Щучинск қаласы, Бурабай кенті және Қотыркөл ауылы – туристер аймағына айналмақ.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытуға 137 миллиард теңге жұмсалмақ
aikyn.kz
504
оқылды

Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр хабарлады.

Оның айтуынша, елорда іргесіндегі Щучинск-Бурабай курорттық аймағын (ЩБКА) дамыту жөніндегі Президент тапсырмасын орындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі Ақмола әкімдігімен бірлесіп, кешенді жоспарды әзірледі.  

Құжатқа наурыз айының басында Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойып, бекітті. Кешенді жоспарға сәйкес, ЩБКА территориясында жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейтін жаңа туристік объектілер, тынығуды сауықтырумен үйлестіруге мүмкіндік ұсынатын рекреациялық аймақтар, визит-орталықтар пайда болады. Көлік инфрақұрылымы жетілдіріледі. Қотыркөл, Жүкей көлдерінде де глэмпингке арналған аймақтар, балаларға арналған орталықтар, жыл бойғы аквапарк және басқасы салынуға тиіс.

2025-2029 жылдарды қамтитын бұл жоспар 118 іс-шарадан тұрады. Оларды қаржыландыру үшін жалпы сомасы 137 миллиард 253,4 миллион теңге жұмсалады. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 45 млрд 676,8 млн теңге, жергілікті бюджеттен – 27 млрд 534,6 млн теңге, квазимемлекеттік сектор, инвесторлар және бюджеттен тыс қаражаттар есебінен – 64 млрд 42 млн теңге жұмсалмақ.

Қазіргі кезде Щучинск-Бурабай курорттық аймағының территориялық шекарасына бірден 17 елді мекен кіреді. Соның ішінде 3-еуі – туризмді дамыту орталықтары. Яғни, отандық және шетелдік туристерге арналған қонақүйлер, турбазалар, жалға берілетін пәтерлер сияқты орналастыру орындарына айналады. Атап айтқанда, бұлар – Щучинск қаласы, Бурабай кенті және Қотыркөл ауылы (атауы құлаққа жағымды естілуі үшін ресми түрде Қатаркөл деп атап жүр). Сондай-ақ Ақылбай, Зеленый Бор, Оқжетпес ауылдары да қолайлы әлеуетке ие екен.

Бірақ бұл бас жоспарды сонау 2013-2014 жылдары бекіткен. Сондықтан мемлекеттің тапсырмасымен, бүгінде Urban Living ЖШС "Бурабай" курорттық аймағының туризмін дамытудың мастер-жоспарын әзірлеп жатыр. Онда осы аумақты туристік игерудің негізгі басымдықтары, басты бағыттары және нақты локациялары айқындалады. Соның негізінде 2025 жылдың аяғына қарай, 4-тоқсанда өңірдегі негізгі туризм орталықтарының бас жоспарларына тиісті түзетулер енгізіледі.

Роман Склярдың мәліметінше, 2025 жылы 4 жобаны жүзеге асыру жалғасын табады. Оған 1,8 миллиард теңге бөлінуде. Соның ішінде Щучинскіде кварталішілік канализация жүйелеріне – 597,8 млн теңге, Щучинскіде магистралді су құбырлары желісін реконструкциялауға және салуға (4-кезегі) – 468,1 млн теңге, осы қаланың су бұру объектілері мен желісін қайта құруға – 217,7 млн теңге, Қотыркөл өзені жағалауындағы балалар сауықтыру орталықтарына су құбырларын тартуға – 563,5 млн теңге бағытталмақ.

Бұл жобаларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Роман Скляр Бурабай курорттық аймағының экологиялық мәселелерін шешуге, су қоймаларын тазартуға, қордаланған қоқысты шығаруға көңіл бөлінетінін жеткізді.

"Жалпы, "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экожүйесін қалпына келтіру және сақтау шараларын қалыптастыру мақсатында Президент Іс басқармасының тапсырысымен, "Бурабай МҰТП экожүйесін қалпына келтіру және сақтау" бағдарламасы жасалды. Құжатта кейінге қалдыруға болмайтын және ұлттық парктің экожүйесінің түбегейлі деградациясының алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұсынылған", – деді ол.

Сондай-ақ туристер саны артқандықтан, құқық пен тәртіпті сақтау да күшейтіліп жатыр.

"Щучинск-Бурабай курорттық аймағында тәртіп пен қауіпсіздікті лайықты қамтамасыз ету мәселесі Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды. Бүгінде қоғамдық тәртіпті қорғауға, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын патрульдік полицияның 30 наряды көшеге шығады. Оның бесеуі – туристік полиция. Сонымен бірге Бурабай кентінде Кенесары көшесі, 54 "Б" мекенжайында тәулік бойғы режимде туристік полицияның модульді бекеті жұмыс істейді. Кез келген саяхатшы соған жүгіне алады", – деді Роман Скляр.

Оның дерегінше, 2024 жылы және 2025 жылдың басынан бері полиция туристердің қылмыс жасауының немесе олардың қылмыстан зардап шегуінің бірде-бір дерегін тіркемепті.  Бірінші вице-премьер Бурабай курортындағы туристік полицияның шұғыл ден қою мүмкіндіктері арттырылатынын мәлім етті. Осы мақсатта тәртіп сақшылары электрокарлармен жабдықталмақ. Биылғы 2025 жылы 4 электромобиль сатып алу жоспарланған.

Сондай-ақ ЩБКА-да ақылды бейнекамералар жаппай орнатылады. Осы жылы 100 бірлігін сатып алып, қойып шығу жоспарда бар көрінеді.