Бүгінде экономиканың инновациялық дамуына серпін беретін маңызды құралдың бірі – венчурлік инвестициялар.
Стартаптар бәсекеге сай болсын десек
509
оқылды

Олар технологиялық стартаптарды қаржыландыру арқылы жаңа идеялардың жүзеге асуына, жоғары қосылған құны бар өнімдер мен қызметтердің пайда болуына ықпал етеді. Мұндай инвестициялар жаңа жұмыс орындарын ашып, жоғары білікті мамандарға сұранысты арттырады, нәтижесінде ғылымға негізделген экономиканы дамытуға үлес қосады.

Табыс пен тәуекел жүгін тең арқалайтын мұндай инвесторларды нарық тілінде бизнес-періштелер дейді. Бұл саланың өркендеуіне көп жағдайда тұрақсыз заңнамалық база, геосаяси мәселелердің ушы­ғуы және білікті мамандардың же­тіспеушілігі тосқауыл болады. Елімізде венчурлік нарық әлі де қалыптасу кезеңінен өтіп жатса, АҚШ пен Оңтүстік-Шығыс Азияда бұл сала өзіндік дәстүрі мен айқын ерекшеліктеріне ие болып үлгерді.

Венчурлік қаржыландыру стар­таптардың жаһандық нарыққа шы­ғуына мүмкіндік беріп, елдің бә­секеге қабілеттілігін арттыра­тыны белгілі. Дегенмен Big Sky Capital венчурлік қорының серік­тесі Жан Қарсыбаевтың айтуынша, венчурлік инвесторлар тек өсім әлеуетін ғана емес, сонымен қатар өңірлік ерекшеліктерді де түсінуі керек: заңнаманы, экономиканы, мәдениетті, тіпті валюта бағамы­ның ауытқуын. «Тек осылай ғана шығындарды азайтып, сәтті экзит жасау ықтималдығын арттыруға болады», – дейді ол.

Инновациялық «көшбасшы» кім?

Ірі технологиялық жобалар мен инновациялық шешімдердің пайда болуы жергілікті бизнесті күшейтіп қана қоймай, шетелдік капиталды тартуға да жол ашады. Венчурлік инвестициялар арқылы дамыған стартаптар экономиканың әртүрлі саласын цифрландыруға, тиімді­лігін арттыруға және жаңа нарық­тарды игеруге көмектеседі.

Соңғы жылдары Қазақстанның венчурлік нарығы Орталық Азия­дағы ең қарқынды дамып келе жат­қан экожүйелердің біріне ай­налды. Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы елдегі вен­чурлік инвестициялар $80 млн-нан асып, Қазақстан аймақтағы барлық венчурлік мәмілелердің 72%-ын қамтамасыз етті. Ал 2018-2023 жылдар аралығында стартаптар саны 6 есе, ал келісімдер саны 5,5 есеге ұлғайған.

Министрлік өкілдері еліміздегі венчурлік инвестицияның қазіргі ахуалы жайында AIQYN газетіне бер­ген жауабында бұл процестің не­гізгі қозғалтқышы Astana Hub бол­ғанын атап өткен. Бүгінде 1,5 мың­нан астам резиденті бар ең ірі IT технопаркі FinTech, AI, HealthTech, EdTech салаларындағы стар­таптарға қолдау көрсетіп отыр. Со­ның арқасында құны 529,1 млн АҚШ долларына тең IT өнімдерін экспорттауға мүмкіндік туды. Бұл елдегі IT экспорттың 60%-ын құрайды. 

«Алайда экожүйенің осындай қар­қынды дамуына қарамастан, әлі де Series A+ деңгейіндегі ин­вес­тицияларға деген тапшылық бар. Қазақстандық инвесторлар негізі­нен ерте кезеңдегі (pre-seed, seed) жобаларға қаржы құюмен шек­телсе, кеш сатыдағы (growth, Series A және одан жоғары) инвести­цияларды негізінен халықаралық қорлар қамтамасыз етеді. 2023 жылы барлық мәміленің 90%-ы ерте кезеңдегі инвестициялардан тұрды, бұл стартаптардың масшта­бы кеңеюін тежейтін басты кедер­гілердің бірі», – делінген министр­ліктің жауабында.

