Белгілі боксшы, Қазақстан құрамасының мүшесі Сабырхан Төрехан Атырау облысына ауысты. Енді ол Атырау облысының атынан шығады, – деп хабарлайды Аikyn.kz. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, оған мұндай ұсынысты Атырау облыстық бокс федерациясының басшысы Бауыржан Каримов жасаған.
– «Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Бір маңызды жаңалықпен бөлісейін деп едім. Мен бұдан былай Атырау облысының намысын қорғаймын! Маған мұндай мүмкіндік берген Атырау облысы бокс федерациясының басшысы Бауыржан Каримовке алғыс айтқым келеді.
Барлықтарыңыз білесіздер, осыған дейін мен Түркістан облысының намысын қорғап, осы күнге дейінгі қол жеткізген жеңістерімді осы өңірдің боксшысы ретінде тіркедім. Ол үшін киелі Түркістан облысы федерация өкілдеріне рақмет айтамын. Құрметті жанкүйер, мен алда ел ішінде Атырау намысын қорғағаныммен, сыртта бүкіл елдің, Қазақтың намысын қорғаймын!», – деп жазды Төрехан Сабырхан.
Төрехан Сабырхан жақында Болгарияда өткен «Странджа» турнирінде топ жарған болатын.