– Меніңше, Президентіміз бүгінде аса өзекті әрі маңызды мәселені қозғады. Қарапайым көрермен, кинотанушы әрі кинорежиссер ретінде заманауи қазақ киносының әттеген-ай дегізетін тұстары өте көп деп есептеймін. Өкінішке қарай, зорлық-зомбылық пен адам қатігездігін ашық түрде көрсететін, әдепсіздік пен көргенсіздік сахналарынан құралған өнімдер экранымызды жаулап алған. Мұндай антиэстетикалық нәрселерді көгілдір экраннан көрсету арқылы продюсерлер миллиардтап касса жинап, қалталарын толтыруда... Алайда бұл мәселенің салдарымен емес, алдымен себептерімен күрескен абзал. Өйткені бүгінде көрермен қауымның назарына ұсынылып жүрген фильмдердің деңгейі білімі таяз режиссерлер мен біліксіз продюсерлерге, сондай-ақ редактура институтының жойылуына тікелей байланысты. Бұрын білікті редактордың сүзгісінен өткізіп, кинотанушылардың оң бағасын алмай ешбір кинотуындыны жарыққа шықпайтын. Ал бүгінде кинотеатрларымыздан көрсетіліп жатқан фильмдердің басым көпшілігінің титрларынан редакторын таппайсыз. Сыншылардың пікірлеріне де құлақ аспайтын болған. Басқаларын былай қойғанда, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ұсынып отырған фильмдері де көрермен көзайымы болудан әбден алшақ. Ұлттық статусқа ие киностудиямыздың соңғы кезде жекеменшік студиялармен бірігіп шығарған фильмдерінің көркемдік деңгейі тізеден төмендеп кеткен. Жар дегенде жалғыз студиямыздың өзінде өте талғамсыз өнімдер шығып жатқанда, ұсақ-түйек жекеменшік студиялардан қандай деңгей талап ете аламыз?
Кеше ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы цензура мәселесін алға тартты. Дұрыс түсінсем, Президентіміз прокатқа шығатын фильмдерді сүзгіден өткізетін арнайы комиссияны құрудың қажеттігін меңзеп отыр. Бұл жерде бізді ойландыратын басты мәселе – ол комиссияның құрамына енетіндер кім? Егер аталған комиссия құрамында кино өнерінің табиғаты мен өзіндік болмысын, көркемдік ерекшеліктері мен теориясын тереңінен меңгерген білікті киногерлер, демек, кәсіби кинотанушылар мен өнертанушылар, осы салада шығармашылығымен мойындалған кинорежиссерлер мен продюсерлер болса бірсәрі, ал егер өнерден хабары жоқ, киноның иісі мұрнына бармайтын шенеуніктер мен депутаттар болса әңгіме мүлде басқа. Өкінішке қарай, шынайы өнерді айқындап, кәсіби тұрғыда бағалай алатын талғамы биік, өресі жоғары мамандар киногерлердің арасында да көп емес.
Жоғарыда көтерілген мәселелердің бір ғана шешімі бар – ол елімізде Киноинститут ашу. Иә, кино саласының мамандарын дайындайтын білім ордалары жоқ емес. Дей тұрғанмен, олардың бәрінде кино өнері кішігірім факультеттерде ғана оқытылады. Бұл факультеттерде мамандар дайындалғанымен, теориялық еңбектер жазылып, әлеуметтік зерттеулер жүргізілмейді. Ал теориялық негізсіз белгілі бір саланы дамытам деу бекер. Сол себепті де, бізге көрші мемлекеттегі әлемге әйгілі ВГИК сияқты кәсіби кино мамандарын дайындайтын Киноинститут ауадай қажет. Алдыңғы қатардағы дамыған мемлекеттердің бәрінде (АҚШ, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Польша, Ресей және т.б.) Киноинституттар баяғыдан бар. Басқаларын айтпағанда, әуелі миллионнан сәл ғана асып жығылатын Эстонияның өзінде де арнайы Киноинститут бар. Білімге назар аударылып, қолдау көрсетілген кезде ғана даму болады. Осылай ғана киноға кәсібилікті қайтарып, көрермен деңгейін көтеріп, талғамын қалыптастыра аламыз. Көрерменнің талғамы өскенде ғана қазақ экраны түзеледі!, –деді кинорежиссер Айбек Құдабаев.