Оған Мәжіліс депутаттарымен бірге омбудсмендер, мәслихаттар мен саяси партиялардың төрағалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшелері мен БАҚ жетекшілері қатысты. Отырыста атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен пысықталып, реформаларға жоғары баға берілді. Мәжіліс депутаттары Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген қарар қабылдады.
ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРІП, ҰЛТЫМЫЗДЫ ҰЙЫСТЫРҒАН ЖОЛДАУ
Қазақстанда әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке негізделген әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқындалып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алған сәттен бергі жүзеге асырып келе жатқан саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі саналады. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов өз баяндамасында осыдан тура үш жыл бұрын, 2022 жылғы 16 наурызда, дәл осы залда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға тарихи Жолдауын жариялағанын атап өтті. Мәжіліс Спикері әлем үшін де, Қазақстан үшін де алмағайып, күрделі сынақтар кезеңінде Президент Жолдауының елдің еңсесін көтеріп, рухын оятқанына, ұлтымызды ұйыстырғанына назар аударды.
«Шын мәнінде, Жаңа, Әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес. Ол – халқымыздың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы. Ал реформалар – жай ғана заңды өзгерту емес, тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс-бітімін жаңарту, жаңғырту», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Спикері үш жыл бұрын елімізде басқару жүйесінің бұрынғы қағидаттары толықтай қайта қаралып, билік тармақтары арасында тиімді теңгерім орнатылғанын, мүлде жаңа мемлекеттік-саяси жүйе қалыптасқанын баса айтты.
Аралас сайлау жүйесі бойынша өткен Парламент сайлауы қоғамды оятты, халық жаңа көшбасшыларды іздеп, оларды белсенді түрде ұсына бастады. Ал әкімдерді сайлау электоралдық науқанды қалыпты, үйреншікті жағдайға айналдырып, азаматтарға шешім қабылдау үдерістеріне әсер етуге нақты тетіктер берді.
«Енді Президенттің жанында жаңартылған, қажетті өкілеттіктері бар және қоғамның сеніміне ие болған Парламент, Үкімет, Конституциялық Сот және саяси партиялар пайда болды. Әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп тұратын әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқындалып келеді. Осы сәттен бастап Әділетті Қазақстан жай ғана ұран емес, нақты мүмкіндікке айналуда», – деді Мәжіліс Cпикері.
Ерлан Қошанов Парламенттегі заң шығару процесі түбегейлі өзгеріске ұшырағанына тоқталды. Бұған дейін заң жобаларының басым бөлігі Үкімет тарапынан әзірленіп, ұсынылатын болса, қазір депутаттардың заң шығарушы рөлі айтарлықтай артты. Олар маңызды реформаларға өздері бастамашылық жасап, халықтың нақты сұранысына жауап беретін заңдарды қабылдауда.
Конституциялық Соттың құрылуы және омбудсмен институтының жұмысын күшейту сот төрелігі мен әділдікті қамтамасыз етуге жасалған үлкен қадам екені атап өтілді. Конституциялық Сот жаңа құқықтық құрылымда басты орынға ие болды. Қарапайым халықтың өтініштері негізгі оның субъектісіне айналды. Оған тоғыз мыңнан астам өтініш білдіріп үлгерген. Жаңа сот демократиялық бақылаудың және Мемлекет басшысының реформаларын қорғаудың маңызды бөлшегіне айналды. Президенттің адам құқықтарын, балалар құқықтарын қорғау, мүгедектігі бар адамдары және кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі уәкілдерге жан-жақты қолдау көрсетуі халықты құқықтық қорғауды жаңа сапалы деңгейге көтерді.
Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары Қазақстанды халықаралық қатынастар жүйесінде де жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
«Білікті де тәжірибелі дипломат саналатын Мемлекет басшысының басқаруымен Қазақстан жаһандық саяси процестердің маңызды қатысушысы болып отыр. Еліміз бірден бірнеше беделді халықаралық ұйымда лайықты төрағалық етіп, өзін әлемдік диалог орталығы ретінде көрсетті. Халықаралық сарапшылар Қазақстанды «өңірдегі адал келіссөз жүргізуші» деп атай бастады.
Қазақстанның үлкен жетістігі – бұл БҰҰ Бас Ассамблеясының Алматы қаласын Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты Даму Мақсаттары бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының өңірлік орталығы ретінде бекітуі. Бұл халықаралық аренадағы жауапты әрекетімен және уақыт талабына сындарлы көзқарасымен ерекшеленетін еліміздің орта держава ретіндегі рөлін бекемдей түседі. Еуропадағы аса беделді неміс ғылыми-талдау орталығы – «Ғылым және саясат қоры» (SWP) елімізді орта державалар тізіміне енгізіп, Қазақстанды өңірдегі негізгі ойыншы деп көрсеткенін атап өткен жөн.
Мұның бәрі – Мемлекет басшысының халықаралық аренадағы мақсатты күш-жігерінің маңызды нәтижесі», – деді Ерлан Қошанов.
ПАРЛАМЕНТТІҢ ЫҚПАЛЫ АРТТЫ
Ерлан Қошанов Парламентте заң шығару процесі түбегейлі өзгергенін айтты. Бұрын заң жобаларының басым бөлігі Үкімет тарапынан әзірленіп, Парламентке ұсынылатын болса, бүгінде маңызды реформалардың бастамашысы ретінде депутаттардың рөлі айтарлықтай артты. Олар халықтың нақты қажеттіліктері мен сұраныстарына жауап беретін заңдар қабылдап жатыр. Сонымен қатар үш жыл ішінде жүргізілген реформалар аясында әлеуметтік әділдік қағидаттарын жүзеге асыратын бірқатар маңызды заң қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында заңсыз алынған активтерді қайтару, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау туралы, «Ұлттық қор — балаларға» және басқа да заңдар бар.
«Осы жерде, соңғы жылдары қабылданған барлық заңға Президенттің «әділеттілік идеясы» арқау болғанын атап өткен жөн. Жердің астындағы және үстіндегі қазына-байлық халықтың меншігі деген норманы Конституцияға шегелеп жаздық. Қазір бұл принцип «Ұлттық қор – балаларға» заңы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жаңадан ашылған ірі кен орындарының 50 пайыздан көбі мемлекетке тиесілі болады. Жер мәселесі де депутаттардың үнемі назарында. Тікелей Президенттің пәрменімен, жұртшылықтың атсалысуымен заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заң қабылданды. Соның нәтижесінде екі триллион теңгеге жуық актив елге қайтарылды. Осының бәрі – Президент реформаларының жемісі», – деді Мәжіліс Төрағасы.
Спикер өз сөзінде депутаттық корпус қатыспаған бірде-бір қоғам саласы жоқ екеніне де назар аударды. «Бірлескен күш-жігердің арқасында депутаттар Мемлекет басшысы көтерген көптеген әлеуметтік маңызды мәселені шешуге қол жеткізіп жатыр. Айталық, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы, студенттердің стипендиясы өсуде. Дарынды балаларға, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысушыларға төлемдер заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілген. Ел тарихында алғаш рет жалпы денсаулық сақтау шығындары ішкі жалпы өнімнің 4 пайызына жетті. Дәрігерлерді ауылда жұмыс істеуге ынталандыру жүріп жатыр. Олар тоғыз миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алады. Онкоскринингтерді тегін медициналық көмекке қосу үлкен жетістік болды, ол үш жарым миллион адамды қамтиды. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады», – деді ол.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтайдың рөліне ерекше тоқталды. Ұлттық құрылтай форум ғана емес, ықпалды қоғамдық-саяси институтқа айналғанын атап өтті. Жуық арада ғана өткен Құрылтайдың кезекті отырысында Мемлекет басшысы бірқатар жаңа міндет қойды. Олардың ішінде салық реформасы, деструктивті діни ағымдармен күрес, сондай-ақ депутаттардың бастамасымен әзірленген шекаралық аймақтарды дамыту туралы заң жобасы бар. Мәжіліс Cпикері құрылтайда Мемлекет басшысы жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын белгілеп, барлық қазақстандықтарды оны іске асыруға белсенді атсалысуға шақырғанын атап өтті.
«Ұлттық құрылтайдың әр отырысында Мемлекет басшысы ел дамуының маңызды кезеңдерін қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындауды игі дәстүрге айналдырды. Президенттің көтеретін мәселелері – тек мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық жоспарлар ғана емес, әр азаматтың, әр отбасының өміріне тікелей әсер ететін нақты шаралар. Сондықтан да халық бұл жиынды ерекше ықыласпен күтетіні бекер емес. Осы жолы да Президент аса маңызды, өткір мәселелерге тоқталып, мақсат-міндеттерді айқындап берді. Мәселен, Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз күре жолын салуды тапсырды. Оған қоса, Арқалықтағы әуежай қалпына келтіріліп, жаңа аэровокзалдың құрылысы басталады. Жұртшылық бұл жаңалықтарды ерекше ықыласпен қабылдап жатқанын көріп отырмыз», – деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы депутаттарға жүктелген міндеттің аз емес екеніне тоқталды. Атап айтқанда, салық реформасы, деструктивті діни ағымдармен күрес, сондай-ақ депутаттардың бастамасымен әзірленген шекаралық аймақтарды дамыту туралы заң жобаларын қарау қажет. Ал бұл бағыттар елдің дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шешуші рөл атқарады.
«Біз мүлде жаңа, сәт сайын құбылып, өзгеріп жатқан тарихи дәуірде өмір сүріп отырмыз. Ал тарихта екінші мүмкіндік деген болмайды. Халық, ұлт ретінде соны түсінуіміз керек. Жарқын болашақ дегеніміз – тағдырдың жай ғана сыйы емес. Біздің адал еңбегіміздің, төккен теріміздің өтеуі болатынын жадымыздан шығармайық. Бұл жолда ұлт болып, жұрт болып жұмылып, бірге жұмыс істеуіміз керек», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Төрағасының баяндамасынан кейін бірқатар депутат пен шақырылған қонақтар елдегі реформалардың қазіргі жағдайына тоқталып, маңызды бастамалар мен реформалар іске асырылып жатқанын айтты.
