Күні кеше өткір мәселе Атырауда өткен Парламент Мәжілісінің көшпелі отырысында тағы бір мәрте көтеріліп, талқыға түскен.
6 жылда 19 мың сәби шетінеген
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтың келтірген ресми деректеріне жүгінсек, елде соңғы алты жыл ішінде ғана 19 128 баладан айырылыппыз. Әсіресе, Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу және Ұлытау облыстарында ана құрсағына біткен бейкүнә шараналар мыңдап шетінеп кеткен. Елдің демографиялық ахуалына ауыр соққы болатын түйткілді мәселеге келгенде, Денсаулық сақтау министрлігінен бастап жалпы елдің тұтас денсаулық сақтау жүйесі қауқар қыла алмай отыр.
Депутаттың дерегінше, елде 2019 жылы 3 360 сәби шетінесе, 2020 жылы 3 286, 2021 жылы 3 732 сәби қара жердің қойнына тапсырылған. Сондай-ақ 2022 жылы 3 154, 2023 жылы 2 998 сәби тумай жатып жарық дүниемен қоштасқан. Былтыр тағы 2 598 бала құндақталған күйі мәйітханадан шығарылған.
– Ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ кейінгі бір жылдың өзінде екі жарым мың бөпеден айырылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Кейде көпшілік перзентханалар мен дәрігерлерді айыптап жатады. «Перзентханаға тірі барған аяғы ауыр әйелді табытпен қайтарғандар жауап берсін» деп талап етеді. Кейде жұрт «Перзентханада дәрігерге сыйақы бермесең, толғақ қысып, жаның көзіңе көрінгенде де көз қырын салмайды» деп шағымданады. Барлық ақ халатты жандарды айыптау да ағаттық, дегенмен саладағы солқылдақтықты жою қажет. Себебі ісіне салғырт қараған кей адамның кесірінен өмірін медицинаға арнаған мыңдаған білікті маманның атына кір келеді, – дейді депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Ақмолада ахуал мәз емес
Өкінішке қарай, жүкті әйелдердің перзентханаға өз аяғымен келіп, табытпен шығу оқиғалары Ақмола облысында да азаяр емес. Тек соңғы бірер айдың ішінде ғана аймақта екі бірдей жүкті әйел аурухана кереуетінде көз жұмды.
Алғашқы қайғылы оқиға Есіл қаласында болды. Үш баласы бар, төртіншісіне аяғы ауыр әйел 27 қаңтар күні аудандық ауруханаға түскен. Жүктілігіне небәрі сегіз апта болған әйелдің құрсағынан қан кеткен. Әйелге алдына ала құрсақтағы шарана қатып қалған деген болжаммен ота жасалған. Шиеттей балалары бар 30 жастағы әйел отадан кейін ауруханада ұзақ жатудан бас тартып, үйіне кеткен. Дәрігерлер бұл күндері әйелмен тұрақты байланыста болып, шағым түспегенін алға тартады. Олардың айтуынша, 29 қаңтарда әйел есік алдының қарын тазалаған-мыс. Дереу жедел жәрдеммен Есіл аудандық ауруханасына қайта түскен. Іштен қан кеткен әйелді аман алып қалуға дәрігерлер барынша әрекет еткенімен, шаранасынан айырылған әйелдің өзі де ота үстелінде көз жұмады.
Бұл оқиғадан кейін де арада ай өтпей Көкшетау қаласының туберкулез диспансеріне түскен 24 жастағы тағы бір әйел қаза тапты. Жүктілігіне бес ай болған жас әйел туберкулезбен ауырған. Бірақ ұзақ уақыт дәрігерлерге қаралмаған болып шықты. Алғашқыда емдеуден үзілді-кесілді бас тартқан келіншек түсіндірме жұмыстарынан кейін 17 қаңтарда ауруханаға жатқызылған. 20 ақпанда туыстарының талабымен қолхатпен үйіне жіберілген. Алайда 21 ақпанда жағдайы күрт нашарлап, қатты демігіп аяғын ауырсына берген. 22 ақпанда жұбайы ауруханаға қайта жеткізіп, дәрігерлер шұғыл ауруханаға жатқызған. Бұл әйел де жүрек-қантамыры жеткіліксіздігінен дәрігерлер қанша жанталасқанымен, өмірін арашалай алмады.
