Әсіресе, қоғамдық көліктерді басқаратын жүргізушілердің тапшылығы қос бүйірден қысып тұр. Сонда қала тұрғындары қоғамдық көлікті басқаруға неге құлықсыз? Қойылатын талап пен тәртіп қатаң ба, әлде мұның басқада себептері бар ма?
Қазір Тараз қаласында «Автобусный парк 2020», «ӘулиеатаТрансПасс», RashLau, «ТаразТрансМоторс», «Саяхат-99», «СапарТранс 2012», «Дамрус» және Smart City Service сияқты 8 тасымалдаушы мекеме 43 бағыт бойынша қызмет көрсетеді.
– Тасымалдаушы мекемелердегі жылжымалы құрам саны 435 бірлікті құрайды. Күнделікті қызмет көрсетуге 393 кесте (автобус) бекітілген. Оның ішінде 288-і соңғы үш жылда келген үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустар. Бұл қазіргі бағыттарда күнделікті қызмет көрсетіп жүрген автобустардың 73 пайызын құрайды. 2023 жылы №10, №20, №56, №17 маршруттық бағыт, былтыр №57, №50, №41, №18, №13 маршрут ашылған болатын. Сонымен бірге осы жылы 15 қаңтардан бастап, станса Талас-Ауыл береке базары аралығына қатынайтын №62 маршрут және 12 ақпаннан бастап Түрксіб-Бектөбе алқаптары аралығына №37 маршрут қызмет көрсетуді бастады, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінің көлік және жолаушылар тасымалдау секторының меңгерушісі Нұрлан Сапар.
Жалпы, жоғарыда аталған 8 мекемеде 554 жүргізуші жұмыс істейді. Дегенмен таңертең жұмысына, кешкісін үйіне асыққан тараздықтардың көпшілігі аялдамада автобусты күтіп, ұзақ тұрып қалатынын айтып шағымданатыны жасырын емес. Мұның басты себебінің бірі – автобус жүргізушілерінің тапшылығы. Жүргізушілер екі күн жұмыс істеп, екі күн демалыс алуы керек болса, кейбір автопаркте бұл қағида сақталмаған. Одан бөлек, таңмен таласа тұрып жұмысқа шығып, кеш бата келетін жүргізушілер жалақының мардымсыздығын айтып қынжылады. Солардың бірі – кезінде «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізуші болған, бүгінде Астана қаласында нәпақасын тауып жүрген Нұржан Жолдасов есімді азамат.
– Мен жалпы «ӘулиеатаТрансПасс» серіктестігіне алғыстан басқа айтарым жоқ. Сол жерде көлік жүргізудің қыр-сырына қанықтым. Алайда қысқа жіп күрмеуге келмеген соң амалсыз Астанаға аттандым. Түсінікті етіп айтсам, Таразда айына 1 теңге тапсаңыз, елордада 3 теңге табасыз. Сол бала-шағаның қамы деп алыста жүрміз. Таразда бір айда 26 күн істеп 320 мен 350 мың теңге аралығында жалақы алсақ, мұнда 15 күн жұмыс істеп 900 мың, ал 22 күн рөлде отырсақ, 1 200 000 теңгені санап аламыз. Сонымен бірге Таразда кезекті еңбек демалысының ақысына 150 мың теңге түссе, Астанада 900 мың, ал сауықтыру жәрдемақысын қосқанда 2 миллион теңге қолға тиеді. Сонымен бірге әр мереке сайын қомақты сыйақы беріледі. Әрине, өз отбасыңның қасында жұмыс істегенге не жетсін?! Бірақ айына төлейтін 300 мың теңге кредитім бар. Сондықтан көне шаһардағы автопаркте жұмыс істейтін жүргізушілер Астана мен Алматы сияқты үлкен қалаларға кетуге мәжбүрміз, – деп ауыр күрсінген Нұржан елордада тараздық талай жігіттің автобус айдап жүргенін тілге тиек етті.
Сұлтанғазы Мұханов та жалақының жетіспеушілігінен Әулиеатадан Астанаға табан ауыстырған жүргізушінің бірі.
