Көктемгі жаңару кезеңінде гүлдеп, жасыл желекке оранған ботаникалық бақ саяхатшыларға ерекше әсер қалдырды.
Студенттер ботаникалық бақта ағаш отырғызу дәрісін өткізді
377
оқылды

Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің студенттері мен оқытушылары оқу орнына қарасты ботаникалық баққа танымдық саяхат жасап, ағаш отырғызып қайтты. 

Бұл іс-шара  Наурызнама онкүндігі аясындағы 19 наурыз – Жаңару күніне орай ұйымдастырылды. Көктемгі жаңару кезеңінде гүлдеп, жасыл желекке оранған ботаникалық бақ саяхатшыларға  ерекше әсер қалдырды. Шара аясында Жаратылыстану ғылымдары факультеті Биология кафедрасының оқытушылары студенттерге ашық дәріс өткізіп, табиғат аясында практикалық білім берді.

PhD, қауымдастырылған профессор Нұрдана Салыбекова студенттерді ботаникалық бақпен таныстырып, оның құрылу тарихы мен атқаратын қызметі туралы баяндады. Ал ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Рустембек Дайрабаев ағаш отырғызу әдістерін түсіндіріп, өз қолымен көшет отырғызды. 

Көктемде ағаш отырғызу – табиғатты қорғау мен көгалдандырудың маңызды бөлігі. Студенттер мен оқытушылар Рустембек Дайрабаев ұйымдастырған көшет отырғызу процесіне белсене қатысты. Рустембек Дайрабаев әдетте қалаға ағаш отырғызатын мамандар арықтың дәл ортасынан жер қазып, ағашты сол жерге орналастырып, үлкен қателік жасап жүргенін айтты. Көшетті арықтан 40 см қашықтықта отырғызу судың жақсы келуіне әсер ететінін түсіндірді. 

Көшеттерді отырғызар алдында  тамыры тексеріліп, суға шыланды. Одан кейінгі топырақты өңдеу кезеңінде алдын ала қазылып, тыңайтқыштар қосылды. Көңмен араластырылған бірнеше күрек топырақ көшет отырғызбас бұрын қазылған жерге салынып, көшет отырғызу кезінде тамырлар табиғи күйінде орналастырылып, топырақпен жабылды. Рустембек Дайрабаев ағаштың көтерілуі үшін суару және күтімнің маңызды екенін айтты. Алғашқы суару жұмыстары жүргізіліп, көшеттерді қорғау шаралары туралы да айтылды. Алғаш отырғызған ағаштың түбіне су құю оның топыраққа тез бекуіне әсер етеді. Алайда дымқыл топырақтың бетіне бірнеше қабат құрғақ топырақпен жабу керек. Бұл ыстық күнде топырақтың қатып қалуынан сақтайды. 

Айта кетейік, ботаникалық бақ студенттердің тәжірибелік алмасуына, ғылыми зерттеулер жүргізуге және қоршаған ортаны жақсартуға көмектесуді көздейді. Танымдық саяхат пен ашық дәріс барысында ботаникалық бақтың қызметкерлері де студенттерге пайдалы ақпарат беріп, көшет отырғызу процесіне белсене араласты. Университет студенттері мен оқытушылары бұл игі бастаманы қолдап, экологиялық тепе-теңдікті сақтау жолында үлес қосты. Екі сағатқа созылған танымдық саяхат тек ғылым жолындағы ізденіске емес, өмірлік жағдаяттарда шешім табуға көмектесетін білімге толы болды. Көктем мезгілінің басталуымен алдағы уақытта да оқу-тәжірибелік шаралар жалғасын табады.

Университет жанындағы ботаникалық бақтың мақсаты – Түркістан облысының субаридты аймағында декоративті және жеміс-жидек өсімдіктерінің түрлерін зерттеу, сондай-ақ биология, экология және география мамандықтары үшін оқу-өндірістік базаны қамтамасыз ету. Қазір мұнда декоративті өсімдіктер мен жеміс-жидектің 150-ден астам түрі бар. Аймақтың қатаң климаттық жағдайларына қарамастан, бақ мамандары өсімдіктерді бейімдеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Назгүл Назарбек, 

Түркістан облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM   арнасынан табасыз.