Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
"Қазақстан бүгінде тектоникалық саяси өзгерістер кезеңін өткеруде. Сондықтан бүгінгі саяси процестерді сараптау үшін кешегі тарихқа көз жүгірту аса маңызды", – дейді депутат.
1990 жылдардың басында елімізде демократия мен саяси плюрализмге бағытталған алғашқы қадамдар жасалды. Парламент пен атқарушы билік арасында белгілі бір тепе-теңдік орнап, конституциялық бақылау жүйесі жұмыс істей бастады. Бірақ 1995 жылғы Конституция экономикалық реформалар мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз еткенімен, саяси жүйе жекелеген топтар мен тұлғалардың мүддесіне қызмет етіп кетті. Соның салдарынан билік сол кездегі Президенттің қолына шоғырланып, Парламент формальды органға айналды.
"Нәтижесінде, қоғамдық процестер бір бағытта ғана жүріп, азаматтар мен билік арасындағы байланыс үзілді", – деп түсіндіреді Ерлан Саиров.
2010 жылдан бастап Қазақстанда қоғамдық-саяси дағдарыс өрши түсті. Жер реформасына қарсылық, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына байланысты наразылықтар белең алды. Осы күрделі кезеңде, 2019 жылы билікке Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол билікке келген бойда саяси реформаларды қолға алмаса, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мүмкін болмайтынын мәлімдеді.
"Тоқаевтың Жарлығымен саяси реформаларды жоспарлау үшін арнайы Ұлттық кеңес құрылды. Бұл кеңес елдегі ушығып тұрған саяси процесті эволюциялық жолмен шешуді көздеп, Президент өкілеттігін Парламентке беру, оппозиция рөлін арттыру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мәселелерін қарастырды", – дейді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстанда ұзақ уақыт бойы жеке басқа табынушылық процесі болды. Сондықтан реформалардың басты мақсаты – осы жүйені жойып, мемлекет пен қоғам арасындағы теңгерімді қалыптастыру болды. Алайда бұл өзгерістерге елдегі олигархиялық және бюрократиялық топтар қарсы шықты. Олар Тоқаевтың реформаторлық бағытына жүйелі түрде кедергі келтіріп отырды.
"Бұл әрекеттердің салдары Қаңтар оқиғасына әкелді. Бірақ сол кезеңде Президент Тоқаев Қазақстан мемлекетін ауыр дағдарыстан құтқарып қалды!" – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Қаңтар оқиғаларынан кейін саяси реформалар жаңа серпін алды. Бірақ ең бастысы – бұл өзгерістер 2019 жылы басталғанын түсіну керек. 2022 жылғы референдум нәтижесінде Президенттің бір ғана 7 жылдық мерзімге сайлану тәртібі енгізілді. Сонымен қатар аудан және ауыл әкімдерін халық өзі сайлайтын болды.
"Қысқа мерзім ішінде еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Үкімет пен Парламент арасындағы тепе-теңдік орнығып, аймақтардағы мәслихаттардың рөлі күшейді. Саяси реформалар азаматтардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуына мүмкіндік берді", – деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар Президенттің шешімімен Ұлттық құрылтай құрылып, ол халық пен билік арасындағы шынайы диалог алаңына айналды. Мемлекеттің басты стратегиялық бағыты – Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын сақтау.
"Президенттің шекаралық аудандарды дамыту жөніндегі тапсырмасы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Оның бастамасымен ШҚО, Абай облыстарында Қатонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандары қайта ашылды. Бұл халық арасында үлкен қолдауға ие болып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді", – дейді Ерлан Саиров.
Президенттің тапсырмасымен «AMANAT» партиясы ұсынған «Қазақстанның шекаралық аудандары туралы» заң жобасы әзірленуде. Бұл құжат елдің 65 шекаралық ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ерлан Саировтың пікірінше, қазіргі кезеңде Қазақстандағы саяси реформа тоқтап қалмауы керек.
"Еуропа мен АҚШ-та азаматтардың тұрақты наразылық білдіруі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тенденция бізге де келуі мүмкін. Сондықтан Қазақстандағы саяси реформалар үзіліссіз жүретін процесс болуы қажет", – деп атап өтті депутат.
Бүгінде Қазақстан күрделі геосаяси жағдайда тұр. Сондықтан ең басты міндет – Тәуелсіздік пен территориялық тұтастықты сақтау. Осы мақсатта реформалар мемлекетшілдік және патриотизм қағидаттарымен үндес болуы тиіс.
"Әділетті қоғам орнату – әлеуметтік мемлекеттің басты мақсаты. Оның нақты дәлелі ретінде мемлекеттің қазба байлықтарына бақылау орнату, несие алушылардың құқығын қорғау, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын атауға болады. Бұл реформалар халық пен биліктің бірлігін күшейтеді", – деп түйіндеді Ерлан Саиров.