Қазір полицей аман қалды, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 15 наурызда сағат 09:35 шамасында болған. Атырау облысы Құлсары стансасындағы желілік полиция бөлімшесінің қатардағы полицейі Әлихан Ахметов вокзал аумағын патрульдеп жүрген. Сол кезде оған жұбайы қоңырау шалып, вокзал маңында орналасқан үйдің екінші қабатындағы пәтерде өрт шығып жатқанын хабарлаған.
Оқиға орнына барған Әлихан Ахметов өрттен адамдарды құтқаруға кіріскен. Сөйтіп, полиция қызметкері ғимараттан адамдарды эвакуациялайды. Нәтижесінде, кәмелетке толмаған 3 бала мен қартты өрттен құтқарып алады.
Содан 101 нөміріне қоңырау шалып, өрт сөндіру бөліміне хабар береді. Өрт сөндірушілер келгенше тағы бір рет Ахметов бөлме ішін аралап шықпақ болады. Алайда өрт пен көк түтіннің қарқыны қатты болып, полиция қызметкері өзі аман қалу үшін екінші қабаттан секірген.
"Оның төтенше жағдайдағы әрекеті батылдық пен адалдықтың жарқын үлгісі болды. Жас болғанына қарамастан, Әлихан ерекше табандылық танытып, төтенше жағдайларда әрекет етуге дайын екенін көрсетті. Оның бұл ісі әріптестеріне қызметке деген адалдық үлгісін көрсетті", – делінген портал хабарламасында.
21 жастағы қатардағы полицей Әлихан Ахметов ІІО-да 2025 жылғы қаңтардан бастап қызмет етіп келеді.