– Жасыратыны жоқ, басты мәселе айлыққа барып тіреледі. Сол баяғы жетіспеушілік. Айына 350 мың теңге кредит төлеймін. Таразда табатын жалақым қарыздың өзін толық жабуға жетпейді. Бес балам бар, олардың тамағы, киімі бәрі қып-қызыл ақша. Өздеріңіз білесіздер, қазір қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Сондықтан отбасын асырау үшін осында жүрміз. Таразда автопарк бізге сағатына 1 500 теңге төлесе, Астанада 2 300 теңге белгіленген. Оған түрлі сыйақыны, артық істеген күндердің ақшасын қосыңыз, кәдімгідей қаражат шығады. Мен де отағасы ретінде жарымның, балаларымның жанында болғым келеді. Егер жалақымызды көтерсе, ертең-ақ Таразға тартып кетер едім, – дейді С.Мұханов.
Жүргізушілердің пікірін білген соң, «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рашид Пірмановты сөзге тарттық.
– Бүгінде біз шаһарда 17 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеміз. Әрине, сіз көтеріп отырған мәселе маған да, менің әріптестеріме де өте таныс. Рас, Таразда автобус жүргізушілердің тапшылығы сезіледі. Жалпы, қандай да бір кәсіпорынның дамуы үшін ең әуелі жұмысшыға жағдай жасалғаны дұрыс, сонда ғана жұмысыңнан нәтиже болады. Қазір біздің қаламызда жүргізіушілердің орташа жалақысы 350 мың теңгені құрайды. Жүргізушілер екі күн істеп, екі күн демалады. Мөлшермен бір айда 15 күн жұмыс істейді деген сөз. Басқа ешқандай жұмысқа тартылмайды. Ал Алматы, Астана қалаларында айлық бізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан да жүргізушілердің көбі сол алып мегаполистерге кетіп жатыр. Адам еңбегін біз де бағалағымыз келеді, дегенмен өңірдегі қаржылық жағдай қолымызды байлап тұр, – дейді Рашид Сантөреұлы.
Тағы бір мәселе – тараздық автобус жүргізушілерінің айтуларынша, жол полициясы себепсіз тоқтатып, оларға орынсыз айыппұл салатын көрінеді. Сол себептен де өзі аз жалақымен жұмыс істеп жүрген жүргізіушілер басқа жұмысқа ауысып кетеді.
Осыдан кейін біз Жамбыл облыстық Полиция департаментіне қайырылып, жүргізушілердің жанына батқан жағдайды сауал ретінде төтесінен қойдық.
– Тексеріс ешқашан толастаған емес. Әсіресе, шаһардағы түрлі іс-шара кезінде көліктер жиі тоқтатылып әкімшілік хаттама толтырылып тұрады. Бұл – автобус паркіне немесе жүргізушіге жасалып жатқан шара емес. Бұл тек халықтың қауіпсіздігі үшін қолға алынуда. Қатаң бақылаудың арқасында бұрынғыға қарағанда тәртіп бұзу азайып келеді. Десе де, осы жылы автобустардың қатысуымен 7 жол көлік оқиғасы болды. Сондықтан тексеру жұмысы алдағы күндері де өз жалғасын таба береді. Барлығы да заң шеңберінде жүретін шара, – дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге автобус жүргізушілердің тапшылығы тек жоғарыда аталған мәселелерге ғана байланып тұрған жоқ. Автопарк басшыларының айтуынша, оның тағы бір себебі – қала ішінде автобус жүргізушілерінен D категориялы жүргізу құжаты талап етілетіндігінде. Егер D1 категориялы жүргізушілерге автобус жүргізу құқығы берілсе, үлкен мәселенің шешімі табылады екен. Себебі D1санатты жүргізушілер тек шағын автобустарды жүргізуге, ал D категориялы жүргізушілер ғана 16-дан аса жолаушыны тасымалдауға құқылы. Бұл да жүргізушілер тапшылығы мәселесін шешуге үлкен кесірін тигізуде.
Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда жоғарыда айтылған мәселелер кезек күттірмей шешілуді қажет етені анық. Бәлкім жүргізуші куәлігіне берілетін «D» және «D1» категорияларына қатысты жаңа өзгерістер енгізу керек шығар. Сондай-ақ автобус жүргізушілерінің жалақысын көтеру жолын да қарау қажет. Олай дейтініміз – 14 наурыздан бастап Тараз қаласында жол жүру құны тағы қымбаттап отыр. Бұдан бөлек, автопарк иелеріне берілетін субсидия мөлшері де жылда көбеюде. Осыны ескере отырып, жалақы мәселесіне қатысты да бір өзгеріс енгізетін уақыт келген секілді. Әйтпесе, жүргізушілеріміздің барлығы үлкен қалаларды бетке алып, өзіміз жер сипап қалуымыз бек мүмкін.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы