Бірнеше жылдық үзілістен кейін ұлттық құрама жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел қоржынына үш алтын, екі күміс және бір қола медаль салды, – деп хабарлайды Аikyn.kz Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл көрсеткіш – Қазақстан әйелдер құрамасының әлемдік аренадағы орнының нығайғанының белгісі. Бұған дейін әйелдер құрамасы 2016 жылы елордада өткен әлем біріншілігінде 4 алтын, 2 қола медаль жеңіп алған еді.
Отандық боксшылардың жетістігі:
Биылғы додаға Қазақстан толық құраммен қатысты. Турнир барысында жерлестеріміз 35 жекпе-жек өткізіп, оның 26-сында жеңіске жетті.
Алтын медаль иегерлері:
• Назым Қызайбай (48 келі) – тәжірибелі боксшы, бұл жеңісімен Қазақстан тарихындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін 2014 және 2016 жылдары әлем біріншілігінде топ жарған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Назымды әлем чемпионатындағы тарихи жеңісімен құттықтап, оған зор табыс тіледі.
– Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік! Сербиядағы әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін, – деді Президент.
• Алуа Балқыбекова (50 келі) финалда қытайлық боксшыны айқын басымдықпен (5:0) жеңіп, әлем чемпионатының барлық жүлде жиынтығын иеленген боксшы атанды. Жерлесіміз бұған дейін 2022 жылы Түркиядағы әлем чемпионатында күміс, 2023 жылы Үндістандағы дода қола медаль жеңіп алған еді.
• Аида Әбікеева (63 келі) – өзінің шеберлігін дәлелдеп, финалда сенімді жеңіске жетті. Осылайша, былтыр Азия біріншілігінде үздік шыққан ол биыл әлемдік деңгейдегі алғашқы алтын медалін иеленді.
Күміс жүлдегерлер:
• Виктория Графеева (60 келі) – финалға дейін сенімді өнер көрсетіп, ақтық сында ғана қарсыласына есе жіберді.
• Елдана Тәліпова (+81 келі) – ауыр салмақтағы еліміздің ең үздік боксшылардың бірі екенін дәлелдеп, күміс жүлдеге ие болды.
Қола жүлде:
• Наталья Богданова (70 келі) – жартылай финалда жеңіліс тапқанымен, әлемдік деңгейдегі үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Чемпионаттағы ерекшеліктер:
- Қазақстан әйелдер құрамасы бұл әлем чемпионатында өз тарихындағы ең үздік көрсеткіштердің бірін көрсетті.
- Жарысқа 51 мемлекеттің өкілдері қатысты. Ал Қазақстан, Сербия, Ресей және Өзбекстан боксшылары толық құраммен бақ сынады.
- Жекпе-жектердің екеуінде жеңіс қазақстандық боксшыларға қарсыластары рингке шықпағандықтан, автоматты түрде берілді.
Жалпыкомандалық есеп
Қазақстан бұл чемпионатта жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.
1-орын: Ресей – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола
2-орын: Қазақстан – 3 алтын, 2 күміс, 1 қола
3-орын: Түркия – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола
Бұл чемпионат қазақстандық спортшылардың әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сербиядағы тарихи жетістік – алдағы жарыстарға тың серпін беретін маңызды кезең.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.