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев елімізде ғылым саласына айрықша көңіл бөлініп отырғаны туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, 1946 жылы құрылған Ұлттық ғылым академиясы, яғни Кеңес Одағының қиын кезеңінде іргесі қаланған академияның тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев орасан жұмыс атқарған. Сол кезде ашылған кен орындары бүгінгі қазақ қазынасына 90 пайызын беріп тұр. Аталған кезеңде салынған электр стансалары әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде ғылым мен білімнің не екенін адамзатқа көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қасым-Жомарт Тоқаев құлаған академияны қайта тұрғызды.
– Академия кезінде «мемлекет ішіндегі мемлекет» болған. Енді ғылым академиясының бұрынғы әлеуетін қалпына келтіру керек. Яғни, академия жұмысының жаңа принципін орнатуымыз керек. Ол үшін қаржыландыру мен ғылыми институттар құру мәселесін толыққанды шешу маңызды, – деді А.Жұмаділдаев.
«ЕСЕСІ КЕТКЕН» ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ ТОЛДЫ
Үш жыл бұрын елімізді шарпып өткен қайғылы Қаңтардан кейін нақты әрі батыл қолға алынған тағы бір өзгерістің бірі – сайлау жүйесі. Бұл – тәуелсіз кандидаттардың Парламентке өтуіне мүмкіндік берді. Осылайша, Мәжілісте мажаритарлық мандатпен келген депутаттардың бір шоғыры пайда болды.
– Мен – 25 жылдық оппозициялық қоғамдық қызметтен кейін мемлекеттік биліктің бір өкілетті бұтағына сайлау арқылы келген адаммын. Бұл арадағы негізгі тірек тіркес – сайлау арқылы. Бұдан 20 жыл бұрын жойылған бірмандатты мажоритарлық сайлау және сайлану мүмкіндігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформаның арқасында қайтадан қалпына келгені даусыз. Біз бұл сайлау жүйесінің мүмкіндігін дамыта түсуіміз керек, – деді депутат Ермұрат Бапи.
Осы орайда Ермұрат Бапи «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы маңызды қадамдарды атап өтті.
– Президенттің «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру мақсатында жылыстатылған активтерді елге қайтару бастамасын бірінші кезекте айту керек. Бұл Мемлекет басшысының өз сайлаушыларына, яғни Қазақстан халқына берген президенттік уәдесі ғана емес, ең бастысы, перзенттік парызы деп түсіну керек. «Ескі жүйеде» есесі кеткен халықтың қазынасын толтырудың қамымен кейінгі екі жылдың ішінде 2 трлн теңгеге жуық актив қайтты деген ақпарат бар. Басқасын қайдам, сол 2 трлн-ның тең жартысын екі олигарх қана қайтарған екен. Ал Президенттің тілімен айтқанда, «ел қазынасының жартысын иеленіп алған олигархтан қайтарылуға тиіс активтер қайда? Елде баяу болса да, қадау-қадау жүзеге асып жатқан реформалар турасында айтқанда, Президенттің тікелей өкімімен құрылған Ұлттық құрылтайды да ауызға алмауға болмайды. Ел дамуының болашақ стратегиялық перспективасын анықтауға септігін тигізетін бұл құрылым қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы диалогтік алаңға айналғанын жуықта ғана өткен Бурабай құрылтайы тағы да дәлелдеді. Жергілікті әкімдердің сайланып қою жөніндегі Президенттің тағы бір реформалық бастамасын тілге тиек еткім келеді. Иә, бұл мемлекеттік басқару вертикалын демократияландыруға бастайтын батыл қадам болғаны даусыз, – деп сөзін түйіндеді Ермұрат Бапи.
Президент реформалары әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде де басым бағыттарды айқындап бергені белгілі. Мәселен, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы, студенттердің стипендиясы өсіп жатыр. Дарынды балаларға, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысушыларға төлемдер заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілді. Ел тарихында алғаш рет жалпы денсаулық сақтау шығындары ішкі жалпы өнімнің 4 пайызына жетті. Дәрігерлерді ауылда жұмыс істеуге ынталандыру жүріп жатыр. Өйткені Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұғалімдер – еліміздегі ең ірі кәсіби қауым.
– 500 мыңнан астам педагог – Қазақстанның болашағын қалыптастыратын жандар. Білім – бұл жарық. Егер мұғалімнің шамы сөніп қалса, барлық қоғам қараңғыда қалады. Сондықтан да Мемлекет басшысы реформаларын дәл осы ұстаздардан бастады. Мұғалімдердің орташа жалақысы небәрі 109 мың теңге болса, бүгінде ол екі еседен астам өсті. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бұрын мұғалім мамандығын түлектер амалсыздан, абыройлы мамандықтарға түсе алмағанда ғана таңдайтын. Ал қазір ол беделді мамандықтың қатарына кірді. Енді бұл мамандыққа ең мықты түлектер түсіп жатыр. Мысалы, педагогикаға түсетін талапкерлердің орташа балы 55-тен 100 балға дейін көтерілді. Педагог мәртебесін көтеру – Президенттің маңызды реформасы әрі балалардың жарқын болашағына деген айқын қадам.
