының жеткіліксіз болуы жануарлардың санын реттеуге қатысты қате шешімдер қабылдауына соқтыруы мүмкін, бұл табиғаттағы тепе-теңдікті бұзады. Қажетті білімсіз қорықшылар өзекті заңдарды, аң аулау және табиғатты қорғау ережелерін білмеуі, сөйтіп, өзі заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Мұның сыртында білімі төмен қорықшылар браконьерліктің және басқа да экологияға қауіпті әрекеттердің алдын алуда тиімді қимылдай алмай-ды», – деді комитеттегілер.
Мұнсыз қорықшы табиғатты қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану туралы халыққа сауатты түсініктеме де бере алмайды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті сауатсыз қорықшылардың өзі заң бұзатынына бірнеше мысал келтірді. Ақмола облысының Ерейментау ауданының жергілікті полиция инспекторы Ақсуат ауылының маңында 40 жастағы қорықшыны ұстап алды. Полиция оның браконьерлікпен айналысқанын мәлімдеді.
СҚО-ның Есіл ауданында табиғатты қорғау полициясы браконьерлікке күдікті екі ер адамды құрықтады. «Красный Бор» мемлекеттік мекемесінің аумағында тоқтатылған олардың «Нива» автокөлігінің тіркемесінде маралдың ұшасы жатқан. Екеуі де қорықшы болып шықты және бұл жануарды атуға болмайтынын білмегенін айтып, ақталыпты.
коллаж: Елдар ҚАБА
Тергеу олардың екі маралды еш рұқсатсыз атып алғанын, етті жергілікті тұрғынның көмегімен алып кетуге тырысқанын анықтады. Қылмыстық кодекстің 337-бабы, яғни, «Заңсыз аңшылық» бойынша іс қозғалды. Тәжірибелі қорықшы Алексей Перминов аңшылық қауымдастықтардың өз әріптестерін арнайы даярлауына қарсы емес.
– Жасыратыны жоқ, қорықшы боламын деген кандидаттардың ұзын тізімі жоқ. Келіскен жанның бәрін дерлік алады. Елордада мүгедектігі бар адамды да осы жұмысқа қабылдауға келісетіні туралы хабарландыруды байқадым. Негізінен, бүгінде қорықшыға әуесқой балықшыларды, аңшыларды алады. Қауымдастықтар жанынан көрші Ресейдегі сияқты қорықшыларды кәсіби даярлайтын Оқу орталықтарын ашуға болады. Ол үшін Еңбек министрлігі «Қорықшы» жеке кәсіби стандартын әзірлеуге тиіс. Ал колледждер жоғарғы оқу орындары қорықшыны «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» мамандығы бойынша оқытады, – деді А.Перминов.
Ол қорықшыны жұмысынан қол үздіртпей, заманауи технология көмегімен қашықтан даярлауға болатынын жеткізді. Сарапшының пайымдауынша, бұл кәсіп иелері жабайы жануарлар мен құстардың тіршілігіне бақылау жүргізуге, аңшылық фауна-флораны түгендеп, ревизиялауға үйретілуге тиіс. Бұдан бөлек, олар аңшылық қару мен оқ-дәрілерді дұрыс қолдана білуге міндетті. Себебі оларға зиянкес жыртқыштармен күрес, аңдарды аулап, күштеп қоныс аударту, браконьерлермен күрес сияқты қауіпті тапсырмалар жүктеледі. Аңдар мен өсімдіктерді қорғау іс-шараларын дұрыс жүзеге асырғаны маңызды.
Қорықшы – қауіпті кәсіп
Қазір қорықтарда, қаумалдарда, ормандарда, аңшылық шаруашылықтарда қорықшылардың тапшылығы мәселесі өткір тұрғаны атап өтілді. Алексей Перминов бір қайшылыққа назар аудартты.
– Біздің әріптестеріміздің өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін бір парадокс бар. Қорықшылар бірінші болып, қару қолдана алмайды. Бірақ браконьерлердің қаруын тартып алуға міндеттелген. Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы қағидаларында солай айтылған: «қорықшы аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін атыс қаруын алып қоюға және кейіннен ішкі істер органдарына беруге міндетті». Яғни, аң шабуылдаса, атып тастай аламыз, адам шабуылдаса, қаруын тартып алуымыз керек! Мұндай қағиданы жазғанда, шенеуніктер не ойлағаны белгісіз, – деп қамығады ол.
