Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
– Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау, айналаңның таза болуын қамту, табиғатын аялау, тал егіп, оған күтім жасау – адам баласына тән қайырлы істің өзегі екені ақиқат. Табиғатқа деген жанашырлықтан туындайтын осы міндетті іске асыруда, партияның Түркістан облыстық филиалының ұжымы түркі жұртының алтын бесік мекені болған Түркістан топырағының көк желекті қорын ұлғайтуға үлестерін қосып, ағаш көшеттерін отырғызды. Көктем шуағымен бүр жаруға шақ тұрған жас шыбықтар қасиет қонған жерден нәр алып бой көтереді, көлеңкесімен талай адамға шапағатын төгеді деп білеміз.

Жаңару мезгіліндегі қайырымды істер күнінде, имандылықты бойтұмарына балаған шаһарда қасиетті Рамазан айында, ортақ мақсат пен игілік жолында иық тірестіріп, қатарласа қадам басқан әріптестермен қайырлы бастаманы атқаруға күш біріктіргенімізді – жақсылықтың нышаны деп пайымдаймыз. Көктемнің әрбір күнін жылға азық деп бағалап-байыптайтын Түркістан облысының жұртшылығы Жер-Ананы қадірлеуден, табиғатпен егіз тыныстаудан аянып қалмайды деген сенімдеміз. Тарихи тамыры тереңде жатқан Түркістанның жері тал-теректі өлке болатын күн, жақын деп білеміз, ағайын!
Топырағынан құт-береке арылмаған, іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің арайлы мекені болған Қазақстанымыз жасай берсін! – деп жазылған хабарламасында.
Айта кетерлігі, Наурызнама дәстүрі аясында 15 наурыз – Қайырымдылық күні мерекелік іс-шаралар күнтізбесіне орай, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Ұлттық мұра» партиялық жобалары шеңберінде облыс аудан, қалаларында түрлі мазмұндағы іс-шаралар, оның ішінде қайырымдылық акциялары, мерекелік кездесулер, қолданбалы өнер туындыларының көрме-жәрмеңкелерін өткізуді қолға алды.