Осы орайда, біз бағдарламаның өзектілігі мен өңірлерді әділ әрі тиімді басқару принциптері жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаймен әңгімелескен едік.
– Қазір елімізде мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға көп көңіл бөлінуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп әкімдердің біліктілігін арттыру жұмысын іске асыруды тапсырды. Дархан Медеғалиұлы, сіздіңше әкімдерді қайта даяралудың мәні не, өзектілігі қандай?
– Алдымен әкімдердің біліктілігін арттыру мәселесінің қазіргі өзектілігіне тоқталайын. Биыл жылдың басында Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшылары «Болашақ жұмыс орындары» деген тақырыпта баяндама жариялады. Жүргізілген зерттеу қорытындысында жұмыс берушілер алдағы жылдарда өздерінің қызметкерлеріне қажетті – аналитикалық ойлау, тұрақтылық, икемділік, көшбасшылық және әлеуметтік ықпал, креативті ойлау, мотивация және жауапкершілік сынды негізгі бес дағдының болуын маңызды деп көрсеткен. Ал сауалнамаға қатысқан жұмыс беруші компаниялардың 62 пайызы жасанды интеллектпен жұмыс істеу қабілеті бар адамдарды қызметке алуға мүдделі деп есептеген. Сондықтан олар мамандарды қайта даярлау, оқыту арқылы заман талабына жауап беруге болатынын айтады.
Демек, біріншіден білім беру үздіксіз жүретін процесс, сондықтан білім заманға сай өзгеріп, жаңарып отыруы заңдылық. Мәселен, осыдан он жыл бұрын алған білім, қазіргі ғылыми-технологиялық прогрестің қарқынды дамуына байланысты жаңа заман талаптарына жауап бере алмауы да ықтимал. Осыған орай заман көшіне ілесу үшін білімді үздіксіз жетілдіріп отыру маңызды. Әрине, қазір ақпарат көп, бұл ретте америкалық футуролог Джон Нейсбиттің «Біз білімге тарығып, ақпаратқа тұншығып барамыз» деген сөзі ойыма оралып отыр. Яғни, білімді жетілдіру барысында қазіргі заманның ғылыми-техникалық жетістіктерін тиімді пайдалану заман талабы. Екіншіден, өзіңізге мәлім, ауыл әкімдерін сайлау 2021 жылдан басталды. Бұл еліміздегі мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа жүйеге айналды. Ауыл әкіміне сайлануға Конституцияға сәйкес, Қазақстан азаматтары түсе алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Азаматтардың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды... Халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңарды» деген болатын. Сайланған әкімдердің ішінде ел арасынан шыққан, бұрын мектепте ұстаз болған, жеке кәсіпте жүрген түрлі саланың мамандары бар. Ауыл әкімдерінің шамамен 40%-ның (919 әкім) атқарып жатқан лауазымдағы мерзімі екі жылдан да аспайды. Сәйкесінше, 213 әкімнің жалпы мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі екі жылдан аз.
Ал кейбір ақпарат ресурстарында әкімдерді оқытудың қажеті қанша, олардың білімі жеткіліксіз болса неге сайланды деген пікірлер айтылып жүр. Осы ретте мемлекет халық таңдауымен санасатынын айту орынды. Демек, бұл сайлаушылардың сеніміне ие болып, таңдалған әкімдерге мемлекет тарапынан жасалған қолдау екенін ұмытпаған жөн. Себебі сайланған әкімдердің мемлекеттік басқару, жергілікті өзін-өзі басқару ісінде, салық кодексі мен төртінші деңгейдегі бюджетті тиімді игеру мен басқару, мемлекеттік сатып алу, инвестициялық жобаларды тарту және өзге де көптеген салалық бағыттардан тәжірибесін шыңдап, арнайы құзыретін арттыру керек. Себебі аталған салалар бойынша жеткілікті деңгейдегі құзыреттердің болмауы мүмкін. Осыған байланысты халық өз таңдауын жасағандықтан, мемлекет сайланған әкімдердің білімін жетілдіру мен тиімділігін арттыруға қолдау көрсетуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастыратынын түсінуіміз қажет. Үшіншіден, әкімдердің біліктілігін арттыру Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің үйлестіруімен және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Әкімдерді қайта даярлауға «AМАNAT» партиясы да қатысып отыр. Бұл бағдарлама барлық деңгейде сайланған аудан, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдеріне арналған.