Қорлардың да «қоры» бар

Естеріңізде болса, былтыр отан­дық венчурлік нарықты жаңа деңгейге көтеру үшін $1 млрд көлеміндегі Qazaqstan Venture Group (QVG) қоры құрылған бола­тын. Бұл қор аймақтық стартап­тарды жаһандық капиталмен бай­ланыстыруға, инвестициялық тә­уекелдерді төмендетуге және венчурлік экожүйені ұзақмерзімді дамытуға бағытталған.

Ведомство өкілінің айтуынша, QVG қазір өз ішкі процестерін жетілдіріп, тұрақты және ашық ин­фрақұрылымын қалыптас­ты­руда. Қазірдің өзінде қор кәсіби инвестициялық басқарудың жаңа кезеңіне аяқ басып, менеджер лицензиясын алған. Бұл қор жер­гілікті венчурлік инвесторлардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, порт­фельді әртараптандыруға және жаңа актив сыныптарын қосу арқылы инвестициялық әлеуетті арттыруға мүмкіндік бермек.

Венчурлік инвестициялардың Қазақстан экономикасына ұзақ­мерзімді әсері туралы айтар болса, ең алдымен, елдегі белсенді ин­весторлар саны 2,6 есе өскенін, ал халықаралық ойыншылар Қазақ­станға көбірек назар аудара бас­тағанын атап өтер едік.

Алайда Цифрлық даму ми­нистр­лігінің мәлімдеуінше, Series A+ деңгейіндегі капитал тапшы­лығы шешілмейінше, стартап­тардың шетелдік нарықтарға бет алуы жалғаса бермек. Өйткені ауқымды мәмілелердің 90%-ын ха­лықаралық инвесторлар қаржы­ландырады, ал жергілікті қорлар­дың орташа инвестиция көлемі $1 млн АҚШ долларынан аспайды. Осы мәселені шешу – елдің инно­вациялық дамуындағы шешуші факторға айналып отыр.

Алдағы онжылдықта Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші техно­логиялық және инвестициялық хабқа айналуды мақсат еткені белгілі. Ол үшін басты қадам IT экспортының көлемін $1 млрд-қа жеткізу, IPO және M&A арқылы стартаптар үшін тиімді шығу стра­тегияларын қалыптастыру, Series A+ деңгейіндегі қаржыландыруды ұлғайту керек. 

Бұл процесті жеделдетудің жанама жолы QVG қоры және басқа да венчурлік бастамалар бол­мақ. «Егер осы бағытта жүйелі жұ­мыс жалғасса, 2030 жылға қарай ел технологиялық дамудың жаңа ке­зе­ңіне шығып, аймақтағы негізгі вен­чурлік орталыққа айналмақ», – дейді ведомство өкілі.

Еліміз қазір Орталық Азиядағы инновациялық жобаларға инвести­ция тарту бойынша «негізгі көш­бас­шы» екенін сарапшылар талай сөз етті. Дегенмен бұл статусты әрі қарай да сақтап қалу үшін Astana Hub қандай нақты стратегияларды жүзеге асырып отыр деген сауал туындайтыны даусыз.

Стартаптарға сүйеу болады

Astana Hub Ventures Ltd аппара­тының жетекшісі Назгүл Байтемі­рованың сөзіне сүйенсек, қордың жұмысы Қазақстанда ғана емес, халықаралық нарықтарда да ау­қымдана алатын перспективті технологиялық жобаларды анықтау және қолдауға негізделген.

– Біздің венчурлік қор арқылы инвестиция алу процесі ашық әрі құрылымдалған. Ол бірнеше не­гізгі кезе­ңнен тұрады: өтінім беру, бас­тапқы талдау және анали­тиктермен байланыс, бағалау және іріктеу және қорытынды шешім шығару үшін инвестициялық комитет қаралымына өтеді. Егер жоба үздік 5%-дың қатарына енсе, ол инвес­тициялық комитеттің қарауына ұсынылады. Мұнда қаржыландыру туралы түпкілікті шешім қабыл­данады. Мақсат – тек қаржы бөлу ғана емес, со­ны­мен қатар стартап­тарға жан-жақ­ты қолдау көрсету. Қор порт­­­фель­дік компанияларға өнім­ді бас­тапқы тексеруден бастап, ха­лықаралық нарыққа шығуға де­йін барлық даму кезеңдерінде қол­дау көрсетеді.

Назгүл Байтемірова қазір қор өзінің қалыптасу кезеңінде тұрға­нын айтты. Сонымен қатар жо­ба­лар пайплайн мен инвестициялық портфелін қалыптастыруда. Қор­дың пайплайнында қазірдің өзінде 120-дан астам жоба бар, сондай-ақ алғашқы екі стартапқа инвестиция салынды. 

– Бұл стартаптар туралы жақын арада толық ақпарат беріледі. Astana Hub Ventures өз қызметінің бастапқы кезеңінде болғандықтан, инвестиция салуды жаңадан бас­тады деуге болады. Қазір қор жа­санды интеллект технологияларына маманданған zypl.ai стартапының инвестициялық раундына қатысып үлгерді. Сондай-ақ екінші инвес­тициялық келісім сәтті аяқталды, алайда салынған қаражат сомасы әзірге жария етілмейді. Біз нарық­ты белсенді түрде зерттеп, масш­табты кеңейтуге және өңірдің тех­нологиялық экожүйесін дамытуға үлес қоса алатын перспективті стар­таптарды іріктеуді жалғас­тырып жатырмыз, – деді аппарат жетекшісі.

Оның сөзіне сүйенсек, вен­чурлік инвестициялар Қазақстан экономикасына айтарлықтай ұзақ­мерзімді әсер етеді. Өйткені бұл құрал инновациялардың дамуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді. Олар тек жоғары технологиялық салаларға капитал тартуға емес, кәсіпкерлікті дамытуға да серпін береді. Соны­мен қатар стартаптарды ерте кезең­де қолдай отырып, олардың ауқы­мын кеңейтуге көмектеседі. 

– Венчурлік қаржыландырудың арқасында елімізде инновациялық компаниялар алдыңғы қатарлы технологияларды дамыту үшін қажетті ресурстарға қол жеткізетін қарқынды экожүйе қалыптасуда. Бұл Қазақстанның жаһандық бә­секеге қабілеттілігін арттырып, экономиканың цифрлық транс­фор­мациясын жеделдетуге ықпал етеді, – деп түйіндеді сөзін Н.Бай­темірова.

Дегенмен отандық венчурлік капитал нарығының көлемі АҚШ немесе Еуропамен салыстырғанда өте шағын, сондықтан стартаптар көбіне шетелдік инвесторлар із­деуге мәжбүр. Соған қарамастан елдегі финтех, агротех, жасанды ин­теллект және IT салаларында бірқатар перспективалы стартаптар пайда болып, халықаралық дең­гейде мойындалуда. Егер венчурлік қаржыландыру жүйесі заңнамалық және инфрақұрылымдық тұрғыдан одан әрі жетілдірілсе, Қазақстан бұл салада аймақтағы жетекші ойыншылардың біріне айнала ала­ды. Осылайша, венчурлік ин­вес­тициялар тек жеке компания­лар­дың емес, тұтас экономиканың тұ­рақты өсуіне ықпал етіп, иннова­ция­лық экожүйенің қалыптасуына негіз болады.

Кәмила ДҮЙСЕН