Әсіресе, балалар ауылының тұрғындары мерейлі сәтке күні бұрын қызу дайындық жасап, қазақы нақышта киініп, көтеріңкі көңіл-күймен келеді. Оған мереке мезіретінде ұлағат ұясына арнайы барып, балалардың жай-күйімен танысу барысында көз жеткіздік.
Негізі, он жылға жуық уақыт бұрын, яғни 2015 жылы жұмысын бастаған коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 4 пен 18 жас аралығындағы түрлі ұлт өкілдерінің балалары білім мен тәрбиенің тал бесігінде тербеліп жүр. Сәби шағынан өмір ағысының бұралаңымен бетпе-бет келген өрендер ізгілік ұясынан мейірім мен махаббаттың шуағын сезініп жүргені байқалады.
Балалар ауылында қосқабатты 8 үй мен әкімшілік ғимарат орналасқан. Әр үйде балаларға арналған жатын бөлме, ойын, сабақ және гигиеналық жуыну бөлмелері, қонақжай орналасқан. Барлық бөлме заманауи талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ат шаптырым аумақты алып жатқан кең аулада баскетбол, волейбол және басқа да спорт түрлеріне арналған ойын алаңы, бүлдіршіндердің демалыс орындары салынған. Ауыл айналасы жасыл желекпен көмкеріліп, тіпті жылыжай кешені де іске қосылған.
«Ерте көктемнен балаларымыз үйлерінің айналасына тал отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді, жеміс ағаштарын күтіп баптайды. Көкөніс, бақша дақылдарын егіп, жылыжай жұмысына да атсалысады. Берекелі күзде жемістерден түрлі тоспа әзірлеп, қыстық азығын қамдауға кіріседі. Балалар қала аумағындағы арнайы бекітілген орта мектептерде білім алады. Сабаққа мекеменің арнайы автобусымен тасымалданады. Одан өзге, түрлі үйірме мен спорт секцияларына да қатысып, қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік жасалған. Соның нәтижесінде болашағынан зор үміт күттіретін өнерлі өрендеріміз өсіп келеді. Жыл сайын Наурыз мерекесін балаларымыз ерекше ықыласпен қарсы алады. Биыл да наурызнаманың онкүндігіне түрлі шара ұйымдастырудамыз. Соның ішінде асық ату, бестас ойыны, Ұлттық киім күніне арналған іс-шараларымызға тәрбиеленушілеріміз жоғары белсенділік танытуда», – дейді мекеме директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақнұр Ерболатқызы.
Директор орынбасарының айтуынша, бүгінде балалар ауылында 44 тәрбиеленуші бар. Олар арнайы отбасылық топқа бөлініп, қосқабатты 7 үйде білім мен тәрбиенің бал шырынын татып жүр. Әр үйге бір ана-тәрбиешіден бекітілген. Ал сегізінші қосқабатты үй өнерге бейім балалардың шеберліктерін шыңдау мақсатында Шығармашылық үйі ретінде жұмыс істейді.
Тәрбиеленушілер арасында түрлі облыстық, республикалық, халықаралық спорт, өнер және білім сайыстарында топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген өрендер аз емес. Соның ішінде «Байқоңыр» отбасының тәрбиеленушісі, балалар үйінің Ерсұлтан есімді оқушысы Президенттің қолынан «Жаңа Қазақстанның 100 дарынды оқушысы» төсбелгісін алыпты. Ал 12 жастағы Алеся есімді тәрбиеленушісі вокалға қатысады. Би билеп, қобыз аспабының құлағында ойнайды. Төрт жасынан бастап ән айтумен де әуестенеді. Былтыр Ресейдің «Ты супер!» бағдарламасына қатысып, лауреат атаныпты.
«Өзім «Мансап» мектебінде оқимын. Қазір өнер мектебінде қобыз үйірмесіне қатысамын. Ән айтқанды ұнатамын. Наурыз мерекесін ерекше жақсы көремін. Жылда бәріміз жердің тоңы жібіп, табиғат көк желекке оранатын көктем мезгілінің ерекше сәтіндегі қазақы нақышта киініп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ұлық мерекені асыға күтеміз», – дейді жоба қатысушысы Алеся.
Сол сияқты Рома есімді жеткіншек те осы жобаның қатысушысы атанып, үздіктер қатарынан көрінген. Бүгінде өзі «Атамекен» балалар ауылы жанындағы жастар парламентінің президенті болып сайланған.
«Қазір 11-сыныпта оқимын. Болашақта білімімді шыңдап, білікті маман иесі атансам деймін. Осы мақсатта информатика және математика бағытын таңдап отырмын. Яғни, болашақта IT саласының маманы болғым келеді. Көздеген мақсатыма жету жолында ҰБТ-ға дайындалып жатырмын», – дейді Роман.
Балалар ауылының Полина есімді тәрбиеленушісі де ерекше өнерімен дараланады. Қаладағы №140 мектептің оқушысы Абай өлеңдерін нақышына келтіре оқудың шебері. «Абай оқулары» сайысының І-орын жеңімпазы. Балалардың екі үйірмеге қатысу қағидатына сәйкес, спорт пен білім сайыстарынан бөлек, Ерсұлтан, Тимур және Камила есімді балалар «Қарақат» мектеп студиясына қатысып, домбыра курсынан дәріс алып жүргенін де айта кеткен абзал. Осы кезге дейін түрлі республикалық, халықаралық өнер додаларында топ жарған. Ал 2-сынып оқушысы кішкентай Азамат есімді балақай ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан алдына жан салмайды екен.
«2017 жылдан бастап осы «Байқоңыр» отбасында ана-тәрбиешімін. Жеті бала, яғни төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп отырмын. Балаларым жылда наурыз мерекесін асыға күтеді. Жоғары белсенділікпен дайындалады. Бәрі ұлттық нақышта киініп, өз өнерлерін көрсетеді. Жалпы, отбасымыздағы балаларымыздың бәрі де «сегіз қырлы, біо сырлы» деп айтуға болады. Біз де өз тарапымыздан балалардың қарым-қабілетіне қарай бейімдеуге тырысып жатырмыз», – дейді аталмыш отбасының ана-тәрбиешісі Жұлдыз Айжарыққызы.
Қазір балалар ауылында 20 өзге ұлт өкілі мен 24 қазақ баласы тәлім алып жүр. Оның ішінде ата-анасынан ерте айырылған бүлдіршіндермен қатар, өмір бақи немесе уақытша ата-ана құқығынан айырылған отбасының балалары тұрып жатыр. Балалардың белгіленген кестеге сәйкес заң аясында жақын туыстарымен кездесіп тұруына да мүмкіндік қарастырылған.
Байқағанымыз, отбасы үлгісіндегі балалар үйінің ана-тәрбиешілері өмірдің сан соқпағына тап болып, осы мекеннен мейірімнің ұшқынын сезінген өрендердің ертеңіне әркез алаңдап жүреді. Әлбетте, ана мен әкенің орнын ешбір жан айырбастай алмайтыны анық. Десек те, шаттық ұясындағы балғындардың жүзінен өмірге деген сүйіспеншіліктің табын аңғардық.
Ең бастысы балалардың әз-Наурызға деген әзірлігі көз қуантады. Қазақы нақышта киініп, ұлттық ойындардың көрігін қыздырып, балалар ауылын думанға бөлеп жатыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы