«Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері Наурызнаманы ерекше форматта атап өтуде, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында 100-ден астам қария мен 300-ден астам ерікті қатысқан шара барысында жастар ардагерлердің үйлеріне барып, тұрмыстық жұмыстарға көмектесіп, ауласын қардан тазалап, сый-сияпат жасады.
Жастар қариялардың өмірлік тәжірибесін тыңдап, олардың ақ батасын алды. Өз кезегінде ардагерлер қазақы дәстүр мен ұлттық құндылықтар жайында сыр шертіп, жастарға ізгі тілектерін жеткізді.
Шымкент қаласы, Жамбыл, Қостанай, Ақмола облыстарында жастар мен аға буын арасындағы рухани байланыс арта түсті.
Қостанай облысында «Жастар рухы» белсенділері Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Федоровтың үйіне барып, оған құрмет көрсетті.
«Ардагерлер – ел тарихының айнасы. Біз үшін оларды құрметтеу – үлкен міндет. Бүгінгі шара барысында қариялардың өткен өмірін тыңдап, өмірлік кеңестерін алдық. Мұндай кездесулер жастарға рухани азық болары анық», – деді «Жастар рухы» Қостанай облыстық филиалының төрағасы Аружан Сарсенбаева.
Ардагер Михаил Федоров өз сөзінде: «Жастардың жанашырлығы мен ізеттілігі көңілімді көтерді. Осындай ықылас білдіргендеріне алғысым шексіз. Бұл дәстүрді жалғастыра беріңіздер», – деп өз ризашылығын білдірді.
Шымкенттік белсенділер Таисья Лазареваны Наурыз мейрамымен құттықтап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Ұрпақтар сабақтастығы – халқымыздың ең асыл құндылықтарының бірі. Ардагерлеріміздің әрбір ақылы мен кеңесі біз үшін баға жетпес мұра. Бүгінгі іс-шара үлкендерге деген алғысымыздың бір көрінісі ғана. Біз бұл дәстүрді алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деді «Жастар рухы» Шымкент қалалық филиалының белсендісі Жанерке Нұрланқызы.
Бұл бастама «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында жүзеге асырылып, жастар арасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптеуге бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек мереке кезінде ғана емес, жыл бойына тұрақты түрде өткізіледі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.