Оқытудың негізгі мақсаты – әкімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, басқарушылық дағдыларын дамыту және жергілікті басқарудың тиімділігін арттыру. Оларға заманауи басқару әдістерін меңгеру, жергілікті тұрғындардың қажеттіліктерін тиімді шешу және өңірді дамытуға бағытталған қажетті білім мен дағдылар беріледі. Әкімдерді оқыту бағдарламасы интерактивті форматта жүргізіледі, ол практикалық тапсырмалар, стратегиялық жоспарлау бойынша тренингтерді қамтиды. Осылайша, олар теориялық білімді нақты жұмысында қолдануға мүмкіндік алады. Бір сөзбен айтқанда, бағдарламаның басты мақсаты – жергілікті басқару тиімділігін арттыру, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту және әкімдердің қазіргі заманғы басқарушылық құзыреттерін дамыту.
– Бағдарлама аясында қанша әкімді оқыту жоспарланған және олардың біліктілік деңгейінің қаншалықты артқаны қалай бағаланады?
– Бағдарлама аясында сайланған барлық аудан, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері оқытудан өтеді.
2025 жылғы ақпандағы жағдай бойынша 1 901 ауыл әкімі қайта даярлау курсынан өтуде. Ал еліміздегі ауыл әкімдерінің жалпы саны – 2 322. Бұл көрсеткіштен бағдарламаның кең ауқымда жүзеге асып жатқанын аңғаруға болады. Қайта даярлау нәтижесінде әкімдердің құзыреттері артып, жергілікті басқаруды сапалы жаңа деңгейге көтеруге оң серпін береді деп сенеміз.
– Әкімдерге қандай заманауи басқару әдістері мен технологиялар үйретіледі? Олардың алған білімдері қызметтік міндеттерімен қалай ұштастырылады?
– Бағдарлама 240 академиялық сағаттан тұрады. Оқыту 17 модуль бойынша өтеді, олардың әрқайсысы әкімдердің кәсіби және басқарушылық дағдыларын дамытуға бағытталған. Себебі әкімдердің құзыреттілігі мен білімі ауылдың экономикалық және әлеуметтік дамуына тікелей ықпал етеді.
Біріншіден, әкімдер ауылдық бюджетті дұрыс жоспарлауды үйренсе, қаржыны тиімді жұмсап, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарта алады. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу мен салықтық түсімдерді дұрыс басқару жергілікті экономиканың тұрақты дамуына жол ашады. Үшіншіден, коммуналдық меншікті тиімді басқару ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартады. Мысалы, жол жөндеу, су жүйелерін ретке келтіру немесе мектеп, ауруханаларға жағдай жасау мәселелері әкімнің басқарушылық қабілетіне тікелей байланысты. Сондай-ақ қазір ауыл шаруашылығы цифрландырусыз алға баса алмайды. Сондықтан озық технологияларды, жасанды интеллектіні пайдалана отырып, ауыл шаруашылығын дамытуда әкімдерге жаңа технологияларды енгізу бойынша нақты шешімдер ұсынуға көмектеседі деген сенімдеміз.
– Бұл бағдарламаның қорытындысы нәтижесі қандай болады деп жоспарланған? Әкімдер алған білімдерін тәжірибеде қолдана ала ма?
– Әрине, бағдарлама тек теориямен шектелмейді. Оқу барысында әкімдер нақты жағдайларды модельдеу арқылы тәжірибелік дағдыларды қалыптастырады. Курс соңында әрбір қатысушы өз ауылдық округінің экономикалық дамуы бойынша нақты бағдарламасын әзірлейді.
Бұл әкімдердің алған білімдерін тікелей тәжірибеге енгізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ Мемлекеттік басқару академиясы әкімдердің қызметіне мониторинг жүргізіп, оқыту нәтижелерін саралап отырады. Бұл тәсіл бағдарламаның тиімділігін арттырып, келешекте оны одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
– Алдағы уақытта әкімдердің біліктілігін арттыру бойынша қосымша қандай жоспарлар бар?
– Бұл жоба – мемлекеттік қызметті жетілдіру жолындағы маңызды қадам. Біз әкімдерді тұрақты түрде оқыту мен кәсіби тұрғыда дамыту механизмдерін жетілдіруді жалғастырамыз. Алдағы уақытта бағдарламаны кеңейтіп, оны жаңа бағыттармен толықтырып одан әрі аудан әкімдерін оқытуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жас әкімдер үшін менторлық бағдарламаларды дамыту, тәжірибе алмасу алаңдарын құру және халықаралық деңгейдегі үздік тәжірибелерді енгізу жоспарымызда бар.
Біздің басты мақсатымыз – кәсіби, білікті және халыққа қызмет ететін әкімдер корпусын қалыптастыру. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар халықтың мұң-мұқтажына жедел әрі сапалы жауап беруге қабілетті болуы тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Тілек ҚАБЫЛ