«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы 850 мыңға жуық қазақстандық азамат қаржылық сауатын арттырды.
850 мыңға жуық азамат қаржылық сауат арттырды
317
оқылды

Жоба түлектерінің 40%-дан астамы қарыз жүктемесі мен несиелер санын азайтты. Алайда бүгінде азаматтарды интернет-алаяқтардың белсенді әрекетінен қорғау жұмысын күшейту, сондай-ақ қаржы пирамидаларынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету мәселесі аса маңызды болып отыр. Осы мақсатта бүгін «AMANAT» партиясы мен Қаржылық мониторинг агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Құжатқа партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен Агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов қол қойды.

Дәулет Кәрібек несие қамытын киген азаматтардың борышын азайту мақсатын­да бес жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірреттік шара ретінде 500 мың азамат­тың кепілсіз несиесі кешірілгенін атап өтті. Ал мәселені жүйелі түрде шешу үшін Президент тапсырмасы бойынша Мәжі­лістегі «AMANAT» партиясының фрак­циясы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы және кредит беру кезінде тәуе­келдерді барынша азайту туралы заң әзір­леді. Атап айтқанда, 2026 жылға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың несиелерін коллекторларға сатуына мораторий жарияланды, тұты­нушылық қарыздардың ең жоғары сомасы белгіленді, кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі төмендетілді және тағы басқа қадамдар жасалды. Қабыл­данған түзетулер іс жүзінде банктердің емес, қа­ра­пайым адамдардың мүддесін қорғай­ды.

«Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға, қаржылық тұрақсыздық мәселелеріне тап болған адамдарды қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Осы жобаның тиімділігін Президент те бірнеше рет атап өтті. Өкі­нішке қарай, көп азамат өзінің қаржылық құқығын білмейді. Жобаға қатысушылар тек оқу барысында ғана өз қарызының артық төлемін біліп жатады. Сондықтан біздің бастамамыз қазақстандықтар үшін нағыз «құтқару шеңберіне» айналды. Жоба жүзеге асырылып келе жатқан екі жыл көлемінде ел аумағындағы 850 мың­ға жуық адам қаржылық сауатын арт­­тыру курсынан өтіп, олардың 70 мыңына заң­герлер көмек көрсетті. Қаржылық мо­ниторинг агенттігімен өзара бірлес­­кен жұмысымыз профилак­тикалық және бі­лім беру қызметін күшейтуге, сон­дай-ақ жобаға барынша көп азаматты тар­­ту­ға ықпал етеді», – деді партияның ­Ат­­қа­рушы хатшысы.

Сондай-ақ Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да азамат­тар­дың қарызын қайта құрылымдауға және коллекторлармен туындаған дау-дамай­ларды шешуге көмектесетінін айтты. Бұл, әсіресе 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар адамдарға қа­тысты. Мұндай азаматтардың саны ша­мамен 1,6 млн адамды құрап отыр. Жалпы, «Қарыз­сыз қоғам» жобасы арқы­лы проблемалық несиелер деңгейі 2020 жылғы 18%-дан 2024 жылы 7%-ға дейін төмендеді.

Қаржылық мониторинг агенттігі төра­ғасының орынбасары Қайрат Бижа­нов «AMANAT» партиясымен ынты­мақ­тастық орнатып, қаржылық алаяқтық­қа қарсы бірлесіп жұмыс істеудің маңызын атап өтті. Ол күш-жігерді біріктіру қада­мы қаржылық жауапкершілікті қалы­п­тастыру және азаматтарды алаяқтардан қорғау жұмысына сенімді серпін береті­нін жеткізді.

«Бүгінде қаржы пирамидалары ­бел­сен­ді жұмыс істеп жатыр. Олар­дың басым бөлігі шетелден басқарыла­ды. Былтырдың өзінде Агенттік 29 қар­жы пира­ми­дасын анықтап, 41 онлайн құ­мар ойын алаңын жойды. Қаржылық алаяқтық белгілері бар 327 чат жабыл­ды. Он­дағы азаматтардың жал­пы саны 1,5 миллион­нан асады. «Ки­бербақылау» жү­йесінде қаржы пира­мидасы белгілері бар 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт және 12 мың он­лайн-казино бұғаттал­ды. Биыл екі айда 11 қаржы пирамида­сы­ның қызметі тоқ­татылды, 4,5 мың сайт пен аккаунт бұ­ғатталды, әлеумет­тік желілерде 13 мың әлеуетті салым­шысы бар 6 топ, 4 мыңнан астам он­лайн-ка­зино сайттары мен аккаунттары жа­был­ды», – деді ол.

Меморандум шеңберінде тарап­тар бірлесіп оқыту материалдарын әзірлеу­ге және таратуға, қоғамды алаяқтардың әре­кеттері мен оларды танып-білу тәсілдері туралы жедел хабардар етуге, алаяқтар­дың құрбандарына қолдау көрсетуге, сон­дай-ақ заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныс­тар енгізуге ниетті.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылы 2 мамырда 12 банк­тің және 11 мемлекеттік органның қол­­дауымен бастау алды. Сарапшылар­дың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушы­лар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банк­роттықты сүйе­мелдеу және берешекті өтеу кестесін әзір­леуге дейінгі түрлі сұ­рақ бойынша кеңес алады. Сондай-ақ оқыту барысында қатысушыларға заң­гер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қа­рыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді. 

Курсқа жазылу үшін qogamfin.kz сай­тындағы нысанды толтыру қажет. Жо­баға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арт­тырып, бір топта 50 адамға дейін оқы­ты­лады. Дәріс ұзақтығы – 5 жұмыс күні.