Екінші – Президенттің «Жайлы мектеп» жобасы. Енді мектептің қай жерде орналасқаны маңызды емес – ауылда ма, қалада ма – барлық жерде бірдей, жоғары стандарттар: заманауи жабдықтар, қауіпсіз орта, ерекше балаларға қолжетімділік. Бұл бұрынғыдай тек облыс орталықтарында ашылатын 20-30 элиталық мектеп емес. Бұл – бүкіл ел бойынша, оның ішінде шалғай ауылдарда салынған 217 жаңа әрі жайлы мектеп. Имидждік объектілер емес, шын мәнінде елге қажет мектептер мен ауруханалар салынып жатыр. Өйткені әр жаңа мектеп жай ғана ғимарат емес. Әр мектеп – ол нағыз болашақтың фабрикасы.
Әрине, жасалған істер жетерлік, дегенмен әлі атқаратын ауқымды әрі түйткілді проблемалар да бар. Мысалы, МӘМС бойынша әлі шешілмеген сұрақ көп: МӘМС-пен қамтылмаған 3,5 млн азамат, сапалы медициналық көмекке қолжетімділік, реттелмеген тарифтер проблемалары. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы арнайы тоқталып, тиісті тапсырмалар берді, – деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, тағы бір үлкен сұрақ – жүздеген мың азаматтық қызметкер жалақысының төмендігі мен 500 мың мүгедектігі бар жанның бүгінгі нарық пен бағаларға сай келмейтін жәрдемақы мәселесін де болашақта шешу қажет.
– Президент Ұлттық құрылтайда «Адал азамат» пен ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Енді мұғалімдер мен барлық қоғам сапалы білім мен саналы тәрбие жұмыстарын одан әрі күшейтуі қажет. Атқарылған реформалардың барлығы – ел Президентінің жаңа, заманауи саясатының айқын көрінісі. Егер бұрын әлеуметтік саясат салдармен күресуге бағытталған болса, қазір проблемалардың алдын алуға басымдық берілуде.
Бұрын әлеуметтік саясат құлағандарға сүйеу болса, қазір ол адамдарымызды құлатпауға бағытталған, – деді ол.
ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМ – ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ
Ал мемлекет жүйесіндегі ауқымды реформалардың тағы бірі – мүгедектігі бар жандардың қоғамдағы интеграциясы. Президенттің батыл қадамы арқылы Конституцияда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың Мәжіліс пен мәслихаттардағы орны арнайы квотамен шегеленді. Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіковтің айтуынша, бұрын әкімдікке, жергілікті органдарға мүгедектігі бар бір азамат қызметке барса, қуанатын едік, ал Парламент мінберінде мүгедектігі бар азаматты көру үлкен арман болатын.
– Бұл өте ауқымды әрі дер кезіндегі проактивті шешім болды. Осының арқасында Мәжілісте 6 саяси партиядан менімен тағдырлас 6 мүгедектігі бар азамат депутат болып сайланды. Кейінгі 30 жылдық тарихымызда мұндай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Жалпы, елімізде 737 мың мүгедек жан болса, оның 38%-ы ауылдық жерде тұрады. «Ауыл» партиясы бұл азаматтарға ерекше назар аударып отыр. Еліміздегі әр азаматтың мүддесі өте маңызды. Осыны ескере отырып, депутаттардың бастамасымен Мәжіліс жанынан инклюзивті топ құрылды. Инклюзивті топтың негізгі бағыты – мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау жолындағы тиісті нормаларды, заңнамаларды жетілдіру. Бұрын әкімдікке, жергілікті органдарға мүгедектігі бар бір азамат қызметке барса, қуанатын едік, ал Парламент мінберінде мүгедектігі бар азаматты көру үлкен арман болатын. Бұл арманның жүзеге асуын қамтамасыз еткен – осы реформалардың нәтижесі. Инклюзивті Парламент тобының бастамасымен мүгедектігі бар азаматтардың білім мәселесі, спорт мәселесі, жоғары білім алуы, ғылыммен айналысуы қамтылған тиісті нормалар ұсынылды. Арнайы бейімделген көлік шығару бойынша келіссөз жүргізіліп, тиісті бағыттар көрсетілді. Қазір әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға «Наурыз» бағдарламасы енгізіліп, мүгедектігі бар жандардың жеңілдікпен үй алуына болады. Дегенмен біз сияқты жандарға бұл пайыздың өзі – үлкен ауыртпашылық. Бұл мәселені қайта қарауды, яғни мүгедектігі бар жандарға пайыздық мөлшерлемені едәуір түсіруді сұраймыз, – деді ол.
Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы адам құқықтарының қорғалуы, әділеттілік пен теңдік қағидаттарының сақталуымен тығыз байланысты. Қазақстан әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүйелі реформалар жүргізіп келеді. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова 2024 жыл – еліміз үшін әйел құқықтарын қорғау бағытында маңызды өзгерістер әкелген тарихи жыл болғанын айтты. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси шешімдері және тиімді реформаларының аясында әйелдердің экономикалық, саяси және әлеуметтік мүмкіндіктері жыл санап кеңеюде. БҰҰ Даму Бағдарламасының Гендерлік әлеуметтік нормалар индексіне сәйкес, еліміз 18 позицияға көтеріліп, әйелдердің білім, саясат және экономикалық қатысудағы гендерлік алшақтықты азайтуда әлемдік аренада өз орнын нықтай түскен.
– Әйелдердің саяси өмірге белсенді араласуы – жүргізілген реформалардың нақты нәтижесі. 2021 жылдан бастап енгізілген тікелей әкім сайлауы әйелдердің жергілікті деңгейде сайлану мүмкіндігін арттырды. Бүгінде 2 400 әкімнің 205-і – әйелдер. Бұл көрсеткіш әйелдердің билікке араласуына жол ашқан маңызды қадам. Сонымен қатар меритократия қағидаты негізінде университеттерді басқаруға әйел-ректорлардың келуі – батыл қадамдардың бірі. Бүгінде университет ректорларының 25%-ын әйелдер құрайды.
Президент реформаларының тағы бір басым бағыты – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау туралы бастамалары. Президент қызметіне кіріскеннен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне байланысты жүйелі шаралар қабылдап келеді. 2021 жылдан бастап 2024 жылдар аралығында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай жиындарында Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың өткірлігі туралы айтылды. Осыған байланысты, Президенттің тапсырмасымен Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі бөлімшелердің штатын қалпына келтіру міндеттелді. Сондай-ақ жыныстық қылмыстарды тергеу үшін арнайы әйел-тергеушілер институты құрылды, – деді Ж.Сүлейменова.
Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы қатаңдатылған, агресорлармен жүйелі әлеуметтік, оңалту және тәрбиелік жұмыстар жүргізу, отбасылық қолдау орталықтарын құру, тәрбие, білім беру және мәдениет салаларын кешенді қамтитын заңдар қабылданды.
– 2024 жылғы 15 сәуірде Мемлекет басшысы «Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Осы реформалардың нәтижесінде елімізде әйелдер туралы ескірген түсініктер мен ғасырлар бойы қалыптасқан стереотиптер өзгеруде. Бүгінде елімізде әйелдердің саясатқа, экономикаға және білім саласына белсенді қатысуы қалыпты құбылысқа айналуда. Бұл – Мемлекет басшысының кешенді, жүйелі реформаларының нақты нәтижесі деп нық сеніммен айта аламыз, – деді ол.
ӘЛІ ДЕ ШЕШІЛЕТІН МӘСЕЛЕЛЕР БАР
Қазір қоғамымызда, халықтың құқықтық санасында заң мен тәртіпті орнықтыру, заң үстемдігін дәріптеу және заңға бағынуды мемлекеттік және азаматтық міндет деп қарауымыз әлі де өзекті. Депутат Бақытжан Базарбектің ойынша, құқықтық сана, заң мен тәртіп орнықтыру, заң үстемдігін дәріптеу және заңға бағыну мәселесінде қордаланған және әлі де болса да шешімін таппай жүрген мәселелер жеткілікті.
– Біріншіден, сот реформасы мен соттардың шешімдері. Біз соттарды реформалау туралы заңды қабылдап, Жоғарғы соттан дербес азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттарды құрдық. Сот төрелігіне азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін кассацияны және әкімшілік істер бойынша сот өндірісінің экстерриториалдығын енгіздік. Сөз жоқ, бұл – үлкен жетістік.
Бірақ соттардың заңды күшіне енген шешімдері орындалмай келеді. Себебі барлықтарыңызға белгілі. Ол үшін әлі де заңнаманы жетілдіруіміз қажет, кем тұстарын қоғамның бүгінгі құқықтық сұраныстарына сай өзгерту маңызды. Екіншіден, халықпен кешенді түрде жүргізіліп жатқан құқықтық реформаның жоқтығы, құқықтық нигилизм мен адамдардың сана сезімінде заңды айналып өту, заңға бағынбау, заңның жетілмеген тұстары мен кемшілігін өз жеке пайдасына бейімдеу сияқты іс-әрекеттер жиілеп кетті. Кез келген салада үзілді кесілді заңның үстемдігі орнады деу қиын. Бұл ұзақ уақыт бойы заңдарды лоббистік жолмен олигархтардың мүддесі үшін әзірлеп қабылдағанының салдары. Құрылыстағы лобби, банктік топтар лоббиі, мұнай-газ саласындағы лобби сияқты дүниелер әзірдің өзінде де бар, – деді Б.Базарбек.
Сондай-ақ Бақытжан Базарбек, сот – әділдіктің, ақиқаттың, ең бастысы, адамның құқықтарын жан-жақты қорғайтын институтқа айналуға тиіс екендігіне және әзірше бұл толығымен іске аспай отырғанына тоқталды.
Ал Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан үш жыл бұрын қолға алынған түбегейлі саяси реформалар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден басталды.
– Бұл Конституцияға өміршең серпін беріп, либерал-демократиялық құндылықтардың елімізге дендеп енуіне, дамудың жаңа белесіне көтерілуге негіз болды. Соның ішінде айрықша, шоқтығы биік өзгерістің бірі – Конституциялық Соттың жаңадан құрылуы дер едім. Өйткені бұл – заң мен тәртіптің, адам құқығының сақталуына серпін беретін бірден-бір пәрменді тетік. Енді осынау Конституциялық Сот Әділетті Қазақстан құрып жатқан құқық жүйесіне не берді? Осыған тоқталып өтейін. Біріншіден, Конституцияның үстемдігін толыққанды қамтамасыз етуде билік тармақтарындағы тежемелілік пен тепе-теңдік жүйесін, мемлекеттік биліктің тұрақтылығын сақтауға жол ашылды. Демократиялық жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолында маңызды қадамдар жасала бастады. Президент пен Парламент сайлауын өткізудің дұрыстығын, тіпті референдумның барысын бақылайтын толыққанды институтқа айналды. Екіншіден, адам құқығын қорғаудың конституциялық механизмін кеңейтті. Бұрын Конституциялық Кеңеске Президент, Премьер-Министр, Парламент палаталарының спикері, депутаттар санының бестен бірі және судьялар ғана жүгіне алатын. Қазір бұл аталғандардан басқа еліміздің Бас прокуроры, адам құқығы жөніндегі Уәкіл, сонымен қоса барлық азамат жүгініп, өз мәселесін шешуге мүмкіндік алды. Үшіншіден, қолданыстағы заңдардың және олардың жекелеген нормасын Конституцияға сәйкестігін тексеру құзыреті қарқынды жұмыс істеуде. Конституциялық Сот құрылғалы 9000 мыңнан астам азамат жүгініп, оның 8 пайызға жуығы конституциялық өндірістен өтіп, өз шешімін тапты. Сөйтіп, бұрынғыға қарағанда конституциялық құқықтық мониторинг ауқымы кеңейіп, нормативтік-құқықтық актілердің Ата Заңға сәйкестігін тексеру нәтижесі заң шығару үдерісінің сапасын арттыруға, заңнаманың жетілдірілуіне негіз болуда, – деді ол. Депутаттың айтуынша, бүгінде қабылданып жатқан әрбір шешім – ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Біздің басты міндетіміз – осы реформаларды тиімді жүзеге асырып, олардың халық өмірінде нақты нәтижесін көру.
– Мен заң саласында, оның ішінде Конституциялық Кеңесте қызмет атқарған азамат ретінде Ата Заңымызға енгізілген өзгерістердің өте ауқымды әрі тиімді екенін нақты айта аламын, – деді Ү.Шапақ.
Жалпы отырыста сөз алған депутат Ринат Зайытов аймақтағы депутаттармен бірге атқарушы биліктің де қатары жаңарып, күшейе түскенін, бірқатар проблема ашық түрде талқыланып жатқанына баса назар аударды.
– Халықтың үні, тағдыры мен болашағы, өмірі мен өзегі, ол – Парламент. Қазір Мәжіліс пен мәслихаттардың қарым-қатынасы қоюлап, елдің ортасында жүрген әріптестерімізбен ұдайы хат-хабар алысып отырмыз. Бұл байланыстың нығаюына «AMANAT» партиясы өткізіп келе жатқан Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы тікелей әсер етті. Аймақтағы депутаттармен бірге атқарушы биліктің де қатары жаңарып, күшейе түсті. Әрине, мемлекттегі оң өзгерістің барлығының негізінде Президенттің ойлы саясаты мен батыл бастамалары тұр. Уығы мықты үйдің ғана шаңырағы шайқалмайтыны баршамызға аян, – деді Ринат Заитов,
Сондай-ақ Ринат Зайытов жеткен жетістіктерге ғана емес, 30 жылда кеткен кемістіктер туралы да айтты.
– Біз оған бүгін назар аудармасақ, ол ертеңімізге апат болып келуі әбден мүмкін. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамы өте үлкен жылдамдықпен рухани дағдарысқа ұшырап барады. Күн сайын еліміздің әр түкпірінде бір отбасы бұзылып, бір оқушы зәбір көріп, бір адам кісі қолынан қаза тауып, біреу пара алып, біреу өзіне қол жұмсап, біреу алаяққа жем болып жатады. Мұндай мысалдар таусылмайды. Бүгінгі қазақ қоғамы туғанға тасбауыр, жақынға жау, досына дұшпан болып кетті.
Қоғамның қатыгез бола бастауына не себеп болды десеңіздер, бірден жауап беру қиын. Өйткені оның себебі біреу емес. Тұрмыстағы таршылық, тәрбиенің жоқтығы, жеткіншектерге үлгі болатын тұлғалардың құбыжыққа айналуы, материалды байлықтың бірінші орынға шығуы, әлеуметтік желідегі белгілі тұлғалардан бастап әртүрлі дін мен ұлт өкілдерінің өзара ашық соғысы, т.с.с. осының бәрі адамның рухани тозып, қатыгез болуына әкеліп соғып жатыр. Өзімшілдік пен менмендік қоғамның басты індеті болып тұр. Бүгін ойланбасақ, ертең кеш болмақ. Сондықтан кешіктірмей идеологиялық тәрбие жұмысын күшейтуді бастау керек.
«Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, Қазақстандағы мультфильмнен киноға, балабақшадағы тақпақтан романдарға дейін адамдардың бойындағы мейірім мен бауырмалдықты, мемлекетшілдік пен әділдікті насихаттауы керек. Сонда ғана біз Қазақ мемлекетінің байрағын құлатпай, мәртебесін асқақтататын ұрпақ өсіре аламыз. Қазақ мемлекетінің материалдық емес құндылықтарын қайта түгендеп, оны жастардың санасына сіңіру – біздің міндетіміз! – деді ол.
ХАЛЫҚТЫҢ САЯСИ ТЫНЫСЫ АШЫЛДЫ
Ал депутат Ерлан Саировтың айтуынша, Қазақстан бүгінде тектоникалық саяси өзгерістер кезеңін өткеруде. Сондықтан бүгінгі саяси процестерді сараптау үшін кешегі тарихқа көз жүгірту аса маңызды.
– 1990-жылдардың басында елімізде нақты плюрализм мен демократияға бағытталған іс-қадамдар болды. Парламент пен атқарушы билік арасында тепе-теңдік болып, конституциялық құрылысты бақылап отыратын институттар жүйелі жұмыс атқарды.
1995 жылғы Конституция экономикалық реформалар мен әлеуметтік тұрақтылықты жеделдеткенімен, саяси жүйеміз жекелеген топтар мен кейбір тұлғалардың мүддесіне жұмыс істеп кетті. Сөйтіп, билік толықтай сол кездегі Президенттің қолында шоғырланып, Парламент формальды рөл атқарды. Нәтижесінде, қоғамдық процестер бір бағытта ғана жүріп, азаматтар мен билік арасында байланыс үзілді.
2010 жылдан бастап Қазақстанда қоғамдық-саяси дағдарыс ашық түрде өршіді. Мәселен, жер реформасына қарсылық және халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне наразылық ретінде кейбір әлеуметтік топтардың бас көтеруі болды.
2019 жылы осындай күрделі кезеңде билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Президент билікке келісімен «Қазақстанда саяси реформалар жасамай, еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес» деп мәлімдеді. Тоқаевтың Жарлығымен Саяси реформаларды жоспарлау үшін арнайы Ұлттық Кеңес құрылды. Ұлттық Кеңес елдегі ушығып тұрған саяси процесті эволюциялық жолмен шешуді көздеп, Президент өкілеттілігін Парламентке беру, оппозиция рөлін арттыру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мәселелерін қарастырды, – деді Е.Саиров.
Оның пікірінше, саяси реформалар нәтижесінде халықтың саяси тынысы ашылды. Елімізде плюрализм дәрежесі артты. Осы орайда әлеуметтік желі арқылы Қазақстан дүниежүзілік саяси процестің бір бөлігіне айналды. Жаһандық деңгейде қоғам мен истеблишменттің арасындағы қарым-қатынас күрделену үстінде.
– Басты мәселе – елімізде қалыптасқан «жеке басқа табынушылық» процесін жойып, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа тұрпатты, халықтың қоғамдық мүддесіне сәйкес келетін саяси жүйе қалыптастыру. Бұл реформаларға ескі жүйе дәуірінде Қазақстанның саяси сферасына, экономикалық жүйесіне дендеп кіріп алған олигархиялық, бюрократиялық топтар қарсы болды. Осы реваншисттер 2019 жылдан бастап Президент Тоқаевтың реформаторлық курсына жүйелі түрде қарсылық білдірді. Бұл әрекеттері Қаңтар оқиғасындағы ауыр жағдайларға алып келді.
Қаңтар кезеңінде Президент Тоқаев Қазақстан мемлекетін ауыр алапаттан құтқарып қалды! Қаңтар оқиғалары саяси реформаларға жаңа пәрмен берді. Осы жерде баса айтатын мәселе, жоғарыда айтылғандай, саяси реформалар 2019 жылы басталған!
Еуропа, Америка елдерінде азаматтардың «үнемі наразылығы» нормаға айналып келеді. Бұл тенденция бізге де келетіні анық. Тіпті, оның ұшқындарын біз қазір де сезінудеміз. Сондықтан Қазақстандағы саяси реформация перманентті процесс болуы қажет.
Тағы бір мәселе. Дүниежүзі турбулентті заманға енді. Қазақстанның географиялық жағдайы өте күрделі. География ол – тағдыр. Сондықтан жағрафиялық жағдайымыз күрделі мемлекет ретінде, бізге Тәуелсіздік, территориялық тұтастықты сақтау ең басты мәселе. Осы ретте саяси реформалар, плюрализм принциптері мемлекетшілдік, отаншылдық қағидаттарымен ұштасып жатуы қажет.
Халықта мемлекетшілік болуы үшін, елде әділеттілік болуы керек. Сондықтан әлеуметтік мемлекет құруға бағыт алынды! Оның басты дәлелі – еліміздің қазба-байлықтарына мемлекеттің иелігін артырып, несие алушыдардың құқын қорғау, Ұлттық Қор – балаларға тәрізді заңдар. Бұл қадамдар азаматтар мен мемлекеттің бірлігін арттыратын фактор. Тоқаев реформаларының басты логикасы осында! – деді ол.
Президент реформаларының үш жылдық кезеңінде әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттары ел дамуының жаңа моделін қалыптастырды. Байыпты бағдар мен нақты мақсат үдесінен шығуда Мәжіліс Мемлекет басшысының түбегейлі реформаларын және барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштердің Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуын, Әділетті Қазақстан құру жолында жұдырықтай жұмылуын ұдайы қолдайтын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты тарихи Жолдауының үш жылдығына арналған отырыста барлық депутаттар мен қонақтар сөз сөйлеген соң Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға шақырып, Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген қарар қабылдауды ұсынды. Палата Төрағасының ұсынысын қолдаған депутаттар қарарды бірауыздан қабылдады. Қарарда Қазақстан адал еңбек табысқа жетелейтін, заң тұлғалар мен мәртебеден жоғары тұратын, ал болашағы халықпен бірге құрылатын мемлекет ретінде таныстырылды. Ал Мәжіліс Президенттің бағытына қолдау білдіріп, Әділетті Қазақстан құру үшін барлық азаматтарды бірігуге шақыратыны айтылған.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Дайындағандар
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ,
Нұрлан ҚОСАЙ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің
ҚАРАРЫ
Қазақстан үш жыл бұрын жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолын таңдады. Президент көпшіліктің өзгерістерге деген сұранысын іске асыра отырып, мемлекетті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасына бастамашылық етті.
Бүгін біз сол трансформацияны қорытындылап отырмыз: мемлекет күштірек, халық белсендірек бола түсті. Қоғам өмірінің барлық саласы мен саяси мәдениет түбірімен өзгерді.
Президенттің байыпты бағдары арқасында реформалар мызғымас сипатқа ие болып, әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттары ел дамуының жаңа моделін қалыптастырды.
Жаңа саяси философия
Президент елді басқарудың қоғаммен келісімге бағытталған жаңа моделін негіздеп берді:
Халық үніне құлақ асатын мемлекет – өз шешімдерін айтып қана қоймай, қоғамның сұраныстарына негіздеп, халыққа құлақ асатын билік.
Әділеттілік – заң барлығына бірдей және мүмкіндіктер баршаға қолжетімді болатын жағдай.
Күшті институттар – «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша билік тармақтары арасындағы оңтайлы теңгерім.
Құқық үстемдігі – тұрақты даму кепілі
Конституция – біздің ортақ келісіміміз және оның принциптері мызғымайды:
Халықпен бірге шешім қабылдау – мемлекет үшін стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға әрбір азамат қатыса алады.
Саяси бәсекелестік – көппартиялы болуының және аралас сайлау жүйесінің арқасында Парламент халық үніне айналады.
Конституциялық Сот – азаматтардың құқықтарын қорғаудың және институттардың тұрақтылығының кепілі.
Күшті институттар – тұрақты реформалар негізі
Елдің дамуы – тең диалог, өзара жауапкершілік және шешімдерді бірлесіп іздеу негізінде мемлекет пен қоғамның ортақ миссиясы.
Президент реформалар мен жаңғыртудың кепілі бола отырып, ел дамуының стратегиялық бағытын белгілейді.
Үкімет қоғамның қажеттіліктеріне назар аудара отырып, экономикалық, әлеуметтік реформаларды әзірлейді және жүзеге асырады.
Парламент заңдарды қабылдап қана қоймай, сонымен қатар мүдделер теңгерімін қамтамасыз ете отырып, бастамаларды қоғамдық талқылау алаңы ретінде қызмет етеді.
Азаматтық қоғам биліктің барлық тармағымен өзара іс-әрекет ету және қоғамдық бақылауды күшейту арқылы шешімдер қабылдау процесінің белсенді қатысушысына айналады.
Азаматтық өзара іс-әрекет принциптері
Ашықтық – өз халқы үшін ашық мемлекет.
Есеп беру – мемлекеттік саясатты іске асыру үшін халық алдында жауап беретін билік.
Шоғырландыру – барлық негізгі шешімдер ортақ пікір негізінде және қоғамдық мүдделердің кең ауқымын ескере отырып қабылданатын ел.
Әділетті болашақ жолындағы бірлік
Қазақстан – адал еңбек табысқа жетелейтін, заң тұлғалар мен мәртебеден жоғары тұратын, ал болашағы халықпен бірге құрылатын ел.
Мәжіліс Президенттің бағытына қолдау білдіріп, басты мақсатымыз – Әділетті Қазақстан құру үшін барлық азаматтарды бірігуге шақырады.