Ақпарат құралдары қорықшылар құрбан болған оқиғаларды дүркін-дүркін хабарлап тұрады. 2012 жылғы 28 мамырда болған Арқанкерген оқиғасы кезінде 14 шекарашыға қоса, аңшылық үйінде қорықшы Руслан Ким өлтірілді. Сол 2012 жылғы 13-14 тамызда Іле-Алатау ұлттық паркінде қылмыскерлер орманшылар үйіндегі 12 адамды қырып кетті.
Сонда Мәжіліс депутаттары бұл трагедияларда адамдардың көп қаза табуына қорықшыларды жаппай қарусыздандыру да себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сол кездегі Үкіметтің 2011 жылғы 1 шілдедегі №751 қаулысымен қорықшылардың ойық қару (нарезное оружие) мен тапанша алып жүруіне тыйым салынды.
«Қорықшылар браконьерлермен, шекарада контрабандашылармен, есірткі тасымалдаушылармен бетпе-бет ұшырасқанда олардың жолын кеспек түгіл, өзін де қорғауға қауқарсыз. Ал дамыған елдерде, АҚШ-та қорықшылар қарудың түр-түрімен мұздай қаруланған, олардың тіпті пулеметпен жабдықталған әскери ұшақтары да бар», – деді қорықшы.
Оның айтуынша, бертінде қорықшыларға тапаншаларын қайтарды. Бірақ қылмыскерлерге қарсы қару қолдануға рұқсат етілмейтін көрінеді. Ауаға атып қорқытуға немесе браконьерлердің көлігінің доңғалағынан атуға болады. Қаскөйлерді тұтқындай алмайды, полиция шақырып, қылмыскерлермен бірге соны күтуге тиіс. Содан қаскүнемдер айдалада қауқарсыз қорықшыларды аяусыз соққыға жығып, қашып кетеді.
Ақпарат құралдары жазғандай, 2019 жылдың басында «Охотзоопром» инспекторы, танымал қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің Қорғалжың қорығында киіктерді қорғаймын деп браконьерлердің қолынан қаза табуы халықтың қабырғасына батты. Осы қастандыққа қатысы болған 3 адам өмір бойға бас бостандығынан айрылды. Қорықшыларға шабуыл жалғасты. Былтырғы 2024 жылы Ұлытау облысында әлдекімдер табиғатты қорғауға ұмтылған қорықшылармен төбелесіп, сабап кеткен.
Жалпы, жауапты ведомство әзірлеген жаңа заң жобасын пысықтағанда, салада қордаланған сан-сапалы мәселелердің шешімін Парламент жеке қараса игі. Сөз болып отырған заң жобасы 2025-2026 жылғы кезеңде қабылданады деп жоспарланған. Содан кейін аңшылардың қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастықтары қорықшыларды ақылы негізде (бюджет есебінен) және уәкілетті орган бекіткен талаптарға сай арнайы дайындықтан өткізуге кіріспек.
Қазақстан мемлекет ретінде сақталуы үшін оның аумағы адам тұруға жарамды болуға тиіс. Бұл үшін қоршаған орта мен оның жануарлар дүниесін қаз-қалпында сақтап, көздің қарашығындай қорғайтын қорықшылар қатары отаншыл, табиғатсүйгіш, өз ісінің майталман мамандармен толыққаны абзал. Қазақ елі күн сөнгенше тұратын мемлекет болуы үшін оның бұлтпен таласқан көгілдір тауларын, қарағайлы ну орманын, қасиетті топырағын және жануарлары мен өсімдіктерін қорғау – мемлекеттік маңызды миссия! Оны іске асыру үшін елдегі 3 084 қорықшының және олардың қатарына жаңадан қосылар әріптестерінің жағдайын жақсартқан, жалақысын көтерген, біліктілігін арттырған, қажет болса, жеткілікті қаруландырған жөн.
Айхан ШӘРІП