Шаңырақты шаттыққа бөлеген

Шаңырақты шаттыққа бөлеген
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы көктемдегі ең асыл дүние – Наурыз мерекесі. Бұл күнді күллі түркі жұрты ғана емес, әр шаңырақ асыға күтеді. Себебі бабалар тарихынан бастау алған ұлы күн – жаңа жылдың нышаны. Жалпы, Наурыз мейрамының отбасы өміріндегі рөлі қандай? Дәстүрдің озығы мен тозығы бар ма?

Еліміз 1991 жылдан бері Наурыз мей­рамын тойлап келеді. 2009 жылдан наурыз­дың 21, 22, 23 күндері Наурыз мей­рамы деп жарияланды. Іле-шала ЮНЕСКО Нау­рыз мерекесін материалдық емес құн­дылықтар тізіміне енгізді. 2010 жылы БҰҰ бұл мейрамды ресми түрде 21 наурыз күніне белгілеп, Халықаралық Наурыз күні деп жария­лады. Ал 2024 жылы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­сымен елімізде Наурыз мейрамын он күн бойы тойлау дәстүрі бастау алды. Бүгінде Наурыз жалпыхалықтық мереке ғана емес, отбасылық құндылыққа да айналған. Бұл туралы 1918 жылы жарық көрген «Сары арқа» газетінде Міржақып Дулатұлы да жаз­ыпты. «Бұрынғы ата-бабаларымыз наурыз туғанда бастарын қосып, құшақтасып көрісіп, қуанысып, бірін-бірі наурыз көжеге шақырып жүріседі екен. Жастар біркелкі ойын ойнап, ат шаптырып, сауық-сайран қылады. Заман ауырлап өзгерген сайын халықтың көңілі де жабыңқы тартып, бұ­рын­ғыдай ойын-сауық азаюға айналды. Сондықтан наурызды жұрт тегіс майрам қылудан қалыңқырап бара жатыр еді. Соңғы жылдарда біздің қазақ-қырғыз һәм өзге түрік қауымдары да наурызды тірілтіп, бұрынғыдай мейрам қыла бастады», – деп жазған Алаш арысы.

Мереке тазалықтан басталады

Шынымен де, наурыз – әр отбасының асыға күтетін мерекесі, ықылым заманнан жаңару мен тазалық айы. Күн мен түн теңе­летін шақты әр отбасы қасиетті санап, мерекеге дайындықты ең бірінші тазалықтан бастаған. Ағаш егу, үй-жайды тазарту, бұлақ көзін ашу сияқты жұмыстар осы наурыз айында атқарылады. Бұл – жаңа жылға, жаңа күнге жаңарып, тазарып қадам басу дегенді білдірсе керек. Сонымен қатар Наурыз мерекесі қарсаңында ескі-құсқы зат­тарды лақтырып, отпен аластау рәсімі де өткізілетін болған. Бүгінде осы дәстүр жаңғыртылды. 14-23 наурыз аралығындағы «Наурызнама» онкүндігі аясында жер-жер­де тазалық жұмыстары атқарылып, көш­етт­ер егіліп, арық-атыздар қоқыстан тазартылады. Тіпті, Наурызнаманың бір күні арнайы Тазару күні болып бекітілген. 

– Наурыз мейрамы қазір жоғары дең­гейде атап өтіліп жүр. Он күн бойы қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық өнегесін жаңғыртып жатырмыз. Бірақ әлі де науқаншылықтан арылған жоқпыз. Тек қана осы мейрам күн­дері салтымызды көрсету керек сияқты. Ал қалған күндері жан-дүниемізбен қалап, салтымызды ұстанып жүрмейміз. Осы мә­се­ле мені қынжылтады. Мысалы, нау­рыз­да қазақтың дәстүрін көрсетеміз деп бесікке жасы үлкен балаларды бөлеп жүр. Енді біреулер киіз басудамыз деп дайын киіздерді умаждап отырады. Осы дүниенің барлығы неге шынайы емес? Тек мерекеде  емес, жыл бойы дәстүрлерімізді жандандыр­сақ болады ғой. «Ертең ұлттық киім керек еді?» деп тек наурызда қазақы киім іздейді, – дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы. 

Наурызда сыйлық сыйлауымыз керек

Наурызнаманың онкүндігі аясында ұлттық тағамдарымыз да, ұлттық киімдеріміз де қайта жаңғырды. Қыстың аязын артқа тастаған туыстар бір-бірімен мәре-сәре бол­ып қауышып, дастарқан басында жина­лады. Наурыз көже – мерекенің басты та­ға­мы. Оны дайындауға кемінде жеті түрлі ингредиент қосылады: су, ет, тұз, май, ұн не­месе күріш, тары, сүт немесе айран. Бұл – молшылық пен берекенің белгісі. Соны­мен қатар ет асылып, бауырсақ, құрт, ірімшік, жент секілді ұлттық тағамдар әзірленеді.

– Наурыз  –  Орталық Азия үшін ерекше мерекелердің бірі. Жаңа күн –жаңарудың белгісі. Бала күнімізден Наурыз десе жеті дәмнен құралған «Наурыз көже» ұғымы ең бірінші ойымызға келеді. Былтыр еліміз бойынша Наурызнаманың онкүндігі бекітілді. Мен Парламентте «Ұлттық киімге арнайы күн бекітейік. Қырғыз елінде, Бразилия, Жапонияда осындай атаулы күн бар» деп бастама көтердім. Кейін бұл күн наурызнамаға еніп, мерекені тойлауға жаңа реңк бергендей,– дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

Оның айтуынша,  жаңа жылда ғана емес, Наурыз мейрамында да сыйлық сыйлауды әдетке айналдыруымыз керек. Сыйлық – адамдарды жақындастырады. 

– Ұлыстың ұлы күні – әр отбасына жылулық сыйлайтын мереке. Көп жылы сөз айтып, жақсылық жасауымыз керек. Наурызда Самарқанның көк тасы еріпті деп айтамыз ғой, сол сияқты наурызда адамдар арасындағы өкпе-реніш те ұмыт болуы қажет. Бес күндік демалыста туған-туыстарымызбен бір-біріміздің үйімізден көже ішіп, әулеттің үлкендерінің ақ батасын аламыз. Соңғы кездері әулетіміздегі балалар арасында асық ату, арқан тарту сияқты ұлттық ойындардан жарыс өткізіп, киноға, театрға билет сыйлап жүрміз. Отбасы – шағын мемлекет. Жанұямызда әрқашан жылулық сақталса, Отанымызда да тыныш­тық пен береке болатыны сөзсіз, – дейді Мәжіліс депутаты. 

Бата – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастарқан басында, тек жақсылықтарда айтылады. Мұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген, ізгі ықылас-игілікке деген тілектестік жа­тады. Қазақта батаны көбіне келешегі алда жасөспірімдер сұрайды. Жақсылардың, көп жасағандардың, киелілердің, аузы дуа­лы­лардың батасын алуды жақсылыққа санап, ырымдайтындар ертеде осындай адамдарға алыста болса да арнайы жіберетін. Қазақта батаның түрі тым көп. Әр адам өз білгенін айтса болады. Бірі – «батыр бол» десе, бірі «бай бол», «ақылды бол», «ақ са­қал­ды, сары түсті шал бол», тағы бірі «бә­ле­ден сақта», – дейді. Ал Наурызда бері­летін бата  ерекше мәнге ие, өйткені ол жаңа жылдың басталуымен, жаңарумен және берекемен тікелей байланысты. 

– Наурыз – айдан аман, жылдан есен шыққанда тойланатын мереке. Әр отбасы жаңа жылды күткендей, наурызды күтіп, сый­лық алмасса да артық емес. Бауырлас елдерде де наурыз күні жастар үлкенге ізет көрсетіп, тапқан табысына сыйлық әпереді. Ал үлкендер жастарға батасын береді, – дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.

«Тілеу көже» ұмыт болған

Наурыз мейрамында халық береке мен молшылықтың нышаны ретінде «Тілеу көже» немесе «Жеті дәм» тарату дәстүрін ұстанады. Бұл – адамдардың бір-біріне ізгі тілек айтып, дастарқаннан дәм татқызу арқылы жақсылыққа ниет білдіруінің көрінісі. 