Вице-министр өңірді өткір сынға алды
Бірінен соң бірі болған екі бірдей өлімнен кейін өңірге арнайы ат басын бұрған Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев та өңірдегі денсаулық сақтау саласының былыққа батып жатқанын айтып, жергілікті ақ халаттыларды сын садағына алды. Облыстың басқарма басшыларынан бастап бас дәрігерлерге дейін шүйліккен министр орынбасары түйткілді жағдай туралы есеп беру жөнінде қадау-қадау тапсырмаларды жүктеп кетті.
Вице-министрдің ашуына түрткі болған мәселе де өңірдегі ана мен бала өлімі көрсеткішінің күрт өсуі болған. Оның ішінде Есіл қаласы мен Көкшетау туберкулез диспансеріндегі екі бірдей өлім министрліктің тікелей осы мәселеге мән беруіне себепші болыпты. Вице-министр Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, қос шаңырақты ортасына түсірген бұл қайғылы жағдайлардың алдын алуға да мүмкін болғандай. Дегенмен екі жүкті әйел өлімінің нақты себебі мен алдын алуға болар-болмасын сараптама қорытындысы анықтамақ.
Қысқа мерзімдегі министр орынбасарының өңірдегі сапары облыс орталығында аурухананы аралаумен басталып, одан кейін жиналыс өткізумен жалғасты. Жиын барысында республикалық мониторинг жұмысының қорытындылары да жария етілді. Оның нәтижесі облыс үшін көңіл қуантарлық жаңалық емес. Отырыс барысында Ержан Нұрлыбаев жергілікті босандыру ұйымдарының басшылығына бірқатар сын-ескертпе айтып, болашақ аналардың денсаулығын сақтау үшін алдын алу шараларын қабылдау, сондай-ақ жүктілік кезінде медициналық көмектің сапасын арттыру, босанғанға дейінгі бақылауды күшейту, бұл үшін барлық кадрлық және техникалық ресурстарды шоғырландыру қажет екенін атап өтті. Сарапшылармен бірлесіп инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жағдай, сондай-ақ республикалық орталықтың ана өлімін төмендетудегі рөлі талқыланды.
Өз кезегінде сөз тізгінін алған облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Елена Иванова облыста босандыру қызметін ұйымдастыру туралы баяндады. Ол босандыру мәселелеріне кешенді көзқарас үшін Ақмола облысында 2025-2026 жылдарға арналған ана мен бала өлімі жағдайларын азайту жоспарының жобасы дайындалғанын атап өтті. Құжат бейінді мамандарды тартуды, жаңа жабдықтарды сатып алуды, дәрігерлердің біліктілігін үздіксіз арттыруды, акушерлікте ағза сақтайтын операциялар бойынша шеберлік сағаттарын өткізуді көздейді.
Қалай дегенмен де өңірге республикалық және облыстық бюджет қоржынынан миллиардтаған қаражат бөлінгенімен, аймақтағы медицинаның ахуалы алаңдатарлық. Әсіресе, ауылдағы медицинаның жай-күйі тіпті құлдырап кеткен. Вице-министр келесі есеп беруді анықтау үшін бір апта уақыт беріп, сондай-ақ жазғы уақытта бірлесіп облыстық алқа мәжілісін өткізетінін де атап өтті. Бұл уақыт ішінде аурулардың өсуінен бастап нысандарды күрделі жөндеуден өткізу сияқты басқа да өзекті мәселелерді жете анықтап, ауруханалардың бас дәрігерлері бойынша мәселелер шешілмек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы