Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
"Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған түбегейлі саяси реформалар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден басталған еді. Бұл Конституцияға өміршең серпін беріп, либерал-демократиялық құндылықтардың елімізге дендеп енуіне, дамудың жаңа белесіне көтерілуге негіз болды", – дейді депутат.
Оның айтуынша, бұл реформалардың ішіндегі ең маңызды өзгерістердің бірі – Конституциялық соттың құрылуы.
"Өйткені бұл – заң мен тәртіптің, адам құқығының сақталуына серпін беретін бірден-бір пәрменді тетік", – деп түсіндіреді Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ.
Депутаттың айтуынша, Конституциялық соттың құрылуы еліміздің құқық жүйесіне бірнеше маңызды өзгеріс әкелді:
Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік сақталды
"Конституцияның үстемдігін толыққанды қамтамасыз етуде билік тармақтарындағы тежемелілік пен тепе-теңдік жүйесі, мемлекеттік биліктің тұрақтылығы сақталды. Демократиялық жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолында маңызды қадамдар жасала бастады", – деп атап өтті депутат.Азаматтардың құқықтарын қорғау механизмі күшейді
Бұрын Конституциялық кеңеске тек жоғары лауазымды тұлғалар ғана жүгіне алатын. Енді бұл мүмкіндік барлық азаматтарға берілді.
"Қазір бұл аталғандардан басқа еліміздің Бас прокуроры, Адам құқығы жөніндегі уәкіл, сонымен қоса барлық азаматтар жүгініп, өз мәселесін шешуге мүмкіндік алды", – дейді ол.Қолданыстағы заңдардың Конституцияға сәйкестігі тексеріліп жатыр
"Конституциялық сот құрылғалы 9 000-нан астам азамат жүгініп, оның 8 пайызға жуығы конституциялық өндірістен өтіп, өз шешімін тапты. Осылайша, нормативтік-құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін тексеру нәтижесі заң шығару үдерісінің сапасын арттыруға, заңнаманың жетілдірілуіне негіз болды", – деп түсіндірді депутат.
Үнзила Шапақ өзінің Еуропа Кеңесі жанындағы Венециялық комиссия құрамында сегіз жылдан астам уақыт жұмыс істегенін атап өтті. Оның айтуынша, әлемнің 119 елінде конституциялық бақылау органдары бар. Қазақстанда көптеген елдерде қолданылатын үшінші үлгі енгізілді.
"Яғни, адамдар Конституциялық сотқа тікелей жүгініп, өзінің азаматтық құқығын қорғай алады", – дейді ол.
Депутат Конституциялық соттың тиімді жұмыс істеп жатқанын нақты сандармен дәлелдеді.
"Мәселен, Конституциялық сот өндірісіне 9 000-нан астам өтініш түсті. Бұл халықтың сот жүйесіне сенімінің артқанын көрсетеді", – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Конституциялық сот қабылдаған шешімдердің орындалу механизмін жетілдіру қажеттігін айтты.
"Конституциялық сот құрылған сәттен бастап 68 нормативтік қаулы шығарды. Оның ішінде 18 қаулы бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды, 20 қаулы Мәжілістегі заң жобалары құрамында қаралуда. Шешімдердің барлығы дерлік адамдардың конституциялық құқықтарына қатысты болғандықтан, олардың шұғыл орындалуын қамтамасыз ететін механизмді жетілдіру керек деп санаймын", – дейді Үнзила Шапақ.
Оның пікірінше, Конституциялық сот азаматтардың ғана емес, заңды тұлғалардың да өтініштерін қарастыруы керек.
"Бүгінде қабылданып жатқан әрбір шешім – ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Біздің басты міндетіміз – осы реформаларды тиімді жүзеге асырып, олардың халық өмірінде нақты нәтижесін көру", – деп түйіндеді депутат.