– Наурыз көжеге жеті түрлі дән салу керек деген қатып қалған қағида бар. Кез­інде бір ауыл бір қазан көжеге кебежесінің түбінде қалған дәндерін, соғымдарын әкеліп қосқан. Ауылдағы үйдің барлығы бірігіп, қыстың ызғарынан аман шығып, көктемнің шуғына жеткенін атап өткен. Ал қазір кезінде наурыз көже жасаған деп бар­лық үй базардан жеті түрлі дән әкеліп, молынан көже пісіреді. Бірақ ертесі күні сол көже ішілмей, қоқысқа төгіп жатқандар да бар. Бұл – ысырапшылдық. Бір ауылда бір үй ғана көже жасаған кездер болған. Жеті дәнді қосу шарт емес. Жеті дәнді жоқ­шылықтан әр үйден жинаған. Бұл – дәс­түріміздің тозығы. Әр отбасы өзіне шақтап, наурыз көже жасап ішсе болады, – дейді Бұлбұл Кәпқызы. 

«Тілеу көже» – Наурыз мейрамында ар­найы дайындалатын, жеті түрлі дәмнен тұратын қасиетті тағам. Бұл көжені әр үйде жасап, туған-туыстарға, көршілерге, мұқтаж жандарға тарату – халықтың кең пейілі мен қонақжайлығын көрсетеді. Бірақ қазір бұл дәстүр ұмыт болғандай. 

– Біз бұрынғы дүниелердің негізін жо­ғалтпауымыз керек. Бірақ дәстүрімізді жаңа заманға икемдеуіміз қажет. Іс-әрекет жасағанға ыңғайсыз шапан мен кимешек кимей-ақ заманауи үлгіде қазақы нақышта киінсек те жетеді. 

Өткенде бір апа кішкентай баланың тұсауын кессек, жеті атасының күнәсі кешіріледі екен деп айтып жатыр. Баланың тұсауын кескенде «сәби жүгіріп кетсін» деп қана ырымдаған. Тұсауы кесілмеген бала да жүреді. Бірақ ол сүріншек келеді, – дейді этнограф. 

Иә, қазақ халқының дәстүрлері ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, кейбірі заман талабына сай жаңғырып, ал кейбірі өзектілігін жоғалтып жатыр. Наурыз ме­рекесі де осындай өзгерістерді бастан кешіріп келеді. Көрісу күні, Наурыз көже жас­ау, бата беру, ұлттық ойындар ойнау сияқты салт-дәстүрлеріміз жаңа заманмен бірге қайта түлеп, өз қажеттілігін жойған жоқ. Ал уақыт талабына сай кейбір дәстүр­леріміз мәнін жоғалтқан. Атап айтсақ, бұр­ын халықта 21-22 наурыз түнінде үйге Қызыр баба келеді деген наным болған. Осы түнді ерекше қарсы алу, есік-терезені ашып қою салты, «Қызыр түні» сенімі бү­гін­де ұмыт қалған. 

Сонымен қатар ертеде Наурыз түні үй­лерде жеті майшам жағылып, жаңа жылға арналған тілек тілейтін болған. Қазір бұл дәстүр сирек кездеседі, тек этнографиялық қойылымдарда ғана көрсетіледі. Бұрын ескі ыдыстарды сындырып, жамандықты кетіру деген сенім болған. Қазіргі заманда экология мен тұрмыстық мәдениетке байланысты бұл дәстүр де маңызын жойды. Сосын қазақта «Наурыз күні түске дейін ұйықтаған адамның ырысы кемиді» деген сенім болған. Бүгінде бұл дәстүр де мәнін жоғалтты. 

Иә, дәстүрлер заман талабына сай өзгеріп отырады. Наурыз мерекесіндегі озық дәстүрлерді сақтап, жаңғырту – ұрпақ алдындағы міндет. Ал тозығы жеткен, қажетсіз болған дәстүрлер уақыт өте келе қолданыстан шыға береді.

Көктем ҚАРҚЫН